Жексенбі, 24 қараша, 20:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Флорист – махаббат пен сезімді сөзсіз жеткізе алатын шебер

23.07.2024

309 0

24 шілде – халықаралық флорист күні. Бұл – өміріміздегі гүлдердің махаббат, жанашырлық, мереке символы ретіндегі маңызын атап өту күні. Флористика тек гүлдермен кеңістікті безендіру ғана емес, бұл білімді, шығармашылықты және стилді қажет ететін өнер. Флористика бұл – әрбір гүл шоғы махаббат пен сезімді сөзсіз жеткізе алатын өнер туындысы. Таңнан кешке дейін бірегей композициялар жасау үшін жұмыс істейтін гүл безендірушілердің еңбегі зор.

 Гүл безендіру – бұл стиль мен талғамды ғана емес, сонымен қатар өсімдіктер туралы білімді, көз қуантып, жағымды эмоциялар беретін композициялар жасай білуді талап ететін өнер. Бұл күні біз бірегей гүл композицияларын жасау арқылы әлемімізді күн сайын жарқыратып, әдемі етіп жүрген «Camellia» гүл орталығының флорист маманы Дониер Махмуджанұлымен тілдесуді жөн көрдік.

– Флорист болып жұмыс істегеніңізге қанша жыл болды? Осы салаға қалай келдіңіз?

– 19 жасымда осы салаға келіп, 24 жыл бойы флорист болып жұмыс істеп келемін. Қазір жасым 43-те, гүл шоқтарын жасау менің сүйікті ісім. Бірде мектептің емтиханына гүл апару үшін гүл сататын дүкенге де гүл шоқтарына тапсырыс беріп, күтіп тұрған кезде флорист маманының гүл шоқтарын жасап жатқанын байқап, қатты қызықтым. Ғажайып композициялардың жасалуын тамашалау осы өнер туралы көбірек білуге деген құштарлықты оятты. Содан кейін мен флорист болғым келетінін түсіндім. Мектеп бітірген соң еш ойланбастан флористика саласын таңдадым. Гүлдердің түрлері мен сорттарын, олардың қасиеттері мен күтімін зерттеуге қызығушылығым артты. Әр туынды ерекше болуы үшін түстер мен пішіндерді үйлестіре отырып, гүл шоқтарын жасауды үйрендім. Күн сайын гүлдер сияқты әдемі жаратылыстармен жұмыс істеп, адамдардың өмірін сәл де болса жарқыратып, қуаныш сыйлау мүмкіндігіне ризамын. Адамдардың гүл шоқтарын алған кездегі жүзіндегі күлкіні көру маған үлкен бақыт сыйлайды.

– Қазір гүл дизайнын жасауда қандай стильдер мен трендтер бар?

 – Гүл дизайны – бұл шығармашылық пен гүл шоқтарын жинаудың түрлі әдістерін білуді біріктіретін, табиғаттың сұлулығы мен үйлесімділігі арқылы ең нәзік эмоциялар мен сезімдерді көрсетуге көмектесетін өнер. Осындай әдістердің бірі – спираль әдісі, онда гүл сабақтары спираль түрінде орналасып, тұрақты және эстетикалық пішін жасайды. Еркін стиль – гүл шоқтарын жасауға еркін көзқарас, онда гүлдер тәртіпсіз жиналады, бұл композицияның шынайылығы мен нәзіктігін береді. Әуе стилі – шоқтағы әрбір гүлдің мұқият таңдалып, ерекше талғампаздық пен көлемге мән беріледі. Бұл стильдер көзді қуантып, көңіл күйді көтеретін ерекше және есте қаларлық гүл композицияларын жасау үшін біріктірілуі мүмкін. Әрбір стиль белгілі бір дағдыларды және түстердің түрлілігі мен олардың комбинацияларын білуді талап ететінін атап өткен жөн. Флорист шеберлігі әр гүл шоғы жай ғана әдемі емес, сонымен қатар белгілі бір көңіл-күйді немесе сезімді беретіндей түстерді, текстураларды және пішіндерді үйлесімді үйлестіруде көрінеді. Гүл дизайны күнделікті өмірге сұлулық қосып қана қоймай, сонымен қатар үйлену тойлары, мерейтойлар және басқа да мерекелерде маңызды рөл атқарады.

– Түстер үйлесімдігін сақтау маңызды ма?

– Гүл түсі мен букет дизайнының үйлесімі гүл дизайнының негізгі элементі болып саналады. Бұл өнер тек стилді сезімін ғана емес, сонымен қатар түрлі реңктер композицияны жалпы қабылдауға қалай әсер ететінін түсінуді талап етеді. Түс схемасы гүл шоғының пішінін толықтырып, оның сұлулығына баса назар аударып, көңілкүйді көтеру көтеруі керек. Мысалы, ашық түс жайлылық пен қуаныш сезімін сыйласа, ал көк түс тыныштық сыйлайды. Сонымен қатар букеттің дұрыс дизайны бүкіл композицияның бірлігі мен теңгерімділігін қамтамасыз ете отырып, әрбір гүлдің даралығын атап өтуге көмектеседі. Сайып келгенде, түс пен дизайнның сәтті үйлесімі гүл шоғын сыйлыққа ғана емес, терең сезімдер мен эмоцияларды жеткізе алатын өнер туындысына айналдырады.

– Биылғы трендтегі букет композициялары қандай?

 – Қазірде гүл шоқтарын жасауда француз стилі танымал болуда. Бұл бағыт гүл шоғында жеті ғана раушан гүлі болса да, ерекше сәнсалтанатымен және талғампаздығымен ерекшеленеді. Әрбір раушан қолмен ашылады. Әр гүлдің әдемілігін көрсету үшін түстер мен реңктердің үйлесіміне ерекше назар аудару керек. Мұндай гүл шоғы жай сыйлық емес, сезімдер туралы сөзсіз айта алатын нағыз өнер туындысы болады.

 – Тұрғындардың таңдауы көбіне қай гүлге түседі?     

– Клиенттеріміз арасында гортензия мен пион гүл шоқтары ерекше танымал. Бұл гүлдер бір-бірімен тамаша үйлеседі, нәзік және сонымен бірге жайқалған гүл шоғын жасайды. Гортензия көлемді пішінімен және реңінің алуан түрлілігімен назар аударса, ал пиондар гүл шоғына керемет хош иіс қосады. Бұл гүлдермен жұмыс істегенді жақсы көремін, өйткені олар адамға қуаныш сыйлайтын композициялар жасауға мүмкіндік береді. Жиналған әрбір гүл шоғы жай ғана сыйлық емес, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес сезімдер мен эмоцияларды жеткізу тәсілі.

 – Гүл шоқтарын жасауда түстер үйлесімдігін сақтау маңызды ма?

– Түс үйлесімділігі гүл шоғын жасауда басты рөл атқарады, өйткені ол композициядағы сұлулық пен тепе-теңдікті қабылдауға әсер етеді. Бірін-бірі толықтыратын гүлдерді таңдау гүл шоғының эстетикалық әсерін күшейтіп, алушыға жағымды эмоциялар тудырады.

– Сіздің сүйікті гүл шоғыңыз қандай?

 – Маған лалагүлдерден жасалған гүл шоқтары өте ұнайды. Олардың нәзік және кішкентай, керемет хош иісі, кез келген гүл шоғына ерекше көрік береді.

 – Адам өз ісін ерекше махабатпен жасағанда ғана ләззат ала алады. Сізге осы жұмысыңыз қандай қуаныш сыйлайды?

– Гүл шоғын алып, адамдардың қуанышын бақылаған сәттен артық ештеңе жоқ. Олардың шынайы алғысы мені қуанышқа бөлейді. Мен үшін туындымның бақыт пен қуаныш сыйлайтынын көру маңызды. Дәл осы сәттер адамдарға ерекше және сұлулық сыйлауды жалғастыруға шабыт береді.

 – Сұхбатыңызға рахмет!

Флорист – махаббат пен сезімді сөзсіз жеткізе алатын шебер

Сұхбаттасқан София ХАЙРУЛЛАҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: