Қазақ тарихында есімдері алтын әріптермен жазылған тұлғалар мен тарихи орындарымыз жеткілікті. Әйтсе де, бүгінгі қоғамда олардың көпшілігі еленбей, тарихтан өз бағасын ала алмай жүр. Көңілдегі сан сауалды Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғалым-хатшысы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Асхат Қожагелдіұлына жолдаған едік
– Елеусіз қалған есімдер… Қазақ қоғамына қомақты үлесі бар қайраткерлер, рухани тұлғалар көп. Елеусіз, көп қабірдің бірі боп жатыр. Қадірі қашан артады деп ойлайсыз?
– Сыр өңірінің тарихы әлі де толыққанды зерттелді деп айта алмаймыз. Соның ішінде атақты Қоңырқожа Қожықовты ерекше атауға болады. Ол – Мемлекет қайраткері. Кезінде Түркістан автономиясында болған, алашордалықтарға қосылып, Алаш қозғалысына атсалысқан. Ол – біздің жерлесіміз. Қоңырқожаның тарихтағы ең ірі еңбегі – төте жазуға бағытталған әліппені шығаруы. Кезінде орта Азияда ірі медреселердің барлығы арап әліпбиінде оқытты. Араб тілін қазақ балаларына өте қиын екенін түсінген Қоңырқожа өзінің төте жазуға негізделген әліпбиін шығарды. Бұл 1912 жыл болатын. Қоңырқожаның бұл еңбегі білім саласына үлкен реформа болды. Қазақ балаларының 5 жылда алатын білімін 2 жылға қысқартып, білім саласына үлкен дүмпу болды. Шығыстағы бүкіл түркі халқының ұстазы болған Исмаил Гаспринскийдің өзі Қоңырқожа Қожықовты жоғары бағалады. Ел ішіндегі деректерге сүйенсек, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы өзінің әліпбиін жасап шығарарда Қоңырқожаның еңбегіне көп сүйеніпті. Тіпті өзімен жолығып кеңес алған деген де деректер бар. Міне, біздің осындай тұлғамыздың атында қазір не көше жоқ, не мектеп жоқ. Ең сорақысы, тарихи тұлғалардың тізіміне де енбей қалған. Оның балаларының барлығы да қазақ мәдениетіне, ұлттық құндылыққа барынша үлес қосты. Атақты «Қыз Жібек» көркемфильмінің режиссеры Сұлтанахмет Қожықовтың өзі неге тұрады?! Қызылорда қаласында ағайынды Қожықовтар көшесі бар. Яғни, Қоңырқожаның балаларының атында. Ал өзінің аты ұмыт болып барады. Білім саласының дамуына елеулі еңбек сіңіріп, қазақ балаларының білім алуына жағдай жасаған тұлғаның атына Қазақстанды айтпағанда, Қызылорда облысындағы бір мектептің атын бермеу – үлкен сын. Аты аталмай жүрген тұлғалардың бірі Қоңырқожа деп атауға болады. Тағы бір айта кетерлік тұлғалардың бірі – Алтайбек ахун Аязқожаұлы. Ол – Қоңырқожаның атасы, ХІХ ғасырда өмір сүрген. Ол 1913 жылы дүниеден өткен. Сыр бойындағы діни ағартушылардың бірі. Бір әттеген-айы, Алтайбек ахунның зираты қазір мүлдем жойылып кетті десек те болады. Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі – Қоғалыкөл ауылдарының ортасында орналасқан. Қоңырқожадай Алаш қайраткерінің, Сұлтанахметтей мәдениет майталманының атасының зиратының осы деңгейде жатуы – біздің тарихқа деген енжарлығымыз санаймын.
