Қарашаның соңғы күндері теңге біраз теңселіп қалды. Теңгеге шаққандағы доллар бағасының күрт өсуі қоғамды алаңдата түскені рас. Себебі қарапайым халықты доллар бағамы қызықтырмаса да, доллар қымбаттаса, базардағы баға өзгеретінін жақсы біледі. Бүгінде «доллар неге қымбаттады?» деген сұрақ әлі де өзекті. Сарапшылар мұны экономикадағы ішкі және сыртқы факторлардың әсері деп түсіндіреді. Анығын айтқанда, доллардың дөңгелей түсуіне мұнай бағасының тұрақсыздығы, геосаяси жағдайлар, импортқа тәуелділік, ішкі экономикалық ахуал негізгі себеп болып отыр. Бүгінде 1 АҚШ доллары 500 теңгеден асты. Сарапшылардың пікірінше, бұл – 2022 жылдың 25 наурызынан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Мұндайда Ұлттық банкке мойын созатынымыз белгілі. 28 қараша күні Ұлттық банк теңге тұрақтылығын сақтау үшін интервенция жүргізетіндігін хабарлады.
«Тұрақсыздандыратын ауытқуларды болдырмау, теңгенің айырбас бағамының артық құбылмалылығын тегістеу үшін және шетел валютасын ұсынуды қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Банк валюталық интервенциялар жүргізеді», – деп жазылған хабарламада.
Ұлттық банктің ақпаратына сүйенсек, теңге бағамына сыртқы және ішкі факторлар әсер еткен.
АҚШ долларының жаһандық нығаюы, шикізат құнының өзгеруі және әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуі сияқты бірқатар сыртқы іргелі факторлардың өзгеруі аясында дамушы нарықтардағы валюталардың теріс динамикасы барлық жерде байқалады. Негізгі әлемдік валюталарға қатысты АҚШ долларының бағамын бақылайтын DXY индексі ай басынан шамамен 2,2%-ға нығайып, 106,2 пунктке дейін өсті (2024жылдың 28 қарашасында). ЕМ валюталарының индексі ай басынан 3,0%-ға төмендеген.
Сонымен қатар Ұлттық банк мұнай бағасының құбылуы ұлттық валютаға әсерін тигізіп отырғанын атап өткен. Сондай-ақ сарапшылардың Дональд Трамп президенттікке келгенде мұнай тасымалының ұлғаюы теңгеге әсерін тигізетіні туралы пікірлерін атап көрсеткен.
Доллардың күш алуы – шикізат тауарлары үшін әдеттегідей теріс фактор.
«Ресей Федерациясының қаржы секторына қарсы жаңа санкциялар енгізу аясында елдің негізгі сауда серіктестерінің бірінің валютасы – Ресей рублі әлсірей түсті. Осылайша, биржада юань/рубль жұбының бағамы юань үшін 15,1 рубльге жетіп, қараша айының басынан бастап 11,2%-ға әлсіреді. Forex Халықаралық валюта нарығындағы доллардың айырбас бағамы 1 доллар үшін 114,5 рубльден асты, ал рубль айдың басынан бастап 18%-ға әлсіреді, – деп хабарлайды.
Елімізде экономикалық агенттер тарапынан шетел валютасына сұраныстың артуы байқалған. Мәселен, қараша айында сауда-саттықтың орташа тәуліктік көлемі 238 млн АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың қараша айынан (193 млн АҚШ доллары) 1,5 есеге жуық және тамыз-қыркүйек айларындағы сауда-саттықтың орташа тәуліктік көлемінен едәуір жоғары.
Базалық мөлшерлеме өзгерді
Кеше Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,25%-дан 15,25%-ға көтеру туралы шешім қабылдады.
«Шешім жаңартылған болжамдар мен инфляция тәуекелдері балансының бағалауын ескере отырып қабылданды», – деп жазылған банк хабарламасында.
Бас банктің бұл шешіміне Қазақстандағы жылдық инфляцияның қазан айында 8,5%-ға дейін өскені әсер еткен. Ал инфляцияға «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыру аясында реттелетін қызметтердің айтарлықтай қымбаттауы және теңгенің әлсіреуі ықпал еткен.
«Оған қоса инфляцияның орнықты бөлігі де өсуде. Жоғары ішкі сұраныс жағдайында азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен нарықтық қызметтер бағасының өсуі инфляцияның жеделдеуіне ықпал етті. Бюджеттің кіріс бөлігін орындамауына байланысты жалғасып жатқан фискалдық ынталандыру есебінен экономика ішіндегі проинфляциялық қысым сақталуда», – деп түсіндіреді Ұлттық банк.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!