Сейсенбі, 04 ақпан, 11:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№9,2122
04.02.2025
PDF мұрағаты

Баланың жақсы болуы – тәрбиеден немесе смартфонға қарап бой түзеу

04.02.2025

28 0

«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» – деген сөздің мәнін ата-ана болғанда түсінесің. Жалпы ана атану, бала тәрбиелеу қоғамдағы жауапты іс екені шындық. Қазіргі уақытта жастардың тәрбиесі дұрыс емес, олар қалай сөйлеуді, киінуді, жүруді білмейді деп сөгіп жатады. Ал «жастарға, жалпы балаға дұрыс тәрбие беріп жатырмыз ма?  деген сұрақ мазалаған жан бар ма екен? Балаға тәрбие құрсақтан бастап беріледі. Яғни, ата-ана болу үшін бар жауапкершілікті атқара білу қажет.      

«Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Түсіне білген адамға бұл сөзде терең мағына жатыр. Яғни, бала тәрбиесін сәби кезінен қолға алсақ, ұтылмас едік.  Ал бүгінгі баланы кім немесе не тәрбиелеп жатыр? Осы сұрақ көпшілікті ойландыруы тиіс. Себебі ата-анасы жұмыстан қолы босамай, баланың тәрбиесі қараусыз қалды. Шын мәнінде үйдегі баланың көп уақыты телефонға телмірумен өтуде. Сондай-ақ  балаға адамнан гөрі сол смартфон жақын болып барады. Кеңінен тарқатсақ…

Балаға мейірім қажет…

Әдеттегідей жұмыстан үйге шаршап келдім. «Шаршап келдім» деген күнделікті жаттанды сөз секілді. Шын мәнінде, жұмыстан қандай көңіл күйде келгеніміз бала үшін қызық емес. Балаға өзіне көңіл бөлетін ата-ана қажет. Осыны білсек те, ұғынбай жүрміз.

Сонымен, бір жарым жастағы қызым етегіме жармаса берді. Қолына телефон ұстата салдым. Жылап отырып, телефон көріп отыр. Менің де қолымда телефон. Шаршадық десек те, телефон қарау әдетке айналған. Қолымдағы телефонды қойдым да, қызымды көтеріп, бетінен сүйіп, ойнаттым. Кішкентай баланың күлгені шаршағаныңды да тез басады екен. «Балаға  телефон болса болды» деген ойымыз қате екенін осы кезде ұққандай болдым. Балаға мейірім қажет екен. Осыны сезіндім. Мейірім мен сүйіспеншілік. Бұл махаббатқа олар қашан да шөлдеп тұратынын білсек те, балаға уақыт бөлмейтініміз анық. Баланы осылай ысыра бергеннен ол шеттеліп қала беретіні, өзіне смартфонды серік ететіні белгілі.  Кейде үйдің де күйбің тірлігінен босамай жатамыз. Ал әкесі ше, оның балаға деген қамқорлығы қандай?

Бала әкеге қарайды,  әке…

Жақында құрбылар бас қостық. Әңгіме арасында отбасы, бала тәрбиесі тақырыбы сөз болатыны анық. Жансая құрбым күйеуінің бала тәрбиесіне бейқам екенін айтты.

– Кейбіреулерге қарасаң, балаларымен ойнап, үйінде у-шу болып жатады ғой. Ал біздің үйде әкесі жұмыстан келсе, тыныштық орнайды. Балалары ойнағысы келіп, әкесіне барса, «шаршадым» деп жатады. Кей күндері кешкілік футболға кетіп, үйде болмайды. Бала қасына барса, итеріп жіберіп, телефонына телміріп отырады, – дейді ол.

Әкелік міндетті ысырып тастап, жауапкершілікті сезіне алмайтын әкелер аз емес. Бала үшін әкесінің жанынан табылуы, онымен бірге ойнауы қаншалықты маңызды екенін түсіне білсе ғой, шіркін. Бұл бір ғана отбасындағы жағдай емес.