– Тарих беттерінде алтын әріптермен жазылуға тиіс есімдер ғой. Осыдан біраз уақыт бұрын жазушы-зерттеуші Жұмабай Байзақұлы қазіргі Қоғалыкөл ауылын Мұңайтпастың атына, сол ауылдағы мектепті Қоңырқожаның атына беру туралы мәселе көтерген болатын. Қарап отырсаңыз, ойланарлық дүние екен…
– Қазақ тарихындағы ақтаңдақ беттерді ақтарсаңыз, Лапиндер әулетіне жиі кезігесіз. Бұл – тек қазаққа ғана емес, орта Азияға белгілі әулет. Лапиндер тәрізді әулет жоқтың қасы. Мұңайтпас атақты би, болыс болған. Арқада Құнанбайды халық қаншалықты қадірлесе, Сырда Мұңайтпасты дәл солай төбесіне көтерген. Оның балаларының барлығы халыққа қызмет жасаған. Мұңайтпастың әкесі Лапы Құдайдан перзент сұрап, атақты Қожжан Қожа әулиенің басына түнеген екен. Сонда «Сен маған емес, Мүлкәлән әулиеге бар» деп аян беріпті. Қазір Сырдария мен Жалағаштың шекарасында сол Мүлкәлән әулиенің кесенесі бар. Лапы сол жерге барып түнейді. Сонда әулие Лапыға аян беріп, «Ұрпағың бүкіл Алаш жұртына қызмет істейді» деген екен. Көпшілік бабалардың қасиеті, аян беруі деген нәрсені жоққа шығарғысы келеді. Бабалардың рухы қолдап жүретініне сенгісі келмейді. Олай болмайды.
Осылайша өмірге Мұңайтпас келеді. Оның балаларының ішінде шоқтығы биігі – Сералы Лапин. Ол орта Азияға белгілі тұлға болған. Шахнаманы ең бірінші аударған Сералыны әлемнің сол кездегі мықты ғалымдарының барлығы мойындаған. Романовтар әулетінің 300 жылдығы қарсаңында Петербургте мешіт салуды ұсыныс етіп жолдаған Сералы Лапин 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде жазаланған қазақтың небір марғасқаларын ақтау үшін Мәскеудің орталығында арнайы нотариус ашқан. Мұндай ерлік кез келгеннің қолынан келмейді. Ал 1918 жылы ол Германияға барған сәтінде неміс үкіметі Сералы Лапинді Түркістанның президенті ретінде қабылдаған. Міне, қараңыз, Сералы Лапин де, Мұстафа Шоқай да осылай елге қызмет етіп, Орта Азияны басқарды. Бұл жайлы Лапиннің өзінің сөзінде де «Мені Қоқан, Хиуа, жалпы Бұқараның халқы мені қолдайды» деп келтіріледі.
Осыдан екі жыл бұрын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына Ырғыз арқылы бара жатып, Торғайдан 80 шақырымда жатқан Ақкөл деген ауылдың үстімен өттік. Сонда жолда ойнап жүрген 5-6 жастағы қазақтың қарадомалақ балаларынан Торғайдың бағытын сұрағанымызда «Ахмет атаның тойына бара жатырсыздар ма?» деп сұрады. Мен сонда Торғайда Алаш идеясын құрметтеудің бір ғасырлық дәстүрі қалыптасқанына көз жеткіздім. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін осылай өнеге ретінде қалыптастырған. Ал біз тарихи тұлғаларымыздың бірі Мұңайтпасты неге сол деңгейде құрметтемейміз?! Оның белгісі кешеге дейін қалың шеңгелдің арасында елеусіз жатты. Осыдан екі жыл бұрын ұрпақтары басына белгі қойды. Ол жерге Мұңайтпас екі баласымен бірге жерленген. Ұрпақтары рухына құран бағыштап, үлкен белгі қойды. Ұрпақтарына алғысымыз шексіз. Біздің Мұңайтпасқа деген құрметіміз «бір белгі қойды, болды» болып қалмау керек. Мұңайтпас – сол кездегі үш бірдей халық комиссары Қоңырқожа Қожықовтың, Сұлтанбек Қожанов пен Санжар Асфендияровтың қайныатасы. Мұңайтпасты әлі де ұлықтауымыз керек…
– Білуімізше, Сералы Лапин бұл белгітаста жерленбеген…
– Иә, Сералы Лапин – Өзбекстан астанасы Самарқандтағы Шахи-Зиндаға жерленген. Оның жерленген жері жоғалып кеткен екен, оны тауып, біздің елден зиялы қауым өкілдерінен, ұрпағынан құралған делегация арнайылап барып, белгі қойды. Олардың ішінде Қоңырқожаның немересі Сәуле Құлахметова, Хазіретәлі Тұрсын ағамыз бастаған ғалымдар болды. Біз өзіміздің жоғалтып алған тарихымызды тірілтіп, мемлекеттік деңгейде үлкен жұмыстар жасауымыз керек.
– «Қыз Жібек пен Төлеген», «Қозы мен Баян» деген қатарға Сараман-Қоса деп қоссақ деп жүргеніңізді білеміз. Оқырманға түсінікті етіп айтсақ… Қолда бардың қадірін білген жақсы ғой…
– Сараман-Қоса – мемлекеттік деңгейдегі тарих және мәдениет ескерткіші. Мұнаралы құрылыстарға жататын ескерткіш. Бұл қатарда ерекше айтып өтетін нәрсе, бізде орта Азияда жоқ мұнаралы кесенелер мен ескерткіштер бар. Сіз айтып отырған мұнара оғыз дәуірінде салынған. Кейіннен ХІІІ-ХІҮ ғасырларда сырты қайта жаңғыртылған болу керек.
Бұл мұнара туралы көптеген аңыз бар. Бір деректерге, екі жігіттің достығы деп айтылады. Екеуі зәбір көріп, өлтірілген деп келтіріледі. Ал тағы бір деректерде айтылатыны: Сараман – жігіт, Қоса – оның ғашығы. Сараман аң аулап жүріп, Қосаның ауылына келеді. Сол жақта екі жас бір-бірін көріп, ғашық болады. Екеуі сол ауылдан қашады. Қоса – байдың қызы, Сараман – кедейдің баласы. Қыздың ағалары арттарынан қуып жетіп, Сараманды да, Қосаны да өлтіреді дейді. Бізде «Шығыстың жеті ғашығы», қазақтың «Еңлік-Кебек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» деген тәрізді біз неге Сараман-Қосаны жарыққа шығарып, дәріптемейміз?! Біз сол ғашықтардың қатарына қосуымыз керек. Сыр бойындағы махаббат символдарының біріне айналдырсақ, қанеки?!
– Алаш қайраткерлері тақырыбына қайта оралсақ… Негізі Қызылорданы Алаштың жүрегі деп айтуға болады. Бірақ осы бір маңызымызды айшықтай алмай жүрген сияқтымыз…
– Бұл жердегі мәселе Алаш қозғалысын үш жерде жоғары деңгейде атап өтеді. Семей, Жымпиты және Торғай. Бұл жерде Қызылорда ұмыт қала береді. Біздің Ақмешіт 1925-1929 жылдары астана болды. Алашорда қайраткерлері жоғарыда біз айтып кеткен үш жерге қарағанда Қызылордада ұзақ уақыт жұмыс істеді. Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнар апамыздың «Біздің ең жайма шуақ күндеріміздің бәрі Қызылордада өтті» деген керемет сөзі бар. Алаш қайраткерлерінің көпшілігі Қызылордада тұрып, қазіргі Қазақстанның негізін қалады десек, артық айтқандық емес… Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовтар осы жерде тер төкті. Ең маңыздысы, қазақ деген ұлтымыздың атауымен қайта қауышқан сәтіміз де осы біздің Сыр өңірінде болған. Біздегі ең басты кемшілік – осының бәрін мойындата алмауымызда. Барлық қазақ тарихында жоғарыда атап өткен үш жер ғана ерекшелеп Алашорданың бесігі айтылады.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығында Қызылордада тұрған жерін іздедік. Міржақып Дулатов екеуі Садовая көшесіндегі №9 үйде тұрған екен. Ол үй қазір бұзылып кеткен, орнына жаңа ғимараттар салынған. Біздің бір қателігіміз – сол жерге бір белгітас орнатпағанымыз. Қызылорда астана болған уақытта Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов осы үйде тұрған деп жазып қойсақ, қандай керемет. Алаш қайраткерлері қаланың қай жерлерінде, қай үйде тұрды – соның бәріне ескерткіш қоюымыз керек. Алаш қайраткерлеріне арнап үлкен аллея ашсақ та болады. Белгілі ғалым Серікбай Қосанов ағамыз да біраз ұсыныстар айтты. Солардың бірі – «Алаш кеңесі қайраткерлерінің Қызылорда кезеңі» деген үлкен көптомдық еңбек жазайық деген ұсынысы. Бұл да Қызылорда қаласының ғасырлық тойына жасалған үлкен сый, тарихи тарту болар еді…
Мен өзім музей маманы болғандықтан, Алаштың жүрегі болған Қызылордада Алаштың тарихына қатысты Алаш кеңесі қайраткерлерінің жақсы бір музейі болса деп ойлаймын. Сол кезде біз өзіміздің терең, қатпарлы тарихымызды басқаға мойындата аламыз.
– «Алтын Ордаға – 800 жыл». Мұны ерекшелеп айтпауға болмас…
– Сыр бойы – тоғыз жолдың торабында, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Ортағасырлық саяхатшылар «Аралдан үйдің үстінен секірсе, Отырарға дейін үйдің үстімен барасың» дейді. Бұл ойдың астарында бізде үлкен қала мәдениетінің болғанын аңғаруға болады. Оның ішінде Алтын орда – біздің тарихымыздың ең маңызды кезеңі. Ортағасырлық Сығанақ қаласы үш мемлекеттік астанасы болды деп насихаттап та жүрміз ғой. Бірақ, зерттеу өте мардымсыз. Мен бұл бағытта үш-төрт қаланы ғана атап өтейін, содан-ақ түсінесіз. Сығанақ, Асанас, Жент, Жанкенттің жанындағы Мыңтөбе деген қала бар. Осы төрт қаланың өзі жақсылап зерттелсе, төрт бұрышымызды түгендеген болар едік.
Сығанақты қазір насихаттап жатырмыз. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық дәліз жолының бойында орналасқан. Біздің студент кезімізден «Мәдени мұра» бағдарламасы басталды да кешенді қазба жұмыстары басталды. Оған да қазір 20 жылдан асты. Бірақ, әттегенайы сол, ол жерге біз осы уақытқа дейін туризмге лайықталған кешен салмадық.
Осы жерде айтып өтейін, мен 3-4 жыл бұрын Атыраудағы Сарайшық қаласында болдым. Ол да – Қазақ хандығының астанасы болған қала. Ол жерде де қазба жұмыстары жүргізілген. Биыл ол жаққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы барған сәтті сондағы визит орталық пайдалануға берілді. Батыстағы ағайындар Сарайшықты осылай өте жоғары деңгейде дәріптеп жатыр. Енді Түркістанды айтайық. Оны айтпасақ та, қазақтың рухани астанасы атанған аймақтың қаншалықты насихатталып жатқанын көзі қарақты оқырман көріп, біліп отыр. Ал біз Сығанақты өз деңгейінде насихаттай алмай келеміз. Мұны жергілікті ғалымдардың ұяңдығы деп ойлаймын. Өйткені, ұлыстың 750 жылдығында да Сығанаққа анау айтқандай мән берілген жоқ.
Мысалы, Сарайшықта пантеон қойған. Әрбір пантеонда әрбір ханның құлпытасы тұр. Сол жерге барған әрбір адам олардың рухына құран бағыштайды. Бізде де бар ғой, Ақ Орданың ханы Мүбәрәк қожа, Ерзен хан, қазақ хандарының атасы Орыс хан мен Барақ хан, Керей мен Жәнібек, кешегі Есім ханға дейінгі қазақ хандарының барлығы Сығанақта билік жасады. Неге біз сол тарихи тұлғаларымызға осылай құрмет жасасақ неге жараспас?! Осындай хандар билік етті деп біз неге жазып қоймаймыз?! Келешек жастарымыз соның барлығын көріп, әсер алып, ұлттық рухымыз асқақтап тұрар еді. Біз оны да жасаған жоқпыз. Енді Алтын Орданың 800 жылдығы. Ал біз ешнәрсе істеген жоқпыз. Жоғарыда айтылған төрт қаланың өзін жақсылап зерттесек, тарихымызға салынған көп олжа болар еді…
– Орта ғасырлық көне қалалар… Көшербаевтың кезінде аспанасты музейі болады деген Қышқала, Жент, Баршынкент сынды көне қалалардың зерттелу деңгейі қалай? Жоғымызды бүтіндеуде 400-500 шақырымға инфрақұрылым тартуға құштармыз. Елдің іргесінде тұрған құндылықтардың қадірін арттыруға құлықсызбыз. Неге деп ойлайсыз? Профессор Мадияр Елеуовтің де тауы шағылып еді осыны айтып…
– Қышқала – ауылдық жерге тиіп тұрған жақын орта ғасырлық алтынордалық қала. Шынын айту керек, бұл салаға қаржы өте аз бөлінеді. Оның инфрақұрылымын қисынға келтіру қиын. Марал Ишан кесенесін, Қорқыт ата кешенін, Қорасан атаның кесенесін реттеуді қолға алып жатыр. Бірақ осы мәселелердің барлығына бір ғана себеп тұр. Ол – біздің тарихымыз бен мәдениетімізге енжарлы рлықпен қарауымыз. Оның арғы жағында бұл салаларға қаражаттың өте аз бөлінуі бар.
Мен биыл ортағасырлық «Жанкент» экспедициясына қатыстым. Ол жақта халықаралық түрік академиясы қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өзбек әріптестердің айтуынша, біздің Сыр бойында музеефикация жағы кенжелеп қалған. Ол не? Мысалы, әлгі медресені қайта жаңғыртып, қалпына келтірсек, сол – музеефикация. Мысалы, келген туристер болсын, жергілікті тұрғындар болсын, халықтың қызығушылығын тудыратын қадам. Жанкентте, Шірік-Рабатта, Сығанақта қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр, бірақ ол жерде де музеефикация жоқ. Әріптесіміз Әзілхан Тәжекеев Жанкентте бір-екі бөлмені музеефикация жасады. Ол жерге барғанда өте жақсы әсер аласыз. Сол уақытта адамдардың қалай өмір сүргенімен таныса аласыз. Негізі осы жұмысты қолға алса, бұл бағытта да біраз ізденістер болар еді… Қышқаладан да музеефикация жасауға болар еді…
– Шыныңызды айтыңызшы, руханиятқа шынайы жанымыз ашып жүр ме?
– Қазіргідей ақпараттық дамыған заманда идеологияға қатты мән беру керек. Осы салада жүрген мәдениет саласының мамандары мен қызметкерлеріне жағдай жасалу қажет. Ұлттық идеологияның негізгі механизмі – мәдениет. Әлі де мемлекет тарапынан осы салаға қамқорлық пен қолдау керек. Кезіндегі «Мәдени мұра», «Халық тарих тоқынында», «Рухани жаңғыру» сияқты көп жылға созылған бағдарламалар қолға алынып, ұлттық идеологиямызды күшейтуде, қадамын нықтауда әлі де еңбектену керек. Осыған дейін де мұндай жұмыстар жүрді. Шет елдердегі архивтерден қаншама құндылықтарымызды қайтарып алдық. Мұның нәтижесі болатынына сенемін.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен
Дәулет ҚЫРДАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!