Көктемде аяқсудың алдына түсіп жүгірген ешкімге пайдалы емес. Әрине, судың жолын ашып, тіршілік нәрін жеткізу – елеулі еңбек. Бірақ сол аяқсу арнасын осы кезден бастап таза ұстау жұмысты біраз жеңілдетеді. Бүгінде «Жасыл Қызылорда» мекемесі осы бағытта еңбек етуде.
Жасыл қалаға айналу бір сәттік жұмыс емес. Оған айлар, тіпті жылдар кетуі де мүмкін. Биыл аймақ басшысының қолдауымен облыс орталығын көгалдандыру-абаттандыру мақсатында ашылған бұл мекеме қаланы көгалдандырумен, яғни, ағаштың көктеп кетуіне дейінгі аралықта қыруар еңбек атқарады. Жасыл желекті күтіп-баптап, тұрғындарға жайлы атмосфера сыйлауға бағытталған жұмыстарды жыл бойы атқаратын мекеме қызметкерлері қазір арық жүйелерін аршып, тазалау үстінде. Көктемгі суару мезгіліне дайындықты пысықтаған қала әкімі Нұржан Ахатов қала аумағын күнделікті аралап, жұмыс процесімен танысып жүр.
– Қамыс пен құм басқан су арналарын тазартуға ұдайы көңіл бөлу керек. Өйткені, қай шаруаға да ерте қамданған қапы қалмайды. Мекеменің басты мақсаты – аяқсу кедергісіз өтіп, діттеген аумаққа дер кезінде жеткізуі керек. Сондықтан жұмысты сапалы атқарып, негізгі каналдардың табанын аршып, арықтарды толық тазалауды тапсырамын, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Айта кету керек, қала аумағын аяқсумен қамтамасыз ету үшін Сырдария өзені мен каналдарға 19 су сорғы насосы орнатылған. Олардың көктемге дайындығы да жіті назарда.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!