Қазір әкелердің көбісі қолына телефон ұстап тик-ток көріп отыратыны белгілі. Айтпақшы, тик-токта тек арзан күлкі емес, ой саларлық әңгімелер де айтылады екен. Мәселен, жақында мынадай әңгіме айтылған видеоны көзім шалды. «Әке мен баланың уақыты кез-келген гаджеттен, аттракционнан артық. Біз балаларды телефоннан шықпайды деп кінәлаймыз. Әке бірінші әрекет жасап, ең болмаса ат болып ойнатып көрсінші. Бала телефонды тастайды. Демек, баламен ойнайтын әкелер аз. Балаларға көңіл бөлу керек. Дүние табуға тырысып жүргенде, бала тәрбиесі қалып қойып жатыр» дейді әлгі видеода. Расында, ой саларлық дүние.

Әкелер балаға қаншалықты уақыт бөліп жүр? Баланың көңілі әкеде, әкенің көңілі смартфонда ма?

Бала жанына жақын жанды сырттан іздейді

Зерттеулерге сүйенсек, ата-ана мен бала арасындағы байланыс алшақтаған сайын бала жанына жақын жанды сырттан іздейді екен. Ал телефондағы түрлі «құбыжықтарға» тез бауыр басады. Сондықтан да түрлі ойындарды ойнауға әуес болады. Осы тұрғыда зерттеулерге сүйеніп, балаларды қауіпті ойындардан қорғау­дың бірнеше әдісін бөліскенді жөн көрдік.

1. Балаларға цифрлық сауаттылықты үй­рету. Ол ғаламтордағы көкейіне күмән туды­ратын мәселені ата-анасына айта алатындай қарым-қатынас орнату керек.

2. Смартфонды қолдану уақытын шек­теу. Ата-ана бала көретін контенті мен ойын­дарының мазмұнын ерекшеліктеріне байланысты таңдауға қол ұшын беру керек.

3. Балалардың эмоционалдық жағдайын бақылауда ұстау. Яғни жасөспірімдер стресс кезінде, ашуға бой алдырғанда ғаламтордағы ойындардың тасасына тығылуы мүмкін екенін естен шығармағанымыз жөн.

4. Жеке басына қатысты ақпараттарды ғаламторда бөліспеуге үйрету. 

5. Ата-ана ретінде баланың теріс қылығын ғана термей, мақтауға лайық жетістіктерін жиі еске алып тұру да маңызды.

Онлайн ойын өкіндіріп жүрмесін

Бүгінгі баланың бос уақыты телефон қараумен өтеді екен. Бұл телефонға тәуелділікке алып келеді. Тіпті үйдегі балаларын қадағаламайтын ата-аналар да бар екен. Өзім 6-сынып оқитын қызым­ның телефонын арасында тексеріп тұра­мын. Байқағаным түнгі сағат бірге дейін бала­лар телефонда отырады. Бұл туралы сынып жетекшісі де ескертіп, талап қойды. Мұның барлығы ата-аналардың немқұрайдылығын көрсетеді.

«Kazakhstan Kids Online» зерттеуіне сәйкес, күн сайын елімізде  балалардың 15 пайыздан астамы интернеттегі теріс мазмұндағы контентке құмар екен. Ал әлеуметтік желілерден соңғы уақытта қауіпті ойындардың құрығына іліккен жасөспірімдер жанын қиып, қылмысқа да барып жүргенін естіп жүрміз. Сондықтан бұл мәселе бейқам ата-аналарды алаңдатуы тиіс. Өткен айда 21 жастағы жігіттің «Free Fire» ойнауына тыйым салғаны үшін төрт бірдей туысқанына қастандық жасағаны ойландыратын жағдай.

Балаға бәр сәт көңіл аударатын уақыт келген секілді. Осы тұрғыда мұғалімдердің де алаңдаушылық білдіріп жатқанын байқаймыз. Мәселен, бастауыш сынып мұғалімі Самал Қосжанованы балалардың білімге деген ынтасы төмендегені алаңдатады.

– Болашағынан зор үміт күтіп отырған еліміздің ертеңі – балаларымыз. Олардың бақыты, келешегі – ардақты ата-ана мен жақсы ұстаздың қолында. Ұл-қыздарымыздың тәлімді тәрбиесі бүгінде аса толғандырып отыр. Олай дейтініміз, бүгінгінің балалары көп уақытын телефонға телмірумен өткізуде. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» дегендей, үлкендердің қадағалауынсыз, мейірім мен қамқорлыққа қанбай, қараусыз қалып отыр. Мына қарбалас тіршілікте көптеген отбасының баласы осылай өсуде. Себебі мұғалім ретінде көз алдымдағы шәкірттерімнің сабаққа келгенде ұйқысы қанбай, сабаққа енжарлық танытатынын байқаймын. Смартфонның сырына үңілген оқушылар қосымша зерттеу жұмысын жүргізуге ерінеді. Жаңа заманның жаңашыл ұстаздары біздер – оқушылардың сауатты болуын,  бәсекеге қабілетті, елжанды тұлға етіп тәрбиелеуді мақсат тұтып келеміз. Ол үшін заманға сай түрлі платформалармен жұмыс істейміз. Қай кезде де баланың сауатын ашу жолында бастауыш сынып ұстаздарының еңбегі оңай жол емес. Телефонға тәуелділік белең алып тұрған тұста ұстаздар жұмысы еселенері анық. Дегенмен балаға үйдегі ата-ананың қолдауы, жылы сөзі қажет. Өтпелі кезең жасында тұрған баланы тәрбиелеу қиынның қиыны. Мұндай уақытта бар міндетті ұстазға итеріп қоя салуға болмайды. Жауапкершілік кілтін әке мен ана да сезінуі қажет, – дейді  № 147 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Самал Қосжанова.

Баланың жақсы болуы – тәрбиеден немесе смартфонға қарап бой түзеу

Телефонға телінген тәрбие

Ащы да болса шындық, балаңызды телефон тәрбиелеп жатыр. Балалардың нені қалайтыны, неге қызығатынын ата-ана ретінде білесіз бе?  Бала көкейіндегі сұрақтардың жауабын интернеттен алады. Өзіне қажеттінің барлығын қолындағы смартфон арқылы біліп отырады. Сол себепті ата-анамен кері байланыс болмайды. Осылайша, ата-ана мен бала арасы алшақтай түсуде. Мұны мойындайтын ата-аналар да бар. Үш баланың анасы Ақмарал Батырбайқызы телефон баланы тыныштандыру құралы деп санайды.

 – Ұйқыдан тұра салып, дастархан басында телефонды қолымыздан бір елі тастамаймыз. Өзіміз де телефонға тәуелдіміз. Баламен сырласпайтын да болдық. Әркім өзімен өзі. Бұл барлық отбасындағы көзге көрініп тұрған жағдай. Шын мәнінде ойлап қарасақ балаларды біз емес телефон тәрбиелеуде. Бізден гөрі телефонға жақын. Баланы заманауи құрылғылардан шектеуге болмайды деп өзіміз үйретіп алдық. Алайда қазіргі жасөспірімдер ештеңеге қызықпайды. Тик-ток, түрлі ойындар көріп уақыттары өтіп жатыр, – дейді ол.

P. S. Бала тәрбиесі жөнінде Абай: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер, білімінде. Адамға адамнан үш алуан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады», – деп, осы үшеуінен баланың болашағы шешілетінін ескерткен. Ал біздің балаларды телефон тәрбиелеуде. Смартфон баланың сенімді серігіне айналмай, жанына демеу болар жандар ата-анасы екенін бүгінгі ұрпақ сезініп өсуі қажет. Заманымыз күн сайын заманауи тұрғыдан қарыштап даму үстінде. Дегенмен бала тәрбиесі маңызды дүние. Олай болса, телефоннан бұрын балаларға көңіл бөлуді ұмытпайық. Телефонға телінген тәрбиені тоқтататын кез келді.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: