Жұма, 27 желтоқсан, 16:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Балаларыма «Бес ғасыр жырлайдыны» жаттаттым»

25.10.2024

306 0

Ас әзірлеп жатып, дәмін әуелі өзі татып көретін аспаз тәрізді кітапханашылар да оқырманға ұсынар кітапты алдымен өзі оқып, ой елегінен өткізіп барып ұсынады. Кейде күніге пәлен кітап оқыған деп рекорд айтып жататын желідегі жұрт сияқты емес, олар мақтануды білмейді. Әйтпесе, саналы ғұмырының қырық жылын кітапхана жұмысына арнаса да, қанша кітап оқығанын білмейтін мамандар бар. Бәлкім, мыңнан аса кітап оқып, көңілге тоқып қойған шығар, бірақ олар оны санамайды да. Өзгелерге өзі ғана емес, отбасы да үлгі болу керек деп ұққан Айнұр Раманқұловамен төл мерекесі қарсаңында сұхбаттасудың сәті түскен еді…

– Айнұр Есенжолқызы, «Компьютер меңгергендерді кітап оқығандар басқарады» деген сөз бұрыннан айтылады ғой. Қазір қай бағытта келе жатырмыз?
– Кітап оқығандар бәрібір бір саты жоғары тұрады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек» деп, бұл мәселені мемлекеттік деңгейде көтерді. Осы бағытта бірнеше жобалар қолға алынды. Әрбір көркем әдебиетті жастарға насихаттап, оларды оқуға шақыруда тынымсыз еңбек етіп келеміз. Жаңа әдебиеттерді көрмеге қойып, «Оқуға құштар колледж» бастамасымен жоспарлы әрекет етудеміз.
– «Қазіргі жастар кітап оқымайды» деген пікірге көзқарасыңыз қалай? Әрине, сырттан тон пішкеннен, осы саланың ыстық-суығына шыдап жүрген өзіңіздің пікіріңізді білсек…
– Бірінші және екінші курс студенттері оқырмандар залына көп келеді. Бірде солардың ішінен біреуіне кітапты ұсындым да, дауыстап оқуын өтіндім. Әдепкіде дауысы дірілдеп, жасқана оқыды. Кезек келесі балаға келгенде ол сәл ашылды. Осылай жалғаса берді. Мұнан соң балалар «мен оқиыншы» деп өздері сұрайтын болды. Бір күні артқы партада отырған бір бала «Апай, мен «Өгей баланы» оқыдым. Түсінік айтып берейінші», – деді. Қарсы болмадым. Әдепкіде балалардан оқыған нәрсесін тоқтатып қойып, түсінік сұрағанда күмілжіп қалатын. Кейін олар да осылай өздерін қалыптастырып алды. Өзімнің ең алғашқы оқыған кітабым шетел әдебиеті еді. Неге екені белгісіз, кейін мүлдем шетел әдебиетін оқымай кеттім. Студент Джеймс Гринфудтің «Өгей бала» туындысын айтып бергенінен кейін мен шетел әдебиетіне қызыға бастадым. Осылай бір-бірімізді үйретеміз. Ал мұнан соң жастарды кітап оқымайды деп айтып көріңіз.
– Демек, оқырмандарды кітап оқуға қызықтыратын ерекше әдістеріңіз болып тұр ғой…
– Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасы» адамды өзіне қызықтырып, сол әлемге ертіп әкетеді ғой. Аяқкиімін ұзақ кию үшін мектепке барғанда ғана киіп барып, қалған уақытта жалаңаяқ жүретін жері бар. Табанға кірген тікенді де елемейді. Мұндай оқиғалары оқырманды елжіретіп жібереді. Өзім де оқып отырып, жанарымнан бірнеше тамшы сырғанатқаным бар. Кітаптың қызық тұсынан үзінді айтып беремін де, қызық жерінен бітіп қалатын сериалдар тәрізді тоқтатып қойып, қалғанын өздерің оқып алыңдар деймін. От жағу қиын кез. Айша баланы көрші үйден шелекпен шоқ әкелуге жұмсайды. Ысқырып тұрған боран-дауыл. Ол кездің көршілері біз тәрізді қабырғалас емес. Ал бала сол ауыздығымен алысқан асау аттай ауа райына төтеп беріп, шелекпен шоқ әкелу керек. Шелекпен шоқ алып, үйді айналып шыға бергені сол еді, ұйытқыған жел шелекті қолынан жұлып әкетеді. Осы оқиғаны айтамын да, студенттерге қарап: «Әрі қарай не болғанын өздерің оқыңдар» деймін. «Апай, айтыңызшы», – деп, оқиғаның әсерінен шыға алмай кітап оқиды. Ертесіне бірге талқылаймыз. Менің бұл әдісім оң әсерін берді. Оқырмандарым тіпті кітаптағы оқиғаға жан-тәнімен беріліп, оны көз алдына елестетіп оқитын болды.
– Оқырмандарға құрақ ұшып қызмет жасайды екенсіз. Отбасында балаларыңыз да кітапқа жақын болар…
– Балаларға «Бес ғасыр жырлайдыны» жаттатым. Ұлтымыздың небір қаймақтарының шығармаларын біліп жүргені жақсы. Ол кітаптан әрі қарай өздерінің талғамы бойынша оқытамын. Адамда талғам, қызығушылық деген болуы керек. Қазір балалар кітапты өз беттерімен оқиды. Ал кітап оқыған баланың айналаға көзқарасы, таным-түсінігі басқаша болады.
– Сұхбатыңызға рахмет.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: