Сәрсенбі, 04 желтоқсан, 13:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№96-2106
03.12.2024
PDF мұрағаты

Бастық болғың келе ме?

03.12.2024

206 0

Сурет: pandia.ru

Бастықсыз адам көрдің бе? Мен өзім көрсем, көзіме сүйел шықсын. Аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетін жігіт өмір-бойы қатын алмай кетуі мүмкін. Алма мойын, аршын төс, айдай ару қыз тиерге бай таппауы мүмкін. Ал бар ғой, кез-келген жұмыр басты пенденің әйтеуір күнделікті көзден шұқып, құлақтан соғып отыратын бір бастығы болуы – қатып қалған заң. Бәріңіз де бес саусақтай білесіздер. Бастық деген өзіңнен құрығанда бір бас жоғары тұратын пәтшағар. Бастықтың аузынан шыққан әрбір сөз – қарамағындағылар үшін «сол мекемедегі қалыпты тірліктің бұлжымас ережесі».

Айтпақшы, бастықтың да бастығы бар. Сондықтан бастығыңның жалаң­даған тіліне бірдеңе жалатып қоюды ұмытпассыз. Ол тоқ болса, құда да тыныш, құдағай да тыныш. Өйткені ол өзінен жоғарыдағыларға көсіп асатып отырады. Қалтасы тесік болса, астындағы жұмсақ кресло жылжып кетіп, аузы аппақ болып қалуы бір-ақ күнде.

Тұзым жеңіл ме, әлде салымым солай болды ма, мен өмірімде жұмыс орнымды жыл құрғатпай өзгертіппін. Екі еңбек кітапшасын аузы-мұрнынан

шығарып, әлдеқашан тол­тырып тастағанмын. Талай бастықтың қол астында нә­па­қа айырға­нымды білетін бір қу жақ құрдасымның тілімен айт­қанда, «шықпаған тауым жоқ, отырмаған сайым жоқ».

«Көре-көре көсем бо­ласың, сөйлей-сөйлей ше­шен боласың» дегендей, бас­тық атаулымен көп істес болған соң да, жасыратыны жоқ, олардың тірлік-тынысын бүге-шүгесіне дейін «беске» білемін. Ішек қы­рындысына дейін ақтарып сала аламын десем, құдай ақына, өтірікші болмаспын. Осы күні сол «білген-түйгенімді» елеп-екшеп, таразыға салсам, бір қарағанда бірінің аузынан бірі түскендей көрінетін топай бет бастықтардың әлденеше түрі болатынына көзім жетті. Жиылып жұрт отырған жерде бастық біткеннің «мінездемесін» саудыратып айтып отырамын. Көп білгесін, көп көргесін сол ғой. Әлгі «лекцияларым» біреулерге ұнай бастады-ау деймін. Әрі-беріден соң, өз бастықтарының «сырын» сұрап, жолдас-жора, көрші-көлем, тамыр-таныстар босағамды босатпайтын болып жүр.

– Бір түсімі мол орынға талпынып едім. Болашақ бастығым әр барған сайын «тәк, көрерміз» деп ыңыранып қояды. Мұны қалай түсінсем екен? Басым қатты, – деп құрдасым Бегімбай келді қайбір күні.

–Бастығым аузы қисайып: «Күйеуің қайда істейді?» деп сұрап қоймайды…Не шаруасы бар, а? – деп келді Айшагүл деген сылқым сұлу.

– Қит етсем, түсінік жаздыратын болып жүр. Бұған не көрініп қалды. Бұрындары бастығым ондай-мұндайды елемейтін-ақ еді, – деп көзі ұясынан шыққан Томан досым аһылап, уһілейді.

– Жиналыста бастығым басқа біреуді жерден алып, жерге салып доқ көрсете ұрысса да, бас салып киісе де, пәлекеттің оқты көзі айдаладағы маған қадалады да тұрады. Түк түсінсем бұйырмасын, – деп көршім Қалу иығын қушитады.

– Бастығым қонақ шақырса, үйіндегі салат-палатты дайындауды маған артатын болды. Енді қызметім өсе ме? – дейді сыныптасым Бөлекбай көздері бозара қарап.

Күніне келмеді дегенде, он шақты адам әйтеуір бастықтарына байланысты «жөн-жоба» сұрай келеді. Менде ешқашан «отказ» жоқ. Картамен бал ашқандай ақыл-пұлсыз бәрін жайып салып, алдағыны болжағандай сайрап тұрамын. Бәрінен де бір кереметі бұл тірліктен де әжептәуір бедел жинауға болады екен.

«Сыбырлағанды құдай да естиді» дейді емес пе, басқаны қойғанда әкім-қаралардың өздері де машиналарын жіберіп, кабинеттеріне шақырып алатын болып жүр. Бесенеден белгілі ғой, олардың да төбесінен қарап, анда-санда тоқпақтап отыратын «зопармандары» бар. Көбіне-көп, жоғарыдан мықтылар келді деген күні менің аяғымды жерге тигізбейді. Менің сәуегей «болжамдарыммен» қаруланған олар енді білек-жеңдерін түріп, өлмес тірліктеріне алаңсыз кіріседі.

Орайы келді ғой, енді мен бастықтардың «пародалары» туралы кіріспе әңгімемді айтып айтып кетпесем, дұрыс болмас.

Ұшпа бастық – артында сүйеуі нашар, өз маңдай терімен, жиған-терген білімімен тіртінектеп әзер көтерілген пақыр. Жұмысын тасты-аяқтай қағыстырғанымен де, жоғарыдағылар оны жыл аралатпай, ана жерге бір қояды, мына жерге бір қояды. Былайша айтқанда, құйрығы жер иіскемейді. Көбінесе, айқай-шуы арылмайтын мекемеге отырғызып, екі оттың арасына салып қояды. Кейін біреуге әлгі орын керек болса, екінші жерге ығыстыра салады. Өмір-бақи бір доғалбастардың шала бүлдіріп, былықтырып кеткен жұмыстарын орнына келтіріп, мұрны терлейді де жүреді.

Қызба бастық – бұның қай кезде «алаулы», қай кезде сау екенін адам айырып болмайды. Бұқа көзі қызарып, бетінің қаны сыртқа теуіп тұрады. Әр сөзін «қырам-жояммен!» бастап, қарамағындағылардың жер-жебіріне жетіп, титықтатып барып, сөзінің соңын «өзімсініп, жаным ашығасын айтамын» деп жуып-шайып аяқтайтын әдеті бар. Сондықтан да кабинетіне кіретіндер ауыздағы хатшы қыздан: «Бүгін ауа райы қалай?» деп бастықтың қас-қабағының «прогнозын» сұрап тықақтап жүреді. Өйткені ол бір қызып, бір суып отырады. Бар жұмысыңды оның пәті қайтқан кезінде, келесі қызған сәтіне дейін бітіріп алуың керек. Бірақ сайтан иектеп артық ауыз бірдеңе айтып, аяқ астынан қыздырып алып жүрме. Ал сәті түссе, кейде өзін оңашалап, шыны шылдыратып, қолмен «қыздырып» алып, шаруаңды тас қылып, күрең шай ішкендей мамыражай болуыңа да болады.

Үрей бастық таңертеңнен кешке қайтар-қайтқанша «Ойбай, келіп қалды, келейін деп жатыр. Жанымызды суырып алады. Сендер үшін мен жұмыстан кете алмаймын». «Жаудың алдын алу керек. Жинаңдар. Жинамасақ бол­майды». «Үйге кірген жыланның да басына ақ құйып шығарады…» деп қаралай үрейленіп, өзгелердің де зәре-иманын алып, құйрығы бір уыс болып, ішкен-жегені бойына жұқпай жүретін, қабырғасын санап алуға болатындай тарамыс арық бастық.

Бала бастық – жасына жетпей ыңыранып, мекіреніп сөйлегенде ернінің ұшы ғана қимылдайтын уыздай жас бастық. Бұл борсықбет өзі енді оқып туған, бір-екі  университетті тауысқан, сондықтан да өзін мәңгілік бастықтай көреді. Өйткені әкесі, әкесінің әкесі, оның да арғы жағындағылар шетінен бастық болған. Бала бастық қысқа шалбар киіп, бір жарым метрлік галстук тағады. Кабинеті атшаптырым, өзі соның төрінде кішкентай қуыршақтай болып көрінеді. Тапалтақ бойы креслосынан әл-әзер асып тұрады. Мұның алдына жұмыс бітіремін деп бару – күнәнің үлкені. Орынбасарларына барып, қол қойғызып алсаң да жетеді. Бала бастықты той-домалақта төрге отырғызып, сөзді бірінші бермесең, құдайдың тас төбеден қос қолдап тұрып ұрғаны. Енді алтын берсең де, есігіңнен аттамай кетеді. Бала бастық қолы күйіп қалатындай өлсе де пара алмайды. Бұл жағынан кінә арта алмайсың. Ал пара бергің кеп діңкең құрып бара жатса, үйінде сары тіс, мылжаңбай, кәрі пақыр әкесі отыр. Ішіңдегіні көзіңнен оқиды. Сонымен ымыралассаң, бәрі де жайлы болады.

Доғал бастық – қазіргі заманда «Қызыл кітапқа» енетіндей дәрежедегі, санаулы-ақ қалған бастық. Білімі ортадан сәл жоғары болып келеді, қайбір жылдары техникумды сырттай бітіріп алған. Сөйтсе де, екі-үш дипломы бар қарауындағы шенеуніктерді: «Өй, көк милар, оқу ойдан артық емес, сонша жыл қағаз кеміргеннен не пайда, бастарыңның шаригі болмаған соң…» деп қыжыртады да отырады. Кабинетінің іші көкала түтін. Противогаз  киіп бармасаң, басың айналып, құлап қалуың да ғажап емес. Апарған қағазыңа сойдақтатып, шиырып қол қояды. Бірақ екінің бірінде мөр басуды ұмытып кетеді. Өйткені оны көп шығарып дағдыланбаған. Мөрі-жаны, төс қалтасына беторамалына орап салып жүреді. Алда-жалда кездесе қалғанда доғал бастық: «Ай, Сәбет үкіметі… қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған дәурен еді… бәрін құртқан таз Горбачев…» сөз бастаса, жүре тыңдамай, құлай қойыңыз. Әйтпесе, сенімен жау болып кетуі әп-сәтте-ақ.

Шоғал бастық – барып тұрған «самародный» бюрократ. Сөзіңді ұқыпты тыңдайды, басын шұлғиды да, жымсиып отырып әдемі сөздерімен ет-бауырыңды елжіретіп, өзіңнің әу баста не шаруаңмен кіргеніңді есіңнен шығарып жібереді. Қоштасарда оған сен өзің бірдеңе беретіндей қарыздар боп шыққаныңды аңдамай қаласың. Екінші рет бас сұғуға жүрегің дауаламай қалады. Тағы бірдеңеге түсіп қалам ба деп алыстан амандасасың. Ол болса, қолын көтеріп: «Хабарласып тұрсайшы…» деп айтудан танбайды. Өмірлік қағидасы бар: «Екі шұқып, бір қара» деген.

Бұлардан да басқа думаншыл бастық, самасау бастық, қума бастық, тума бастық деген, тағы басқа түрлері толып жатыр. Бастық біткеннің ортақ қасиеті – аяғы үйінде, жүрегі хатшы қызда, басы кабинетте, қалтасы қатынында, алақаны айналасында, жағасы жайлауда, ішіп-жері бағыныштыларында, құлағы жоғарыда, аузы төменде.

Ал, ағайын, бастықтар туралы білдің бе? Білсең, дымың ішіңде болсын. Қалтаңды қалыңдата бер. Әрі қарай қиын емес. Бұйырған несібе болса, балпиып сен де бір креслоға қонжиуың мүмкін-ақ. Сосын дүниені қонышынан басып жүре бер…

Ерғали АБДУЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: