Жексенбі, 24 қараша, 15:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Біз үшін оқырманның бағасы бәрінен қымбат

29.06.2024

424 0

Сурет:lawtrend

Нөмірден-нөмірге дейінгі өмірде жанталасып мақала жазып, ақпарат іздеп, тыным таппайтын журналистер қауымының жыл он екі айда құрметке бөленетін бір күні бар. Кәсіби мерекеде бір сәт ізгі лебізге жүрек жылып, оқырманның, қоғамның ыстық ықыласына бөленетін қалам ұстаған жандар үшін бұл мереке ғана емес, мерекеден-мерекеге дейінгі өз-өзіне есеп беруі десем артық айтқандық емес. Себебі жылдың жартысын тәмамдап, оқырманын түгендеп, газетке жазылушылар көбейсе қуанып, азайса мұңайып қалатынымыз жасырын емес. Себебі смартфоны қосулы болуы үшін ақша аямайтын елдің газет-журнал, кітапқа келгенде ойланып қалатыны жасырын емес. Дәл қазір әлеуметтік желілердегі қызылды-жасыл дүние қызықтырып, сәт сайын жаңалықтар лентасы көзді ашып-жұмғанша шыр айналып жатқанда оқырманның да қалауы өзгерді. Жаңа медиа талабына сай болу үшін дәстүрлі медиа өкілдері де қол қусырып қарап отырған жоқ. Оқырманға қалайда нақты ақпарат, талдау, сараптама, зерттеу ұсыну үшін журналистер де ізденіс үстінде. Жұрт тәуелді болған әлеуметтік желіні де дәстүрлі медианың көмекші құралы ретінде пайдалануға еңбектеніп жатыр. Әйтеуір, ақпараттар тасқыны ғасырында өз орнын сақтап қалуға
жанкештілік байқалады.

Кәсіби мерекеде оқырманға есеп беру дәстүрімізден жаңылмағанды жөн санадық. Көзі қарақты оқырманға белгілі, биыл «Ақмешіт апталығы» газетінің жарыққа шыққанына 30 жыл. Осы уақыт ішінде талай биікті де бағындырып, түрлі сыннан да сүрінбей өткен басылым бүгінде сүйікті оқырманының қолында. Бұл газеттің негізін қалаған, белгілі қаламгер Әділхан Бәйменнің өзі өмірден озса да, өшпестей із қалдырған аманаты десек, аманатқа қиянат жасамай, ұстаздың ізін жалғаған шәкірттері, бір басылымның ғана емес, қазақ журналистикасының қара нарына айналған ағалардың еңбегінің жемісі. Ендігі міндет – ұлттың үніне айналған газеттің сапасына сына түсірмей, оқырманын жоғалтпай, еңбек ету. Жарыққа шыққан күннен бастап ұлттың үні, ұлттық құндылықтардың насихатшысы болған басылымның бүгінде бағыты өзгеріп, қалалық газет статусын алғанмен, ұлттық құндылықтарды насихаттау миссиясын бір сәтке ұмыт қалдырған жоқ. Бұл орайда биыл ұлттық құндылықтардан ажырамаған ауылдарды жаңа қырынан көрсету мақсатында «Қарашаңырақ» жобасын жүзеге асырдық. Ауылдағы ағайынның тіршілігін қаз-қалпында жеткізу үшін журналистік топ қалаға қарасты ауылдарды аралап, ауылдың жайын боямасыз жеткізді. Тағы бір атап айта кетерлігі, жаңа технология мүмкіндігін пайдаланып, ауыл тіршілігін таспалап, ол ютуб арнаға жүктелді. Сонымен қатар шығармашылық топтың «Шынымды айтсам» атты подкаст жазуы да оқырман сұранысына ие болды. Елге белгілі тұлғалармен сұхбатты ютубқа жүктеп, оқырманға шынайы қалпында жеткізе алдық. Ал «Уәде» атты жаңа айдар да оқырман сұранысына қызмет етуде. «Еститін Үкімет» бағдарламасын тиімді пайдаланып, билік пен халық арасындағы алтын көпір қызметін атқара білген басылым оқырманның мәселесін дер кезінде жауапты басшыларға жеткізіп, әкімнен бастап, мекеме басшыларын, халық қалаулысын бір алаңда жинап, мәселені талқылауға ықпал етіп жүр.
Жаңа медиа талабына бейімделу маңызды екенін естен шығармадық. Газетті оқыту мақсатында әлеуметтік желінің күшін пайдалану, жаңа технология игілігін көру мақсатында өңірде алғашқылардың бірі болып, жасанды интеллект технологияларын пайдаландық. Әдепкіде жасанды интеллект жазған шағын мақалаларды оқырманға ұсынсақ, кейін апта соңында газетке шолу жасау үшін жасанды интеллект арқылы әзірленген цифрлық жаңалықтар аватарын жасадық. Бүгінгі күнге дейін жасанды интеллект тілшісі басылымға шолу жасап, оқырманды газет оқуға үндесе, енді оның жанына шілде айынан бастап жасанды интеллект тілшісі Аққағаз қосылмақ. Бұл біздің жаңа технологияны жаңа медиа талабына сай пайдаланудағы ұзақ зерттеген еңбегіміздің нәтижесі. Бір сөзбен айтқанда, сапалы газет шығару, тәуір дүние ұсыну жолында аянбай еңбек етіп келеміз. Мұндағы мақсатымыз – оқырман көңілінен шығу. Себебі біз үшін оқырманның бағасы қымбат.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: