Сенбі, 31 қаңтар, 01:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№8 (2220)
31.01.2026
PDF мұрағаты

Ботакөз Досжанова, Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі: Информатика пәні компьютерді пайдалануды үйрететін сабақ емес

31.01.2026

40 0

Ақпарат пен технология дәуірінде цифрландыру өміріміздің барлық саласына еніп, білім беру жүйесіне де тың талаптар қойып отыр. Информатика пәні компьютерді пайдалануды үйрететін сабақ емес, ол оқушылардың логикалық ойлауын дамытып, болашақ мамандығын айқындауға бағыт беретін маңызды пәнге айналды. Осы орайда, жас ұрпаққа сапалы білім беріп, олардың IT саласына қызығушылығын оятуда мұғалімнің рөлі ерекше. Солардың бірі – Т. Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі Ботакөз Досжанова. Білікті маманмен сұхбаттасып, оның кәсіби жолы, оқытудағы ұстанымы және қазіргі ақпараттық технологиялардың білім беру саласындағы маңызы туралы ой-пікірін білген едік.

– Информатика саласын таңдауыңызға не себеп болды?

– Мен информатика саласын таңдаған кезде бұл бағыт жаңа қарқын алып келе жатқан, болашағы зор мамандық екенін байқадым. Цифрландыру үрдісі басталып, ақпараттық технологиялар барлық салаға жаппай еніп жатты. Сол уақыттағы таң­дауымның дұрыс болғанына қазір көзім жетіп отыр. Информатика тек бағдарламалау ғана емес, логикалық ойлау, мәселелерді шешу, шығармашылық пен аналитиканы қатар талап ететін әмбебап салаға айналды. Еңбек жолымды осы №264 мектеп-лицейінде бастадым. Жас маман ретінде алғашқы қадамымды өзім қызмет ететін осы білім ордасында жасап, сол кезден бері информатика пәнінен сабақ беріп келемін.

– Оқушыларға білім беруде ең басты педагогикалық ұстанымыңыз қандай?

– Оқушымен жұмыс істеуде мен үшін ең маңызды қағида – күрделі тақырыптарды баланың жас ерекшелігі мен қабылдау деңгейіне сай бейімдеп, өмірден алынған нақты мысалдар арқылы түсіндіру. Теорияны құрғақ жаттатпай, тұрмыстық жағдайлармен байланыстыра баяндасам, оқушылар жаңа материалды тезірек ұғып, логикалық ойлауы дамиды. Мұндай тәсіл пәнді саналы түрде меңгеруге, алған білімін өмірде қолдана білуге ықпал етеді деп санаймын.

– Информатика пәнін оқытуда қандай цифрлық платформалар мен онлайн-құралдарды қолданасыз?

– Заман талабына сай сабақтарымда түрлі цифрлық ресурстарды пайдалануға тырысамын. Мысалы, үй тапсырмасын пысықтау немесе жаңа тақырыпты бекіту кезінде Wordwall, LearningApps, Educandy, Gynzy сияқты онлайн-платформалардың көмегі зор. Осындай құралдар арқылы сабағымды түрлендіріп, оқушыларды қызықтырамын. Цифрлық платформалар материалды ойын форматына келтіріп, интерактивті түрде ұсынуға мүмкіндік береді, нәтижесінде балалар информатикаға қызыға түседі.

– Қазіргі таңда мектеп оқушылары үшін информатиканың қандай бағыттары ең өзекті деп санайсыз?

– Мектеп оқушылары үшін информа­тикадағы ең өзекті бағыттар – бағдарламалау және жалпы логикалық ойлау дағдылары. Бағдарламалау негіздерін білу оқушыға тек ІТ саласында ғана емес, кез келген салада қажет болары сөзсіз. Ал алгоритмдік, қисынды ойлай алу қабілеті – әлемде жылдам өзгерістерге бейімделу үшін аса маңызды қасиет. Сондықтан информатика сабағында осы бағыттарға ерекше көңіл бөлінгені дұрыс. Өз сабағымда ең алдымен алгоритмдік және логикалық ойлауды дамытуға басымдық беремін. Оқушыларға бағдарламалаудың негіздерін үйрету барысында олардың алгоритм құру, мәселелерді бөліп шешу дағдыларын қалыптастыруға тырысамын. Сондай-ақ бағдарламалау тілімен жұмыс істеу және деректер қоры бойынша негізгі түсініктерді беруге көңіл бөлемін. Яғни, шәкірттерімнің ІТ саласын түсініп, болашақта түрлі бағытқа бейімделе алуына жағдай жасаймын.

– Оқушылардың ІТ жобаларында таңдаған бағыты көбінесе неге байланысты? Мұғалімнің ықпалы, ата-ананың пікірі, достар ортасы, әлеуметтік желілер ме, әлде нарықтағы жалақы деңгейі ме?

– Менің байқауымша, оқушылар жоба­лық жұмыс үшін бағыт таңдағанда көбіне әлеуметтік желілерде көрген трендтерге және нарықтағы мамандықтардың жалақы деңгейіне елеңдейді. Қазіргі жастарға интернеттегі ақпараттың ықпалы зор. Әлеу­меттік желілер арқылы қай сала қызықты, қайсысы табысты екенін көріп-біліп отырады. Сол себепті олар ІТ бағытын таңдауда өз қызығушылығынан бөлек, сол бағыттың қоғамдағы беделі мен қаржылық мүмкіндігін де ескереді деп ойлаймын.

– Оқушыларға кәсіби бағыт таңдауда сіз қандай қолдау көрсетесіз?

– Оқушыларға маман­дық пен ІТ бағыт таңдау­да барынша қолдау көр­­сетуге тырысамын. Мек­­те­­бімізде кәсіби бағдар беру мақ­сатында арнайы кез­десу­лер мен сынып сағаттарын өткіземіз. Өз тарапымнан информатикаға қызығатын бала­ларды қосымша курстар мен үйірмелер­ге қатысуға ынталандырамын. Сондай-ақ оларды түрлі олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарына қатысуға жетелеп, қажетті дайындық жүргіземін. Мысалы, кейбір оқушыларды робототехника неме­се бағдарламалау үйірмелеріне бағыттап, жоба­лар жасауға қолдау көрсетемін. Осын­дай қолдаудың нәтижесінде балалар өз қызығушылығын нақты іспен сынап көреді әрі болашақ бағытын анықтауына көмектеседі.

Ботакөз Досжанова, Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі: Информатика пәні компьютерді пайдалануды үйрететін сабақ емес

– Оқушыларыңыздың соңғы жылдар­дағы елеулі жетістіктері туралы айтып өтсеңіз…

– Шәкірттерімнің жеткен жетістіктері аз емес. Соңғы жылдары олар информатика бойынша өткен ғылыми жобалар байқау­ларында жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Рес­публикалық ғылыми жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. Мәселен, 3D графика және робототехника бағытындағы сайыста балаларым 2-ші, 3-ші орындарды иеленді. Бұдан бөлек, бағдарламалау және веб-сайт жасау бойынша өңірлік жарыстарда да топ жарып жүрген оқушыларым бар. Бұл жетістіктер мен үшін үлкен қуаныш және оқушыларды шабыттандыра түседі.

– Оқушылардың ІТ саласына бейімді­лігін қалай бағалайсыз? Оларды дұрыс бағыттау үшін нені ескеру қажет деп ойлайсыз?

– Жалпы, қазіргі оқушылардың ІТ сала­сына қызығушылығы орташа деңгейде деп айтар едім. Яғни, компьютер мен гаджет­терді күнделікті пайдаланғанымен, оның ар жағындағы бағдарламалау, робототехника сияқты тереңірек бағыттарға барлық бала бірдей құмартпайды. Оқушыларды ынта­ландыру үшін оқыту әдістемесін дұрыс жолға қою маңызды.

– Алдағы 5-10 жылда Қазақстанда қай ІТ бағыттары ерекше сұранысқа ие болады деп ойлайсыз?

– Елімізде ІТ саласында бірнеше бағыт­тың сұранысы артатыны айқын. Менің ойымша, солардың ішінде робототехника, бағдарламалау, компьютерлік ойын құрас­тыру және веб-сайт әзірлеу ең танымал және қажетті салаларға айналады. Техника күннен-күнге күрделеніп, автоматтандыру қарқын алып келеді, сол үшін робототехника мамандары ауадай қажет. Бағдарламалау мен веб-әзірлеу дағдылары қазірдің өзінде сұранысқа ие, болашақта да түрлі кәсіпте маңызды орын алмақ. Ал ойын индустриясы жаһандық деңгейде өсіп жатыр, сондықтан ойын жасау бағытына қызығушылық артады деп есептеймін.

Ботакөз Досжанова, Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі: Информатика пәні компьютерді пайдалануды үйрететін сабақ емес

– Оқушылардың үй жұмысын немесе жобаларын орындауда жасанды интел­лект (ЖИ) құралдарын қолдануына қалай қарайсыз? Оқушыға көмектесе ме, әлде дайын жауапқа үйрету қаупі бар ма?

– Жасанды интеллект құралдарын оқу­шылар белгілі бір жағдайда пайдаланса болады деп санаймын. Мәселен, өте күр­делі, терең алгоритмдік бағдарламалау тап­сырмаларын шешу барысында ЖИ көме­гіне жүгінсе, оны көмекші құрал ретінде қарастыруға болады. Алайда күнделікті үй жұмысы мен жобаларды орындаудың әр кезеңінде ЖИ-ға сүйене беру баланың өз бетінше ойлау қабілетін тежеп, дайын жауапқа үйренуге апарып соғуы мүмкін. Сондықтан мен оқушыларға алдымен тапсырманы өз күшімен орындауға кеңес беремін.

– Өзіңіздің тәжірибеңізде ЖИ техно­логияларын сабақта тиімді пайдаланудың нақты мысалдары бар ма?

– Мен жасанды интеллект мүмкіндікте­рін тиімді көмекші ретінде пайдаланамын. Мысалы, бағдарламалау бойынша берілген тапсырмаларды арнайы жазылған код тек­серуші (автоматтандырылған тест жүйе­сі) арқылы жылдам бағалауға болады, бұл да белгілі дәрежеде ЖИ элементтеріне негізделген құрал. Сол арқылы бүкіл сынып­тың нәтижесін бір сәтте көріп, қателерін талдауға мүмкіндік береді. Бұл уақытты үнемдейді және жұмысты жеңілдетеді. Жалпы, ЖИ технологиялары мұғалім үшін таптырмас көмекші деп айтар едім. Олар күнделікті жұмысымызды жеңілдетіп қана қоймай, оқыту әдістерімізді жаңаша деңгейге көтереді. Ең бастысы, әр мұғалім цифрлық сауаттылығын үнемі арттырып отыруы керек. Сонда жаңа шыққан жасанды интеллект құралдарын тез меңгеріп, оны сабақ үрдісіне қиындықсыз енгізе алады.

– Жасанды интеллектінің кең таралуы мұғалім мамандығының рөлін қалай өзгертеді деп ойлайсыз? Мұғалім енді қандай жаңа дағдыларды меңгеруі тиіс?

– ЖИ технологияларын қолданған сайын мұғалімнің білім берудегі рөлі өзгеріске ұшырайтыны анық. Дегенмен, меніңше, мұғалімнің орны әрқашан ерекше болып қалады. Жасанды интеллект мұғалімді алмас­тырмайды, керісінше оның жұмыс құралына айналады. Болашақта мұғалімдер ақпаратты тікелей жеткізушіден гөрі білім алуға бағыт беруші рөлін көбірек атқармақ. Осы орайда әрбір мұғалім жаңа технологияларды игеріп, оларды тиімді пайдалана білу дағдыларын дамытуы қажет. Мұғалім цифрлық сауатты, деректермен жұмыс істей алу, бағдарламалау негіздерін түсінуі қажет.

– Маман ретінде жаңа жобаңыз бар ма?

– Әрине. Үнемі ізденісте жүремін, ал­дағы уақытқа да бірнеше кәсіби жоспарым бар. Солардың бірі – қазақ тілінде әртүрлі дауыстарды түрлі форматта жазып, өзімнің авторлық жобамды әзірлеу. Оны болашақта жүзеге асырып, тіпті өнім ретінде сатылымға шығарғым келеді. Алдағы уақытта осы жобаларды жүзеге асырып, өз білімім мен тәжірибемді жаңа қырынан сынап көргім келеді.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: