Бейсенбі, 26 желтоқсан, 00:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Биыл су тапшылығы бола ма?

23.04.2024

501 0

Көктемгі егін науқаны басталды. Ал биыл егістікке су мөлшері қаншалықты жетеді? Мамандар не дейді?

Бұл мәселеге «ҚазСуШар» ШЖҚ РМК Қызылорда филиалының «Қызылордасушар» мекемесінің басшысы Жорабек Нұрымбетов жауап берді.
– Аймақ халқының 60 пайызы елді мекенде тұратыны белгілі. Олардың күнкөрісі – егін мен мал шаруашылығы. Сондықтан мұндағы тіршілік тікелей Сырдария өзенімен байланысты екені белгілі. Сол себептен бұл өзен біздің күнкөрісіміздің негізгі көзі деп те айта аламын.
Енді Шардара су қоймасына келсек, былтырғымен салыстырғанда 4,7 млрд метр куб су жиналуда. Былтыр бұдан да көп су жиналған болатын. Оған қоса Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінің жұмыс кестесі бақылауға алынып, жергілікті атқарушы органдар Сырдария өзеніндегі су шаруашылығы жағдайына күнделікті мониторинг жүргізеді.
Айталық, былтыр Көксарай су реттегішінде 1 млрд 857 млн метр куб су жиналса, биыл 460-тан асады. Сонда былтырғыға қарағанда едәуір аз жиналғаны байқалады. Демек биыл да облыста су тапшылығы болуы мүмкін деген болжам бар. Бізге жыл сайын егістен бөлек, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында 100 млн-дай су бөлінеді. Биылғы су тапшылығы мәселесіне орай 94 млн су бөлінеді деп отырмыз. Енді осы су көзін игеріп, алып қалуымыз қажет. Жалпы биылғы су тапшылығы алдын ала сезіліп, оған қатысты шаралар қолға алынуда, – дейді Ж.Нұрымбетов.
Расында, ырзық-несібесін жерден тапқан диқандар үшін егін маусымы оңайға соқпайын деп тұр. Күрішшілерді алаңдатқан мәселе – судың жайы. Сырдарияның деңгейі жылдағыдан әлдеқайда төмен түсіп кеткен. Сондықтан жазда егістікке су жеткізу қиынға соғатынын мамандар да ашық айтып отыр.
– Облыс бойынша негізгі дақылымыз – күріш. Ал бұл өнімге су көп керек. Соған орай күрішке берілетін көлемді 5000 гектар жерге дейін азайтып отыр. Оның ішінде қаладағы күріштік алқаптың 300-350 гектарға дейін азайту көзделуде. Сонымен қатар оның орнына суды аз пайдаланатын дақылдарды егу жоспарлануда. Соған сәйкес егістік жерлерін дайындау жұмысы басталып та кетті.
Дарияның төменгі бөлігінде орналасқан Сыр өңірі үшін су тапшылығы кейінгі жылдарда күн тәртібінен түскен жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Түркістан және Қызылорда облысында су тапшылығы болуы мүмкін екенін ескертіп, су ресурстарын ұқыпты пайдалануға көңіл бөлу қажеттігін айтты. Шынында, ендігі кезекте біз осы бағытта тыңғылықты жұмыс істеуге тиіспіз. Біздегі басты мақсат – суды үнемдеу, – дейді мекеме басшысы.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: