Жұма, 27 желтоқсан, 07:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Демалыс орындары жаңа кейіпке енеді

06.07.2024

411 0

Сырдың бас қаласы күннен-күнге көркейіп, көз тартар гүлзарлармен ажарланып, субұрқақтары сан түске боялып, көзді арбайды. Әсіресе түнгі қала келбеті керемет кейіпке еніп, келген қонақтарға да, қалалықтарға да көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ерекше әсерге бөлейді. Жаныңды жадыратар саябақтар мен демалыс орындарының қатарын көбейтіп, оларды қайта түлету облыс, қала басшылығының назарынан тыс қалған емес.
Жақында қала әкімі Серік Қожаниязов бас шаһардағы демалыс орындары мен саябақтарды аралап, абаттандыру және көгалдандыру жайын көзбен көріп, болашақта атқарылатын жұмысқа талдау жасады.

Қала басшысының алдымен аялдаған нысаны – қалалық мәдени және демалыс паркі. Мұнда бірінші кезекте тазалық талабының орындалуына және ойын алаңдары мен аттракциондардың техникалық қауіпсіздігіне мән берілді.
– Жаз маусымында қала халқының уақытын тиімді, әрі көңілді өткізуін қамтамасыз ету мақсатында барлық жағдай жасалуда. Десе де саябақ таза демалыс аймағы болу керек. Жаз айында қалалықтар еркін тынығуға қолайлы мекен іздейді. Саябақ сауда-саттық орны емес, ол тынығушылардың талғамына сай жабдықталуы тиіс, – деді қала әкімі.
Бір атап айтар жаңалық, қыркүйек айынан бастап облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес паркте қайта жаңғырту жұмыстары басталып, демалыс орны жаңаратын болды.
Шаһар басшысы Б.Шөкенов атындағы саябаққа барды.
– Саябақтағы санитарлық тазалық шаралары жыл бойы жүргізілуі тиіс. Бұл жұмыстарды босаңсытуға болмайды. Мұндағы жасыл-желекті күтіп, балақтау, уақытылы аяқсу беру күнделікті атқарылуы қажет, – деп тапсырды.
Айта кету керек, «Қорқыт ата» мемориалы аллеясы қаладағы демалыс орындарының бірі болса да, мақсатты пайдаланылмай келеді. Көпшіліктің көзайымына айналмай отырған саябаққа жуық арада сәулетшілердің заманауи дизайнмен жаңғырту жұмыстары жүргізілмек.
– Аймақ басшысының тегеурінді талабымен, кәсіпкердің демеушілігімен жақында орталық алаң қайта жаңғырып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Қандай керемет! Халыққа өте жайлы екенін сеземін. Демалыс аймағында халық еркін демалуы керек. Өз кезегінде «Қорқыт ата» мемориалы аллеясын да орталық алаң секілді қала тұрғындарының сүйікті орнына айналдырамыз, – деді, Серік Қожаниязов.
ҚР Тұңғыш Президент саябағына қазір ауыл-аймақтан демалуға келеді. Жасыл желекке оранған саябақтың келбеті өте әдемі. Демалушылар табиғат аясында отбасымен суретке түсіп, көк шалғында демалыс ұйымдастыруды дәстүрге айналдырып келеді. Тіпті отбасылық мерекелерді атап өтіп жатыр. Саябақ адамға көтеріңкі көңіл күй сыйлауға өте қолайлы. Қала әкімі осындай мерекелік дәстүрді жалғастыру үшін саябақ көлемін кеңейту, ішкі тәртіп пен тазалықты сақтау мәселелерін жолға қою керектігін айтты.
– Елге деп салынған әрбір нысан өз мақсатында жұмыс істеуі керек. Саябақтың заманауи келбетін көргенге не жетсін! Бұл мақсатта ешқандай қажеттілік пен мұқтаждық туындамауы тиіс. Әрлеу керек пе, әрлейміз, абаттандыру десеңіз, оны да жасаймыз. Сонда ғана халыққа жақсы демалыс сыйлаймыз. Бұл жұмыстардың атқарылуына аймақ басшысы жан-жақты қолдау жасап отыр. Әлі де керемет гүлзарлармен көмкеріп, демалушыларға барынша жағдай жасаймыз. Оған мүмкіндік жеткілікті. Алдағы уақытта әрбір нысанды зерттеп, халықтың сұранысына сай тиісті үдеден шығуға тырысамыз, – деді шаһар басшысы.
Шынында, 200 жылдан астам тарихы бар туған қаланың бейнесі ел сүйсінетіндей болуы керек. Бұл үшін барша қызылордалықтар қала тазалығын сақтап, тек мәдениет орындарын ғана емес, әрбіріміз өз ауламызды да таза ұстауымыз керек. Ал гүлзарлар мен демалыс орындары шырайлы шаһардың ажарын айшықтай түсері анық.


Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: