Жексенбі, 22 желтоқсан, 08:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Баланы үйде жалғыз қалдырған дұрыс па?

07.12.2024

414 0

Фото: kz.kursiv.media

Әлеуметтік желі тағы да шулады. Қоғамды дүр сілкіндерген жаңалық мынадай: енді 12 жасқа толмаған бала­ларды ересектердің қарауынсыз үйде жалғыз қалдыруға тыйым салады-мыс. Ата-аналардың перзент алдындағы жауап­­­кершілігін заңмен шегелемесе, қай­ғылы оқиғалар жиілеп кеткен.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева ата-аналарға 12 жасқа дейінгі балаларын үйде жалғыз қалдыруға тыйым салуды ұсынған.

– Қажетті фактілерді талдай отырып, 12 жас­қа дейінгі балаларды кәмелетке толған адамдар­дың қарауынсыз қалдыру­ға тыйым салу бойын­ша заңнамалық шараларды пысықтау қажет деп санай­мын. Бұл ретте көмекке мұқтаж отба­сылар мемлекет тарапынан берілетін қол­дау шараларымен қамтамасыз етілуі қажет, – деп жазған Динара Зәкиева инс­таграм парақшасында. Сонымен қатар омбудсмен осы уақытқа дейін мемлекет тарапынан жәрдемақы алып көр­меген отбасыларға назар салып, көмек қолы созылатындығын айтып өткен.

Мұндай ұсынысты айтудың бірден-бір себебі қазіргі уақытта өрттен қаза бапқан балалар үйде жалғыз қалған бо­лып шығады. Динара Зәкиеваның сөзі­не сүйенсек, 2024 жылдың басынан бас­тап елімізде қаза тапқан 15 өрт дерегі болған. 

Біздің елде ата-анасының қарауын­сыз, үйде жалғыз қалатын бала көп. Әрбір үшінші отбасындағы жағдай. Себебі күнкөрістің қамымен ата-аналар күн-түн демей жұмыс істеп жүр. Ал егер нақты себепсіз түнгі уақытта баланы қалдырып кетсе, ол бөлек әңгіме.

Әрбір ананың қалауы баланың жанында болу. Дегенмен бұл қазіргі заманда мүмкін болмай тұр. Қарапайым халықта қос-қостан несие. Көпшіліктің талқылауына түскен ұсыныстың шешімі де қызық болатыны анық.

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан елімізде 12 жасқа дейінгі балаларды үйде жалғыз қалдыруға тыйым салу туралы ұсынысқа қатысты өз пікірін білдірген еді.  Вице-минстрдің сөзіне сөзіне сүйен­сек, бұл ұсыныс әлі де талқылауды талап етеді.

 – Бұл ұсыныс ретінде айтылды. Бала тәрбиесі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ата-ананың рөлі өте маңызды деп есептейміз. Мұны біз бірнеше рет айт­қанбыз. Әрине, ата-аналар барлық уақытта балаларының жанында болуы қажет. Дегенмен бұл ұсыныс мұқият талқылауды талап етеді. Ата-аналар қауы­мының да, мемлекеттік органдардың да пікірін ескеру қажет.  Жауапкершілікке келетін болсақ, бұл қоғам мен құзырлы мемлекеттік органдардың пікірі ескеріліп, талқылау барысында белгілі болады, – деді Еділ Оспан.

Вице-министр егер ұсыныс заң жоба­сы түрінде рәсімделсе, бірден тал­қылау  басталатынын айтып өтті.

Ата-аналар пікірін тыңдасақ…

12 жасқа толмаған балаларды жалғыз қалдырған қаншалықты дұрыс? Бұл сұрақты ата-аналардан да сұрап көрдік. Бала қауіпсіздігі үшін қолға алынып жатқан бастамаға қолдау білдіретіндер де бар. Әрбір ата-ананың осал тұсы – күнкөріс қамы. 

– Онсызда жетісіп жүрген ата-ана жоқ. Оларға айыппұл салғаннан не өзгереді? Халық айыппұлдан көз ашпайтын болды ғой. Бұл заңды шы­ғарарда әбден талқыға салып, зерт­теген дұрыс деп ойлаймын. Қазіргі за­манда қымбатшылық белең алып тұр. Үйдегі бір адамның табысы жетпейді. Сондықтан басқа елдерге қарап заң шығара беру тиімсіз, – дейді көпбалалы ана Марина Сапарбекова.

– Тәрбие берудің негізгі мәйе­гі – мейірім мен сүйіспеншілікте. Бұл махаббат­қа олар қашан да шөлдеп тұра­ды. Сондықтан баланы шексіз мейіріммен өсіру керек деп түсінемін. Дегенмен қазіргі уақытта көпбалалы отбасылар аз емес. Турасын айтқанда үлкені кішкен­тайын бағып, өсіп келе жатқандар бар. Мәселен, өзім үш баланың анасымын. Кішкентайымды балабақшадан алғаннан кейін, балалар үйде өздері отырады.  Егер мүмкіндік болса, баламызға қарап, сабағын қадағалап үйде отырар едік. Бұл ұсынысты жан-жақты қарастыру керек деп ойлаймын. Әсіресе ауылдағы отбасы жағдайы үйде отыруға келмейді, – дейді Камшат Елеусінова.

Қазіргі заманда бәрі қарбаласып жүр. «Баламның болашағы үшін» деп бір­неше жерде жұмыс істейтіндер бар. Одан бөлек, жұмысын үйге алып келіп, үйде болғанның өзінде балаға назар аударуға мүмкіндігі жоқтар да кездеседі. Егер алатын жалақысы кем дегенде оның от­басының қажеттіліктерін өтейтін болса, ата-анасының бала-шағасына қарау­ға, тәр­бие ісіне көңіл бөлуге уақыты жетер еді.

Ал психологтар балаларды он жасқа дейін қараусыз қалдыруға болмай­тынын айтады.

Өзге елде қалай?

Бала тәрбиесі – тек біздің елде ғана емес, өзге елдердің де өзекті мәселесінің бірі. Мәселен, Германия – тәртіптің елі. Бала тәрбиесінде бірінші орынға тәртіпті қояды. Ал ата-аналар үшін басты орында жауапкершілік тұрады. Мұнда 14 жасқа толмаған баланы 15 минут қалдырған ата-аналар қатаң жаза­ланады.

Ал Испанияда баланы ешуақытта қараусыз қалдырмайды. Үйге жалғыз тастамайды. 12 жасқа дейін баланы мектепке ата-анасы ертіп апарып, алып қайтады. Баланың танымы кең болып, мансап жолында ірі жетістіктерге жету жолдарын кішкентайынан құлағына құйып өсіреді. Балаларын өзгелермен са­лыстырмайды. АҚШ-та «әрбір бала өз бетінше өмір сүріп үйрену керек» деген ұстанымға негізделген. Мұнда отбасында баланы ұру қатаң түрде заң бойынша жазаланады. Зерттеулерге сүйенсек, кей­бір штаттарда 12 жасқа толмаған ба­ланы жалғыз қалдыруға болмайтын заң бар. Қауіпті жағдай туғызғаны үшін ата-анасына қылмыстық жауапкершілік қа­растырылған.

Жапондық кішкентайлар үшін ең үл­кен жаза – жалғыз қалу. Отбасы мүшелерінен бөлек, бөлмеде жалғыз оты­рудан асқан азап болмайтынын сәби күні­нен санасына сіңірген бала сол жазаға ұшырап қалмауға күш салады.  Бұл елде 5-6 жасынан бастап, темірдей тәртіпке бағынатын «қиын» күндерге тап болады.

Ал Ұлыбританияда 14 жасқа дейін­гі баласын қараусыз қалдыру қылмыс болып саналады. Бұл елде балалардың құқықтарын қорғайтын арнайы мем­лекеттік агенттік жұмыс істейді. Егер балаларға қатысты қандай да бір құқықбұзушылық анықталатын болса, агенттік құқық қорғау органдарына жедел хабар жібереді.

Қауіпсіздікті қатаң сақтаңыз

Рас, соңғы жылдары өрттің сал­дарынан қиын жағдайлар елімізде жиілеп кетті. Оның үстіне өрт болған жағдайда балалар үйде жалғыз қал­ған жағдайлар көп. Ақпараттарға сүйенсек, ата-аналары жұмыстың қамы­мен жүрген. Иә, ешкім баласын жа­ман­дыққа қимайды. Дегенмен апат айтып келмейтіні тағы бар. Бұл заң дәл бүгін-ертең қабылданып жат­қан жоқ. Әзірге талқылауға түспек. Ал біз өз балаларымыздың қарау­сыз қалмағанын, қауіпсіз екенін қадағалайық. Баланы жалғыз тастап кету – бәріміздің отбасымыздағы жағ­дай. Дегенмен барлығында телефон бар заманда өмір сүріп жатырмыз. Ха­барласып, алаңсыз отыруға мұның септігі тиіп тұр.

 Қанша дегенмен баланың аты – бала. Олар зерігіп отырып, ойына келгенін істей салады. Сондықтан балаларды үйде қалдырарда мамандардың мына кеңесін есте сақтаған дұрыс.

– Балаларға телефон нөмірлерді теруді үйретіңіз. Нөмірлерді тоңызытқышқа жа­быстырып қоюға болады.

– Үйден шығу керек болса, балаңыз­дың не нәрсеге көбірек қызығатынын, ата-анасысының бірі қайтып келгенше ол ұзақ уақыт бойы не нәрсеге назар аудара алатынын ойлаңыз.

– Егер сүйікті ертегісі немесе мультфильмі болса, кітап пен теледи­дарды қарап отыруын қадағалап айтып кетіңіз.

– Терезе-есікті ашпауын қатаң ес­кертіңіз.

Тілші түйіні. Тақырыбымыз­дың тобықтай түйінін айтсақ, қазіргі ахуалмен салыстырғанда бала ең әуелі отбасының қамқорлығында, тәр­биесінде, жауапкершілігінде болғаны маңызды. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Баланы сыртқы ортаның кері әсерінен қорғау үшін жастайынан жақсы тәрбие берген дұрыс-ақ.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: