Таяуда Бірқазан елді мекеніндегі №145 орта мектептің директоры Қарлығаш Тулеуовамен әңгімелесудің сәті түсті. Алақандай білім ошағынан биыл 8 оқушы қанат қағып, алыс армандарға аттанады. Соның біреуі «Алтын белгіге» үміткер болса, екеуі «Үздік аттестат» алуға лайық. Иә, әрине, ертеңгі ұлттық сында білімін дәлелдеп, осы биіктегі деңгейін сақтап қалуға бар күш-жігерін салады. Десе де осы балалардың ешбірі ақылы орталыққа бармапты. Оларды білім ошағындағы ұстаздары дайындап жүр.
«Сіздің балаңызды қосымша дайындау керек. Мен түстен кейін оқыту орталығында боламын. Хабарласыңыз».
«Еңбегіңді сат» деген Абайдың сөзі талайдың ойында ғой. Бірақ осы тәрізді жарнама еліміздің білім және медицина саласында көптеп кездеседі. Түске дейін барған емханадағы дәрігеріңізді түстен кейін жеке клиникадан көресіз. Өзі түске дейін отырып, сол жеке клиникаға жолдама беріп жібереді. «Қолдан келіп, қоныштан басқан ба», әлде заманның талабы осы ма?
– Шын мәнінде сараптап қарасаңыз, сол ақылы оқу орталықтарында балаға кім білім беріп жатыр? Сіз ең алдымен осыны ойлап көріңіз. Ол жаққа жұмысқа тұруға жоғары оқу орнын кеше бітіріп келіп жатқан жас мамандар барады. Тәжірибе жинау үшін. Мен оларды даттап жатқаным жоқ. Бірақ тәжірибе деген ең алдыңғы орында тұратын ұғым бар. Білім ошақтарында мықты ұстаздар жетерлік. Олардың шәкірттерінің алды ұлтқа қызмет етіп, әлемдік деңгейде өздерін танытып үлгерді. Біз неге сол ұстаздан жас маманды артық көруіміз керек?! Біздің мектептің ұстаздары дайындаған шәкірттеріміз алдын ала тестілеуден де жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Мен әріптестерімді мақтан тұтамын, – дейді Қарлығаш Сақтағанқызы.
Әрине, бәрі де ата-ананың патша көңіліне байланысты. Егер ақылы курстарды оқу орталықтарынан алып, баласының білімін тереңдетемін десе, оған ешкім тосқауыл бола алмайды. Мұнда ең алдымен баланың болашағы сарапқа салынады. Талсуат ауылындағы №178 орта мектептің директоры Динарида Шадибекова өз тәжірибесімен бөлісті.
– Біз мектепте баланың білім алуына барлық жағдайды жасадық. Олардың жан-жақты қалыптасуы мен ойға алған межесіне жету жолында мультимедиялық кабинеттеріміз бен заманауи жабдықталған пәндік кабинеттер көп көмектеседі. Балалардың білім фундаменті нық қаланған. Биыл біздің мектепте тарихта алғаш рет «Алтын белгіге» үміткеріміз бар. Бұйыртса, сенімге селкеу түсірмей, үмітті ақтайтынына сенеміз. Әрине, бала оқытуда жан-жақты сарапқа салынған әдіс-тәсілдер қолданылуда. Біз қазір балаларды қабылдауына қарай іріктеп, жоғары және орта деңгейлі балалардың бір-бірін оқытуға, бір-бірін дайындауға мүмкіндік берудеміз. Мұның бір артықшылығы, балаға-баланың сөзі өтімді, өйткені екеуі бір деңгейде сөйлеседі, әңгімелеседі. Екіншіден, балалар бір-бірінен ұялғаннан оқиды. «Менің сыныптасым жеткен деңгейге мен неге жете алмаймын?» деп өздерін қамшылайды. Біз әрбір әдіс-тәсілдерімізді сауалнама алу арқылы зерттеп, зерделеп отырамыз. Нәтижесіне қарай еңбегімізді көреміз. Тағы бір айта кетерлігі, білім саласында үштік одақ деген ұғым бар. Оқушы, мұғалім және ата-ана. Осы үштік одақ өзара тығыз байланысты. Осылайша біз балалардың білім алуына қоғам болып атсалысамыз. Ал бала өз кезегінде әрбір сынама сайын өзінің нәтижесін ортаға шығып, өзі айтады. Мұны қоғамдық тыңдалым деп атаймыз. Сабақ алған қателігін айтады, қай бағытқа басымдық беру керегін түсініп жатса, ол бағытта да өз ойын айтады. Міне, осылай біз баланы ашықтыққа, өз ойын именбей ортада айта алуына, тіпті көпшіліктің алдына шығуға тәрбиелеп жатырмыз. Ата-ана қай орталыққа апарғысы келсе де, өзі біледі. Мектепте ұстаздарынан үйренемін десе де барлық мүмкіндік қарастырылған. Ал біздің мұғалімдердің әрқайсысы олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларына шәкірт дайындап, жүлдегер шығарып жүр. Ондай ұстаздан білім алған баланың төмен баға алмайтынына сенімдіміз, – дейді Динарида Есіркепқызы.
Биыл баласы мектеп бітіріп, өздері тақым қысып отырған атааналардың пікірі де маңызды. Өйткені баланың жетістікке жетуі жолында ең алдымен олар тәжірибеге сүйенеді. Ата-ана Аякөз Мұхамедиярқызы баласының жоғары ұпай алып, биіктен көрініп жүргенін жеткізді.
– Көз көрген ұстаздардың әрқайсының дайындаған шәкірттері қазір де еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп келеді. Олардың жетістіктеріне ел куә. Ақылы оқу орталықтарында да – осы мұғалімдер. Тіпті көпшілігі жас мамандар деуге болады. Яғни ол жақтағылар да ғұлама емес. Көп жерден ешқандай конкурстан өтпеген, білім санаты жоғары емес мамандарды кезіктіріп жатырмын. Біздің мектептегі мұғалімдер де, басшылар да «Сол үшін айлық алып отырмыз. Балаларға қосымша берілген факультатив те бар. Сондықтан сіздерге ең алдымен мектептегі ұстаздарды бағалауларыңызды сұраймыз» деп айтады.
Әрине, мен бұл оймен келісемін. Баламызды өзі оқитын білім ошағында дайындап жатырмыз. Өзіміз де қадағалаймыз, қосымша бағыт береміз. Қазір мемлекет білім аламын деген жасқа барлық мүмкіндікті жасаған. Сол мүмкіндікті тиімді пайдалану керек, – дейді ата-ана. Әрине, бұл тақырыпта сан алуан пікір бар. Елге белгілі ақын, мұғалім, білікті ұстаз Ержеңіс Әбді бұл тұрғыда өзінің тәжірибесінен алған пікірін айтты.
– Балаң қай мектепте оқиды, соған да байланысты. Отыз оқушы отыратын сыныптан үлгере алмайтын оқушы үшін орталықтарда жеке жұмыс істеуге мүмкіндік артығырақ болады. Егер ата-ана үйден балаға көп көңіл бөліп, үй жұмысына ұдайы өзі көмектесіп отырса, ондай бала орталыққа мұқтаж емес, – деді ол.
Әрине, бұл ретте тағы бір мәселенің ұшы шығады. Мектеп бағдарламасындағы кей есептер мен жаттығуларды бала тұрмақ, ата-ананың өзі шеше алмай басын тауға да, тасқа да ұрған сәттер жетіп артылады. Бұл – бүгінгі бала мен ата-ананың қабілетсіздігінен емес, тапсырмалардың бала деңгейімен санаспай берілетінінде. Бұл үшін, әрине, ұстазды кінәлаудан аулақпыз. Мектеп оқулықтарына бағытталған сын садағы қазір дәстүрге айналған. Тіпті кейбірінде қисынға келмейтін дүниелер жүреді. Мұның әрбірі қатаң қадағалаудың жетіспеушілігінен шығар. Қош, бірді айтып екіге кетпейік, сауалнамаға жауап берген көпшіліктің пікірі балаға салынған инвестицияның болашаққа салынған инвестиция деген пікірде топтасып жатады.
Аида Мусаева:
– Мәселен, отыз оқушының білімді игеруінің жылдамдығы әртүрлі. Біреуіне бір сағат жеткілікті болса, екіншісіне үш сағаттың өзі аз болуы мүмкін. Арнайы білім бағдарламасының жылдық жоспарында көрсетілген бір сағат өтуі керек тақырыпты мұғалім үш сағатқа бөліп өтпейді. Физикалық тұрғыда мүмкін емес. Жеке орталықтарда мұндай мүмкіндік бар. Бала аз, ал уақыт көп. Баланың дағдысына қарай түрлі тәсілдермен оқытып береді. Басты себеп осында жатыр. Бір тақырыптан қалса, екінші, одан әрі үшінші тақырыпты түсінуі қиын. Материалды игіліктерге айналдырғанның да әбестігі жоқ. Қаражат, ол – қажеттілік. Тек осы минимуммен шектелген мұғалімдердің миссиясы бөлек деп түсіну керек.
Кәмшат Сақтағанова:
– Он жылда қонбаған білімді бір жылда миға қондырып, Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинату дегеніңіз ақылға қонбайды. Білімнің іргетасын нықтап қалап, он жылдан кейінгі сынаққа әу бастан дайындалу керек. Неге ертерек сол білім ошақтарында орталықтағыдай жағдай жасамасқа?! Біле білсек, бабаларымыз бесік аларда саудаласпайтын болған. Ал қазіргі қоғамда баланың бесігі мен білімі қатарласа шапқан бәйге аттары тәрізді саудаға түсуде.
Әлбетте, тақырыпты қозғап, төрелігін айтатын біз емес. Біздің мойнымыздағы жүк – талқы таразысына салу. Мәселені жеткізу. Түйінін оқырман еншісіне қалдырамыз. Десе де баланың білімі мен тәрбиесіне бей-жай қарауға болмайды. Өйткені мына елдің болашағы осы ұғымға байланысты.
Барлық мысал өмірден алынады. Мектепте жиырма жылдан астам уақыт бойы ұстаздық етіп жүрген ағам бар. Өткен жылы өзі жетекшілік ететін сыныпты бітіртті. Балалардың дені мемлекеттік оқу грантын жеңіп алды. Олардың бірде-бірі ақылы орталықтардан білім алмады. Білім ошағында жүрген байырғы ұстаздардан оқыды. Мен айтып отырған ұстаз Ғазиз Жамбылұлы балалардың бәрін еркін пікір айтатын, өз бетінше білім алып, дағдылана алатын шәкірт етіп тәрбиеледі.
– Балаларды ұлттық тестілеуге дайындау барысында да біз олармен тікелей етене жақын араластық. Бір сынып бір үйдің баласындай болды. Бір-біріне көмектесіп, бір-бірін қолдай жүреді. Бұл жерде ата-ананың қалауы бірінші орында тұрғанмен балаларға жайлы жағдай жасау да ерекше маңызға ие екенін түсінуге болады. Бір сыныпта мейлі отыз, мейлі қырық бала оқысын, бірақ әр баланың шырағын жағуға болады. Әрбір баланың бейімін тауып, оған қолдау білдіру, үлкен өмірге дайындау, біліммен қоса тәрбие беру – әрбір ұстаздың ең негізгі миссиясы, – дейді ол.
Таяуда ғана дарынды балаларға арналған қалалық №282 мектеплицей-интернатының директоры Балзия Абдуллаевамен сөйлескен едік. Өз тәжірибесін көрсеткен мектеп басшысы қазіргі балаға жаңа әдіс-тәсіл керегін айтқан болатын.
– Біз дарынды балаларды іріктеп аламыз. Мұнда қабылдау емтихан түрінде жүргізіледі. Қазір біз түске дейін мектеп бағдарламасы бойынша оқытсақ, түстен кейін үй тапсырмасын орындау кезінде әрбір баланы қабілетіне сай пәннен жетекші етіп сайлаймыз. Бұл бізге не береді? Біріншіден, балаға бала түсіндіргенде өз тілінде ұғынықты етіп айтады. Баланың айтқанын бала жақсы қабылдайды. Екіншіден, өзіндей баланың осындай мықты болып, жетекшілік етіп жатқанын көрген бала ұялғаннан оқиды, алға талпынады. Осы әдісті қала мектептері мұғалімдері мен директорларының басқосуында да айтып, қорғадым. Өз жемісін беріп келеді, – дейді Балзия Әбдікәрімқызы.
Әрине, бұл ретте біз ақылы оқу орталықтары мен мемлекеттік мектептердің ешқайсысын кінәлаудан аулақпыз. Тек түсінгеніміз – білім ошақтарының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, заманға сай білім ғана емес, тәрбие беруде де дамып келе жатқанын түсіндік. Ал кімге қайсысы тиімді екенін оқырманның таңдауына салдық.
Дәулет ҚЫРДАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!