Жексенбі, 24 қараша, 16:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Брифингтің ғана емес,
жаңа идеялардың да алаңы

29.06.2024

369 0

Былайғы сәтте өңірлік коммуникациялар қызметінің көтерер жүгі мен немен айналысатынын көпшілік біле бермейді. Бар білетініміз – орталықтың алаңы брифингтерді ұйымдастыратыны. Әсте, мұнан да өзге қызметтері жетерлік. Мереке қарсаңында қалың бұқара мен биліктің арасына алтын көпір болып жүрген журналистердің бір қызметін бойына сыйдырған орталықтың жұмысымен танысып қайтқан едік…

Көзілдірігін тағып алып, көгілдір экраннан орамды ойлар мен ұтымды сөз тіркестерімен мәселеге дөп түсіп, халықтың көкейіндегісін табатын журналист қыз Қызылорда қоғамдық телеарнасындағы «Аптаның алты ауызы» ақпаратты сараптамалық бағдарламасын жүргізетін. Тіпті оның есімін ел жадында жаттап, «Бүркітбаева қайда кеткен?» деп те іздегендер болды. Міне, сол Гүлнұр Бүркітбаева – бүгінде осы орталықтың басшысы. Қағазы мен қаламын арқалап, түйткілді түйіннің тарқауын іздеген әріптестері мен жағдайға қарай мәлімдеме жасайтын басшыларды байланыстырып жүреді. Бір өзі емес, қазір біртұтас командаға айналған.
– Біздің орталық тек брифингтің ғана емес, жаңа идеялардың да алаңына айналды. Негізі біздің бірнеше қызметіміз бар. Жаңалықтар мен ақпараттық контентті қалыптастыру бөлімі, түсініктемелер беруді ұйымдастыру және мониторинг бөлімі жұмыс істейді. Әрбірінің өз алдына жауапкершілігі, өзінің көтерер жүгі бар, – дейді Гүлнұр Бүркітбаева жұмысын таныстырып жатып.
Жыл басынан бері орталықта 200 брифинг өтсе, 14 көшпелі брифинг пен 14 баспасөз туры ұйымдастырылып, аймақтың оң имиджін қалыптастыруда бірталай шаруа атқарылды. Жалпы саны 268 спикер орталықтың ақпарат алаңында мәлімет берді. Тағы бір айта кетерлігі, ақпарат алаңында өткен брифингте негізінен әрбір мекеменің бірінші басшылары келеді. Бұл өңірлік коммуникациялар қызметінің қоғамдағы маңызы мен абырой-беделін байқатса керек-ті.
– Біздің спикерлеріміздің қатарында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұргүл Ерікқызы да бар. Елге белгілі есімдер, еңбек адамдары, облысқа белгілі меценаттар да осы мінберде тұрды. Бір ерекшелігі, бұрын-соңды мұндай жерге келмеген еңбек адамдарын да шақырдық. Олардың қуанышында шек болмады. Жұмысың арқылы өзгеге қуаныш сыйлаудың қаншалықты бақыт екенін ұғындық, – дейді Нұрай Ақжігіт.
Орталықтағылар өздерін тек үйлестіруші ғана емес, журналист ретінде де сезінеді. Әрине, онысы дұрыс. Мәселен, биыл облыста салынып жатқан нысандар мен ел игілігіне пайдалануға берілген жаңа ғимараттарды, сондай-ақ, өңірдегі көз тартар көрікті жерлерді халыққа көрсетуде де туындылары төрге озып, елдің ықыласына бөленді. Міне, бірінен бірі өткен жаңашыл жастар іріктеліп, бір командада еңбек етіп келеді. Олардың тың идеялары көпшіліктің көзайымына айналған. Мәселен, орталық қызметкері Нұрай Ақжігіт әрбір жобаның өз көрермені бар екенін жеткізді.
– Біздің жобаларымыздың әрқайсысының көтерер жүгі жеңіл емес. Мемлекеттік қызметте жүрген азаматтардың жаңа қырын ашу мақсатында «Етене», еркін форматтағы «Кешкі кофе» жобасы, ауылдың тыныс-тіршілігін көрсететін «Ауылым – ел бесігім» хабары, «Кәсіп қыламын десеңіз…» айдарлары тұрақты түрде көрерменге ұсынылып жүр. Сондай-ақ танымал тұлғалардың біз білмейтін қырларын жұртшылыққа жеткізу мақсатында «10 сұрақ» бағдарламасы да бізді тамашалайтын көрермендердің оң бағасын алды. Қала тұрғындарының пікірін білу үшін «Ол кім? Бұл не?» деген тақырыпта әлеуметтік сауалнама-блицтер де түсіреміз. Мәселен, Тоқтар Әубәкіров көшесіне барып, тұрғындардан Тоқтар Әубәкіровтің кім екенін сұраймыз. Кейбіреу біледі, тіпті ғарышкерді ақын деп жаңылысып қалатындар да бар. Халықтың санасына сілкініс беріп, осындай дүниелер шығаруда, ұлтық құндылықтар бағытына да мойын бұрып, ел тарихының тереңіне сүңгитін құнды материалдар дайындауда біз де журналистермен қатар, иық теңестіре еңбек етіп келеміз. Әлбетте, мұның арғы жағында басшымыздың да журналистік еңбек жолы ерекше ықпал еткенін айта кеткен жөн, – дейді Н.Ақжігіт.
Тың идеяларды топтастырып, үнемі жаңа қадамдарға баратын орталық республика бойынша өңірлік коммуникациялар қызметтерінің ішінде тұңғыш рет жасанды интеллект тілшісін қолданды. Бұл бағытта әлі де болса жетілдіру керек болып тұр. Жаңа технология дамыған сайын көшке ілесіп, өздерінің біліктілігін арттырып жүрген қызметкерлер алдағы уақытта да дүмпу жасар ізденісте жүр.
– Жасанды интеллектті әлі де ешкім қолдана қойған жоқ. Біз бірегейі болып тұрмыз. Алда бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсеміз. Өйткені заман талабы сол. Сондай-ақ «Нүкте», «Ашығын айтсақ…» секілді подкасттарды түсіріп, облыста бұл бағытта да алғашқы болдық. Міне, еңбектің түбінде осындай жетістік болады. Әрбір еңбек мақтауға да, марапатқа да лайық, – дейді Гүлнұр Бейбітбекқызы.
Дамыған қоғамда қысқа-нұсқа, нақтылықты алға ұстап, оқырманға ұнамды жанрда қалам тербеп жүрген сала мамандары әлеуметтік желіде де белсенді. Бейнероликтермен қатар, өздерінің де ойларын қағаз бетіне түсіріп жүреді.
– Біз қазір мобилографияны да дамытуды басты мақсатымызға айналдырдық. Мамандар бар, қажетті құрылғылар да жеткілікті. Енді тек әрекет керек. Өзім журналист болған соң, қаламының желі бар жастардың жазу-сызуға икемін шыңдай түскім келеді. Көпшілігі журналистика мамандығында оқыған. Қабілетті. Сондықтан ақпарат жазуда олардың шеберлігі шыңдалып келеді. Біз алдағы уақытта да өзімізді қамшылай түсіп, жан-жақты дами бермекпіз, – дейді Гүлнұр Бүркітбаева.
Өңірлік коммуникациялар қызметін баспасөз хатшыларын даярлайтын мектеп санайтындардың да қатары қалың. Олай дейтініміз, қызмет жолын осында бастап қазір де бірқатар басқармаларда қоғаммен байланыс саласын ұршықша иіріп жүргендер жетерлік. Өз ісінің хас шеберіне айналған олар да өз кезегінде орталықтың мақтанышы атанып келеді.
– Осында еңбек етіп, бір саланың баспасөз хатшысы болып ауысқандар көп. Осындағы қарбалас тірлікте шыңдалып, өздерін тек жақсы қырынан танытуда. Тіпті кей басшылар өздері «құда түсіп» жатады. Әріптестеріміздің өскенін, қызметте жоғарылағанын қалаймыз. Өз кезегінде олар да ұшқан ұясын ұмытпайды, – дейді Гүлнұр Бүркітбаева.
Табанды еңбектің қай-қайсысы да жетістікке жетелейді. Ол үшін бар болғаны нәтижелі жұмыс істеуге бар ынтаңды салып, алдыңа мақсат қоюың керек. Басшы орынбасары Нұрлан Тәшімтегінің бұл реттегі өзінің ұстанымы көптің алдына шығарып жүр. Облыс әкімінің баспасөз хатшылығында да еңбек атқарған азамат қандай жұмыс атқарсаң да, шынайы әрекет жасау керегін айтады.
– Жұмыстың оңайы да, жеңілі де болмайды. Барлығы еңбектеніп, бал жинаған арадай қарекет қылуды қажет етеді. Еңбегің жемісті, жұмысың нәтижелі болу үшін бұл – ең әуелгі қадам. «Еңбек – бәрін де жеңбек» деп, тер төгуің керек. Қазіргі заманда көптің қатарында болсам деген ой кәдеге аспайды. Көштің соңында қалмау үшін бір сәт те тоқтауға, аялдауға болмайды. Тоқтадың ба, сенен кейінгі алға шығады, өзің артта қала бересің. Мұны ескерген жөн. Көп адам осыны ескермей, мақсатына жете алмай жүр, – дейді Н.Тәшімтегі.
Орталық биыл ғана емес, бірнеше жыл қатарынан брифингтер мен баспасөз турын ұйымдастыруда алда келеді. Өйткені мұнда өз ісінің хас шеберлері еңбек етіп келеді.
Телефон шыр ете қалды. Гүлнұр Бейбітбекқызы әлдекіммен сөйлесті де дереу қызметкерлерін жинап алды. Бірі жоспар жасады, екіншісі мәлімет жинады, ал үшіншісі фотоаппараты мен камерасын сайлады. Олардың қарбаласқа толы жұмыс уақыты осылай өтеді. Ал қолы қалт еткенде сайманын арқалап, халыққа сұрақ қояды. Ондағысы, елдің жадында құндылықтарды қуаттайтын сілкініс болса…

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: