Жексенбі, 22 желтоқсан, 23:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Бақыт пен берекенің алтын кілті

30.04.2024

848 0

Сурет:Н.Нұржаубай

Алтай мен Атырау арасындағы алып атырапта бір шаңырақ астында өмір сүріп, тәуелсіз елімізді достық мекені атандырып отырған бірден-бір фактор – бірлік. Расымен, осы бірлік болмаса, тірліктің де түзу, жөнді болары қайдан?! Қазақ атамыз әу бастан ырыс пен ынтымақты, береке мен бірлікті негізге алған. «Бірлігі мықты ел озады», «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп парасаты мен пайымын танытқан емес пе?!

Күні кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының рес­публикалық кеңесінде де еліміздегі әрбір толайым тірліктің артында ауыр жүкті жұмыла көтерген ауызбіршілігіміз тұрғанын нықтап айтты. Сарыарқаның сайын дала­сындағы Еуразияның жүрегі атанған Астанадағы алқалы жиында Әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолындағы «Бірлігіміз – әралуандықта», «Түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» қағидаттарын берік ұстану негіздеріне тоқталды.  Туған қаламызда мұндай маңыздағы атқарылған ауқымды жұмыс бар. Облыс орталығындағы «Анаға тағзым» орталығы, «Халық достығы» аллеясы, сол жағалаудағы «Рухани жаңғыру» орталығы, «Достық үйі» – мұның барлығы Мемлекет басшысы айтқан бағыттағы еңбектің айқын нәтижесі.

Осы кеңесте Сыр өңіріндегі Аналар кеңесінің «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы үздік деп танылып, өзге өңірлерге тәжірибе ретінде таратылғаны кеудеге мақтаныш ұялатады. Біз Сыр елі, қай істе де көш басында болып, белсенділігімізді байқатып келеміз. Майқы бидің «Бірлік түбі – береке» дегені де, Малайсары мен Сырымның ел бірлігі хақындағы мысалдары да біздің әрбіріміздің әрекетімізден көрініс тауып жатса, бұл – әрине, қуаныш.

Өңірде отбасындағы әкелердің рөлін арттыру, ұрпақ тәрбиелеу мен ел бірлігіне ақсақалдар қауымын тарту бағытында облыстық ассамблея жанынан Ақсақалдар кеңесі құрылған болатын. Мұнан бөлек, этнос жастарын отансүйгіштікке тәр­биелеу мақсатында «Өз еліңді таны!» атты керемет жоба да Сырдан бастау алды. Басқа аймақтарда қызығушылық тудырып жатқаны жасырын емес.

Қазақ елі ұлт пен ұлысқа, тіл мен дінге бө­лінбейтін татулықтың бесігі екенін қай сәтте де көрсетіп келеді. Әрине, айта берсек, мұндай мысалдар жетіп артылады. Бақыт пен берекенің алтын кілті бірлік екенін ұғынған елміз.

Көңілі қазақтың даласындай кең, жаны жомарт, жүрегі мейірім мен махаббатқа тұнған Сыр халқы, Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын!

Бірлігіміз бекем болсын!                                                                  

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: