Жексенбі, 24 қараша, 11:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Бейбіт күннің хабары

04.06.2024

314 0

Сурет:7канал

ХАМАС пен Израиль арасындағы әскери қақтығыс ұзап барады. Жанжал ошағынан жылжи-жылжи шекараға жеткен босқындардың күйі, гуманитарлық көмектің мардымсыз жүйесі жағдайды біржақты ететін уақыт жеткенін көрсеткендей. Оның үстіне Израиль тарапы БҰҰ-ның ескертуін елемей, Палестина жеріндегі Рафахты зымыранмен атқылағалы жағдай одан әрі ушығып, наразылық көбейді. Бүгінде АҚШ президенті Джо Байден қос тарапқа бітімге келу ұсынысын білдіріп, соғысты тоқтатуға әрекет жасауда. Соңғы мәмілелер алда жағымды жаңалық болуы мүмкін екенін білдірді.
АҚШ Израиль мен ХАМАС өкілдеріне бітім шартын ұсынды. Израиль әлі де болса келісімге келуге ынта танытқанымен, ел ішіндегі қарсылық бұған мүмкіндік бермей келеді. Жақында Израильдің қаржы министрі Бецалель Смотрич пен ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир ел билігіне талап қойды. Айтуларынша, егер Биньямин Нетаньяху Джо Байден ұсынған бітім жоспарына келіссе, қос министр қызметтен кетіп, төңкеріс жасайтын ойы бар. Олар бұл туралы Х ( бұрынғы twitter –авт.) әлеуметтік желісінде хабарлады.
Дүйсенбіде CNN арнасының тілшілері Евгения Йосеф, Софи Танно және Бенджамин Браун аталған жаңалықты саралап, арна сайтына зерттеу жариялады. Онда оқиғаның саяси жағдайға әсері, биліктегі иерархия, ықтимал шешім бағыты қаузалыпты.
«Екі министрдің жақтаушылары Израиль әскерінің Газа секторынан шығуына, босқындардың бұрынғы қоныстанған аумағына қайта келуіне және елдегі ХАМАС тұтқындарын босатуға түбегейлі қарсы. Министрлер соғысты соңына дейін жеткізуді талап етіп отыр. Әйткенмен бұл – қиын шешім. Себебі елдегі оппозиция – солшыл «Еш Атид» партиясының өзі Джо Байден жоспарына келісуде. Тіпті әлеуметтік желіде партия өкілі Яир Лапид министрлер биліктен кетсе, орнына баруға ниетті екенін жеткізді», – деді тілшілер.
Айта кетейік, Байден үш кезеңнен тұратын бітім жоспарын 31 мамырда ұсынған болатын. Алғашқы кезеңде алты апталық бітім жарияланып, Израиль әскері Палестина жерінен толық шығуы шарт. Артынша кепілдегі азаматтар босатылып, босаған өңірге күніне 600 гуманитарлық жүк көлігін өткізуге мүмкіндік жасалмақ.
Кейінгі кезеңде ХАМАС пен Израиль соғысты толық тоқтату туралы келісімге қол қояды. Соңғы кезеңде Палестина аумағын қалпына келтіру шарасы жалғасады деп жоспарланған.
Десе де бұл жоспар айтылған соң 1 сағат өтпей, Нетаньяху ХАМАС толық жойылмайынша, соғыс тоқтамайтынын жеткізсе, Палестина тарапы жоспармен келісетінін айтқан.
«Қос министр бұл жоспарды негізсіз санайды. Айтуларынша, бұл қадам – терроризм жеңісі әрі Израиль мемлекетінің қауіпсіздігіне қатер. Оның үстіне, ұсынылған жоспарды мақұлдау жеңіс емес, жеңіліс екенін жеткізуде. Бен-Гвир болса, билік Байденнің ұсынысын қабылдаса, «Оцма Йехудит» партиясы үкіметті таратуға ықпал жасайтынын жасырмады», – деді авторлар.
Қазіргі таңда тақырыпқа қатысты сарапшылар пікірі әртүрлі. Көбі Байденнің бітім жоспары өзіне ғана керек деген ойда. Яғни алдағы АҚШ Президентінің сайлауында дауыс жинау үшін жасалған қадам деген пікір басым. Бұның себебі Палестинаның жақтастары түрлі митинг өткізіп, үнсіздікті АҚШ-тың сыртқы саясаттағы қателігі деп насихаттауда. Сондықтан Байден ұсынған жоспар қолдау тауып, екі тарап бітімге келсе, демократтардың беделі көтерілмек. Қалай десек те әліптің артын баққаннан басқа жол жоқ.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған
Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: