Сәрсенбі, 02 сәуiр, 19:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№23,2136
01.04.2025
PDF мұрағаты

Бесік жыры – дертке дәру

01.04.2025

315 0

«Ауылда өстім, шаңына аунап не керек..» деген ән шымырлап бойға тарағанда еріксіз ойымызға туған жер, кіндік қаны тамған қасиетті мекен оралады. Шынында, «туған жер – алтын бесік» деп әспеттейтініміз бар. Туған жермен қатар айтылатын бесік иісі қазақтың ғана маңдайына бұйырған құндылықтың ең киелісі. Ана әлдиімен балбырап бесікте ұйықтаған жанның бірі өзіміз болған соң бесік жырының қадір-қасиетін терең сезінеміз.
Ең алғаш әжем мен анамның аузынан естіген ең ғажап
әуеніміз – әлди жыры.

Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем!
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін.
Байқұтанның құйрығын
Жіпке тағып берейін.

Әлди-әлди, аппағым,
Қойдың жүні қалпағым,
Жұртқа жаман болса да,
Өзім сүйген аппағым!
Өміріміздің мәні болған бесік жырын айтып, бөбегінің құлақ құрышын қандырып, қазақтың қасиетті ғұрпын жалғастырып жүрген аналар бәлкім, бар болар, бірақ қалада саусақпен санарлық десек те болады. Көшпелі ғұрпымыздың мұрағатындай ғасырды-ғасырға жалғаған бесіктің киесі барын білсек те, бесік жырының түрлі дерттің емі екенінен бейхабар екенбіз.
Әлеуметтік желіден шығыстанушы Санжар Керімбайдың жазбасын оқып қайран қалдым. Оның айтуынша, 1916 жылы психоневрология институтының негізін қалаған академик Владимир Бехтерев «бала­лардағы невроз ауруының алдын алу үшін бесік жырын тыңдату керек» деген тұжырым айтқан. Ал психолог Виталий Леутиннің айтуынша, бесік жырын тыңдау сәбидің ми қыртысындағы нейронның дұрыс дамуына түрткі болады. Америкалық психолог, медицина ғылымдарының докторы, трансперсоналды психология ғылымының негізін салушы Станислав Гроф «Beyond the brain» атты кітабында бесік жыры баланың психотерапевтік аурудан жазылуына бірден бір себеп бола алатынын ескерткен.
Жалпы бесік жырының ерекше маңызы туралы сөз қозғаған беделді ғалымдар аз болмай шықты. 2001 жылы Ресейдің Тюмень қаласының ғалымдары ұзақ мерзімді тәжірибе жүргізген. Олар жасы шамалас бірнеше сәбиді іріктеп алып, екі топқа бөліп бақылайды. Алғашқы топтағы сәбилер анасынан тұрақты түрде бесік жырын ғана тыңдаса, екінші топтағылар әртүрлі әуен тыңдайды. Алты ай мерзімнен соң, бөбектердің ми қыртысы тексеріледі. Нәтижесінде, әлди әнін тыңдамаған балалардың миындағы нейрон жасушасы баяу дамып, ойлау қабілеті бәсеңдегені байқалған. Уақыт өткен сайын әлди әнін тыңдамай өскен сәбилердің мінез-құлқында психологиялық ауытқу күшейе берген. Олар тез ашуланып, тез шаршайды. Ойлау қабілеті төмендеп, жалқаулыққа бейім, сабаққа ынтасы төмен, науқасқа тез шалдығатыны байқалған.
Зерттеу нәтижесінде ғалымдар бесік жыры сәбидің жүйке жүйесін шынықтырып, мейірімділік, ата-анаға деген махаббат сезімін дамытып, мәнерлі сөйлеуді үйрететінін дәлелдеген.
Олай болса, өзге ұлттың ғалымдарының қызығушылығын тудырған киелі бесік жырының қадір-қасиетін терең сезініп, ата-бабамыздан қалған ізгілікті үрдісті жалғастырғанымыз жөн болар.

Гаухар Қожахметова

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: