Жексенбі, 23 ақпан, 16:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№14,2127
22.02.2025
PDF мұрағаты

Білте шамның жарығы

18.02.2025

58 0

Сурет Pinterest.kz сайтынан алынды

Далада боран-дауыл ысқырып тұр. Төбесі жұқа, шатыры жоқ үйдің әр жерінен жел улейді. Көне үйдің ағаш терезесінен жылу тысқа шығып кетпесін деп қаққан салапан­нан күн сәулесі сығыраяды. Отын-көмірдің аздығынан алты бөлмелі зәулім үйдің аядай ғана бір бөлмесін паналаған бесеу бір-бірінің түріне үнсіз үңіледі. Отағасы темір тордың арғы бетіне тоғытылғалы отбасының бар бейнетін мойнына алған Пернегүл бірнеше айдың ішінде он жылға қартайып кеткен. Маңдайындағы әжім қыртысталып, тереңдей түсіпті. Қара шай мен қара нанды талғажау етіп, шыдап келе жатқанына да көп болды. Әдепкіде кішкентайы еркелеп, ананы-мынаны сұрайтын. Өмір оны да есейтіп жібергендей.

– Балам, отын жарып, жинап қойың­дар. Мына суық әлі ұзаққа созылатын тәріз­ді, – деді сау тамтығы қалмаған дастар­ханын жинап жатып.

Бейнеттен белі де қайқайып қалыпты. Суықтан болар, бүйрегі де әлсін-әлсін түйіп ауыратын болған. Оған мән берер шама да жоқ. Тағдырдың таяғы одан ауырлау болып тұрған сыңайлы.

Шам жарығының астында үйдің ересек­тері сабақ оқып отыр. Жарық күніге екі сағат қана беріледі. Қалған уақытта осы шам жанға демеу. Балалардың әке жолына жәутеңдейтіні жанына батты. «Құдай-ау, осынша ауыр бейнетті беретіндей не жазығым бар еді» деді күбірлеп. Күйінгені ғой, отыздан енді ғана асқан оның бүгінгі әлпеті жан шошырлықтай. Кешегі аптада күйеуінің жай-күйін білмекке құмалақшыға барған. Онысы рас па, өтірік пе, әйтеуір, «жақын арада қауышасыңдар» деп алыстан үміттің сәулесін сығырайтқандай болып еді. Сол күннің қашан келерін күтіп, мойнын да созып қояды. Үміт соңынан өледі деуші еді.

Осылай күндер жалғаса түсті. Алдыңғы қыз бен ұлды оқуға жіберді. Қайсыбір жылы қызды оқытамын деп байлаған күрең тайды сойды да, жигулиге тиеп, колледждің директорын майлап қойған. Онсыз бірнәрсе болар ма?! Өзіміз қайтпекпіз дегендерге «Абай да «болыс болдым, мінеки, бар ма­лымды шығындап» деген. Құрғақ қасық­тың ауыз жыртатыны бар, құр қолға бата да жүрмейді» деп кесіп айтты. Барған жерінде қыздың оқығаны бар деп айтады ғой. Бастысы, соны ойлады. Ал ұл тегін СПТУ-ға барған. Енді екеуі демалысқа келген сәті еді бұл. Оларды да аттандырарға бес-он тиынын қалтасына салып жіберу керек.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, күйеуінің көк тірәктірі бәріне кінәлі секілді қаңтарылып тұр. Өткен-кеткен жолаушы да «ауылды асырап, отын-суын таситын көлік еді. Ақ боз ат иесіз қалды-ау» деп мүсіркей өтеді.

Осылай күндер зулай өткенде көрші Бәтима желмен жарыса жетті. Оның суыт жүрісін жақтырмай қараған Пернегүл маздап жанып жатқан пештің бір тесігін ашты да тұтқасының бір жағы үзілуге айналған ақ шәугімді қойып барып, бірден отырды.

– Көптен бері үйге кісі келмеді. Көшкен елдің жұртындай болып қалдық, Бәтимаш, – деді.

Жолдасы Пірәлі істі болып кеткелі бір ағайын іздеп келмегені жанына батқан болу керек. Таяқ тастам жердегі жамағайын да қара көрсетпеді. Қорадағы екі сиырын сауып, сүтін көже-қатыққа пайдаланып отырған. Одан басқа сүйенері де қалмады.

– Пернеш, – деді Бәтима аптығын басып. – Пірәліні шығарар амал бар. Анау қорадағы қос сиырыңды сатып, пұлын апарып берсең, қазір-ақ шығарып береді. Мен әлгінде ғана осы жұмыспен сөйлесіп келдім. Қазір қиын кезең ғой. Пейілі кең болғанмен, ағайынның берерге лағы да жоқ. Сен оған ренжіме. Жоққа жүйрік жеткізбей тұр ғой. Егер әлгі айтқаныма көнсең, ертең апарып жолықтырамын.

Бәтима оңды-солды осылай түгендей жүреді. Құдайы-тойда да құлақ түріп, кімнің қай жерде кімі бар, қайда несі бар, соның барлығынан хабардар. Бірақ соның арғы жағында жұртқа көмектесуге бейім болып тұрғанын айтсаңшы…

– Бәтимаш-ау, Құдай қосқан қосағым жанымда отырса, қолда барды беруге бармын ғой. Келістік, ертең көршінің көк жигулімен жолға шығайық, – деді үміт сәулесі жылт етіп, жанарында бір ұшқын пайда болған Пернегүл.

Олар ертесіне жолға шыға алмады. Алдымен көрші ауылдағы базарға қос сиыр­ды ұлымен екеуі жетектеп апарып, сатып келген Пернегүл ауылға кеш қарая бір-ақ жетті. Одан кейінгі күні бар тапқанын орамалға түйіп, прокурорға аттанған. Бәтима екеуі кеткен Пернеш кешкілік үшеу боп үйге оралды. Сондағы балалардың қуанғанын көрсеңіз. Әкенің осыншалықты беделін айшықтай түсті ғой.

Бір қызығы, Пірәлі үйге шыққан соң алыстағы ағайын да, бірінен соң бірі ағыла түсті. Осы үйдің берекесі де, бар байлығы да отағасы екенін сонда түсінген Пернегүл әйелдің қанша жерден шырақ болғанымен, дәл ер азамат тәрізді үйдің тіреуі бола алмайтынын түсінді. Бірақ жылға жуық уақыт шаңырақтың бірлігі мен берекесін кетірмей, түтінін түзу ұшырып, балаларға әкенің орнын жоқтатпай отырғанын өзінше ерлік санады. Расында солай екені де анық еді…

– Бәйбіше, – деді қатқыл үнмен Пірәлі. – Қолда барды жоғалттық деп қапа болма. Өмір барда әлі талай малды боламыз. Айналамызды түгендерміз. Кешегі күнге дейін бетонда жаттық. Денсаулық та мазам­ды алып жүр. Балалардың жас кезінде еңбектеніп, бірді екі қылайық. Әйтпесе, мына түрімнен қорқамын. Алда-жалда…

Пірәлінің сөзін Пернеш үзіп тастады.

– Тәйт, әрі. Сенің осы сөзіңді есту үшін тырысты деймісің?! Еркек емессің бе, мына бейнетті жалғыз көтеруге шама жоқ. Сені тіреу деп сүйеніп жүрмін ғой. Балалар үшін мұндайды ойламауың керек. Нені ойласаң, сол келеді. Жамандық шақырма, – деді жанары жасаурап.

Бұл әңгіме сонымен тәмам болған. Пірәлі әдетінше көк тірәктірді оталдырып, тірлігіне кірісті. Совхоздың қайнаған жұмысының бел ортасында отбасының нәпақасын тауып жүр. Ала жаздай егінде, қыстай отында. Әйтеуір, бір тынған жоқ. Үлкен қызы мен ұлына таршылықты сездірмеді. Екеуі алаңсыз оқуында болды. Бірақ ортаншы ұлдың кенеттен пайда болған сырқаты жанға бататын. Мектепке бармай жатып, аяқтан қалған оны көтеріп, қолға ұстап, апармаған доғдыры, апармаған емшісі жоқ. Бәрі де уақыттың емші екенін айтады. Оған қарсы Пірәлі де, Пернеш те ләм-мим деген емес. Үнсіз бас изеп қала береді. Бірақ бірінен соң екіншісіне, одан үшіншісіне осылай әулиеге де барды, медицинаға да жүгінді. Аурухана мен санаторийде айлап жатқан да кездері болды. Бірде Пірәлі, бірде Пернеш алып жатады. Сөйтіп жүріп, ұлы төрт жасты толтырмай жатып, әліппені жаттап та алды. Енді мектепке барғысы келеді.

– Әкеу, көрші балалар мектепке барып жүр. Мен қашан барамын? – деді арбадан терезеге қарап отырған Әділет.

– Барасың, балам, барасың, – деген Пірәлінің даусы бәсеңдей түсті. Баласының осылай арбаға таңылғанына қарай алмай, теріс қарап жасын сүртіп жатыр.

Баламен бірге сол күйді бірге сезінген екеу үнсіз бір-біріне қарады. Үміт соңынан өледі. Анабір жолы барған емшісі көп ұзамай аяққа тұрады деген. Оған қатты сеніңкіремесе де, оған дейін айтқандарының барлығы да орындалып жатыр. Оған қалай сенбессің. Бірақ әлгі үміттің сәулесі жарқырай түседі.

Күн артынан күн, ай артынан ай өтіп жатты. Күнделікті қарбалас тірлікпен жүрген Пірәлі еңбек майданында еді. Пернеш те жұмысқа тұрды. Баяғы алған дипломы кәдеге асып, мектептің аяулы ұстазы болды да қалды. Үлкен балалар өмірден өз орындарын тапты. Бәрі өзгерді. Тек терезеге қарап телмірген Әділеттің жағдайы ғана бәз қалпында.

Әйтсе де, баяғы емшінің сөзіне сеніп, бір ғаламаттың боларын күтіп жүрген Пернеш қана еді. Баланың емдеу курсын тоқтатпады. Үміті үзілмеді. Сірә, ананың жүрегі бір ғажайыпты сезген де болар.

– Апау, – деп айғайлап жіберді Әділет.

Баласының жан дауысын естіген анасы да, әкесі де өздерін қоярға жер таппай жүгіре жөнелді. Бірінші жаман ой келетіні рас екен. Аулада арбада тынығып отырған баласын бірдеңе шағып алмады ма деп жүгірген екеу мына көріністі көріп, состиып тұрып қалған. Әділет арбаның қасында тікесінен тік тұр. Аяғын жыбырлатып, «Апау, көрдің бе?» дейді жанарынан жас парлаған күйі.

Осы бір қуаныштан соң Пірәлі мен Пернеш ақ қойды құрбан шалып, ағайынның басын қосты. Ел әлі есін жия қоймаған кез еді. Тәуелсіздік деген бақыттың қандай екенін енді ғана сезініп жатқан. Қаржылық қиындық дегеніңіз бас көтертпейді, бірақ кең пейіл жоқтықты білдірмейді. Ал Әділет енді мектепке бара жатқан балаларға терезеден қарап телмірмейді. Ол да мектеп көретін болды. Бәрінен бұрын соған қуанды.

Пернеш білте шамды әдемілеп қойды да, Әділеттің сабағына көмектесуге кірісті. Алдыңғы балаларға шырақ болған білте шам енді Әділеттің қажетіне асуда…

Аян СПАНДИЯР   

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: