1985-1991 жылдары қайта құру саясаты тұсында Наталья Васильевна 1991 жылы Мордва мемлекеттік университетін француз тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп, білім саласында педагогикалық еңбек жолын бастап, Ворошилов атындағы №3 мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып келген еді. Сол кезге дейін орыс мектебі болған білім ордасында алғашқы қазақ сыныптары ашылып жатқан. Мұғалімдердің жалақы алмайтын, халық азық-түлікті карточкамен алатын өте бір ауыр кезең болатын. Қиындыққа мойымаған жас ұстаз Наталья Васильевна қазаққа келін болып, ата-ене алдындағы парызын адал атқарды. Тұңғыш ұлы Ғабиттің тәрбиесімен қатар ұстаздық қызметті бастады. Натальяның бастауыш сыныпта сабақ берген оқушылары 1990 жылдың соңынан бастап жоғары оқу орнын бітіріп, елімізге танымал азаматтар қатарына қосылды. Бастауыш сынып мұғалімі қызметінде жүргенде Наталья Васильевна жаңашылдығымен, кәсіби біліктілігімен, терең адамгершілік қасиетімен ұжымда сыйлы болды.
Наталья Васильевнаның ұйымдастырушылық қабілеті, көшбасшылық қасиеті, білімділігі мен іскерлігі , үнемі шығармашылық тұрғыдағы өзін-өзі дамытуы, қарапайымдылығы мен кез-келген мәселені оңтайлы шешудегі ұстамдылығы талайға үлгі болды.
Еліміздің білім саласына ғана емес, Парламент депутаты болған кезеңде халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге қатысты заңдар қабылдауға өз үлесін қосқанын білеміз. Көпұлтты Қазақстан халқының бірлігі бағытындағы мемлекетіміздің қалыптасуы жолында да қажырлы еңбек етті.
Наталья Васильевна өзге өлт өкілі болғанымен, қазақ тілінде еркін сөйлеп, салт-дәстүрді жіпке тізгендей айтып отыратын. Мектепте басшылық қызметте жүргенде де әр мұғалімнің жүрегіне жол таба білді. Ол кісінің жүріс-тұрысы, адамдармен қарым-қатынасы, қоғамдағы белсенді жұмысы көпке үлгі болды. Өмірде өнегелі із қалдырған аяулы ұстаздың жарқын бейнесі әріптестерінің есінде мәңгілік сақталады. Жаны жаннатта, иманы серік болғай.
Аманғали Есимов,
С.Толыбеков атындағы №3
IT мектеп-лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!