Сейсенбі, 29 сәуiр, 14:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31,2144
29.04.2025
PDF мұрағаты

Елена Пак, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша төрағасы: Қазақ тілін үйрену – рухани байлыққа бастар жол

29.04.2025

108 0

Қазақ тілін еркін меңгерген Елена Владимировна Пак мемлекеттік тілді насихаттауда елеулі еңбек етіп жүр. Ол – «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша төрағасы, «Абай қазынасына саяхат» және «Мәміле» клубтарының жетекшісі. Біз Еленамен қазақ тіліне деген сүйіспеншілігі, қоғамдық қызметі және болашақ жоспары жайлы әңгімелестік.

– Елена ханым, өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз…

– Шиелі ауданының Ақмая ауы­лында дүниеге келдім. 2018 жылы осы ауылдағы №49 орта мектепті бітіріп, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетіне оқуға түстім. Тарихи себептермен қазақ жеріне қоныс аударған Пак әулетінің ұрпағымын. Біздің әулетіміз Шиелі ауданының Ақмая ауылына орналасып, осында өсіп, өркен жайды. Аталарым Виталий Пак ауылда күрішші болып еңбек етсе, әжем Светлана Лян есепші болып қызмет атқарды. Әкем Владимир мен анам Татьяна да осы ауылда қоныс­танып, бүгінде өз кәсіптерімен айналысуда.

– Қазақ тілін меңгеруіңіз қалай басталды?

– Қазақ тілін кішкентай кезімнен үйрендім. Көршілеріміздің бәрі қазақ болғандықтан, бір-біріміздің үйіміз­ге барып араласып, еркін сөйлесе бастадық. Әуелде сөйлеуімде өзгешелік болғаны рас. Есімде, бірінші сынып­ты аяқтаған соң әліппемен қоштасу кешін жүргіздім. Жоғары сыныпқа өткен­де қазақ тілін тереңірек меңгергенім байқалды. Сыныптастарым маған әрдайым достық пейіл танытты. Білімге және қазақ тіліне деген қы­зығушылығым мені ұлттың бай тарихына жетеледі. Қазақ тілі маған бала күнімнен жақын болып кетті. Қазір де тіл білімінің қыр-сырына қанығып, болашақта қазақ тілін жас ұрпаққа үйретсем деген ниетім бар. Осы мақсатта Достық үйінде Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблея­сы жанындағы «Абай қазынасына саяхат» және «Мәміле» клубына жетек­шілік етіп, түрлі этностарға қазақ тілін үйрету курстарын жүргізуді жоспарлап отырмын.

– Мемлекеттік тілді меңгеруде қандай жетістіктерге жеттіңіз?

– Қазақ тілін меңгеруіме ең ал­ды­мен мектептегі ұстаздарым көп ықпал етті. «Ұстазы мықтының – ұс­танымы мықты» деген сөз бар ғой. Болашағыма жол сілтеген ұс­таз­дарыма алғысым шексіз. Ал жетістікке жету құпиясы – еңбекте, білімге деген құштарлықта. Мен қазақтың ақын-жазушыларының шы­ғармаларын, көркем әдебиетті ерек­ше жақсы көремін. Мұхтар Әуезов­тің «Абай жолы» романын, Абай Құнанбайұлының «Ескендір» поэма­сын қызыға оқыдым, тіпті жатқа білемін. Сондай-ақ Абайдың 200-ге жуық өлеңін, Мұқағали Мақатаев пен Тұманбай Молдағалиевтің де туындыларын сүйіп оқимын.

– «Ассамблея жастары» ұйымы­ның қызметі туралы айтып өтсеңіз.

– 2021 жылы 21 қазанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. Бұл ұйымның басты мақсат-міндеті – жас­тар бастамаларын дамыту, қоғам­дық келісім мен бірлікті нығайту, жастардың әлеуметтік деңгейін арт­тыру. Үш жыл мерзімде бұл ұйым облыстық деңгейде 80-ге жуық іс-шара, 5 ірі жобаны жүзеге асырды. Ұйым «Social assembly», «Бірлік тілі», «Ел мұрасы», «Таза орта», «Қасиетті парыз», «Жастар медиа» атты 6 ба­ғытта өз жұмысын жандандырып, рөлін күшейтті. Сыр өңірінде этнос жастары арасында мәдениетті байыту, патриоттық ба­ғыт­та іс-шаралар мен жоба­ларды іске асырып келеміз.

– Жастар республикалық фо­румына қатысыпсыз. Ол қандай әсер қалдырды?

– Биыл 7–8 сәуір күндері Қызыл­орда облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын мере­келеу аясында еліміздің барлық өңі­рінен келген 100-ден астам жасты бірік­тіретін республикалық форум өтті. Форумның негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтарының мәрте­бесін көтеру, техникалық білім беруді дамыту, қазіргі заманғы білім беру жүйесіне жаңашылдық енгізу. Форум аясында «Таза Қазақстан» экологиялық бағ­дарламасы аясында тал егу акциясы өтті. Бұл жастар тарапынан табиғатты қорғауға бағытталған маңызды қадам болды. Форум жастарға жаңа мүм­кіндіктер ашып, елдің болашақ дамуына үлкен әсер етеді деп сенеміз.

– Тіл үйренгісі келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Біз бүгінде егемен елімізде бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Бұрын да әртүрлі ұлт өкілдері өзара түсіністікпен, бірлікте өмір сүрген. Сондықтан өзі тұрған елдің тілін білу – әр азаматтың парызы. Бұл – адамдар арасындағы байланыстың басты кепілі. Сонымен бірге жергілікті халықтың да үлгісі, жауапкершілігі арта түсуі керек. Қазақ тілін үйренемін деген жастарға қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздерін оқуға кеңес беремін. Абай шығармалары – ұлттық тәрбиенің, рухани дамудың негізі. Жастарды адамгершілік қасиеттер негізінде тәр­биелеудің маңыздылығы да осы тұста арта түседі.

– Алдағы жоспарларыңыз қан­дай?

– Қазақ тілін насихаттау бағытын­дағы қадамдарымды одан әрі дамытып, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды жеткізу жолында еңбек етемін. Этнос жастары арасында мәдениетті байытуға, патриоттық жобаларды іске асыруға атсалысуды жалғастыра беремін.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен

 София ХАЙРУЛЛАҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: