1961 жылдың 12 сәуірі адамзаттың ғарышқа қадам басуымен тарихта қалды. Дәл осы күні Юрий Гагарин Байқоңыр ғарыш айлағынан алғаш болып ғарышқа сапар шегіп, Жер орбитасын толық айналып шығу арқылы ғарыш ғасырының негізін қалады. Бүгінде еліміз үшін бұл күн тек мереке емес, сонымен бірге ұлттық стратегиялық мүдделер мен технологиялық тәуелсіздіктің таразыға түсетін сәті.
Бұл тарихи датаның маңызы халықаралық деңгейде де айрықша бағаланған. 1968 жылы Халықаралық авиация федерациясының (МАЭК) конференциясында 12 сәуір ресми түрде «Ғарышкерлер күні» болып бекітілсе, 2011 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы бұл күнді «Адамның ғарышқа ұшуының халықаралық күні» деп жариялады. Қазақстан үшін бұл мерекенің орны бөлек, өйткені ғарыш дәуірінің бастауы болған, аңызға айналған Байқоңыр ғарыш айлағы – әлемдегі ең алғашқы және ең үлкен ғарыш кешені.
Қазақстанда Ғарышкерлер күні туралы сөз қозғалғанда, әңгіме міндетті түрде Байқоңырдан бастау алады. Бұл жай ғана географиялық нүкте емес, адамзаттың шексіздікке жасаған алғашқы қадамының куәгері.
Ұзақ уақыт бойы Қазақстан ғарыш әлеміне тек «географиялық қақпа» ұсынушы ел ретінде танылып келді. Ендігі стратегиялық басымдық – сол географиялық артықшылықты нақты индустриялық және технологиялық басымдыққа айналдыру. Бұл процесс тек жаңа зымырандарды ұшырумен ғана шектелмей, отандық спутниктік топтамаларды жасақтау, деректерді өңдеу мен ғарыштық мониторинг жүйесін дамытуды қамтиды.
Қазақстанның ғарыштағы капиталы: Адамдар, бағдарламалар және кәсіби тәжірибе
Қазақстанның ғарыш тарихы Байқоңыр айлағының абыройымен ғана шектелмейді. Еліміздің бұл саладағы жетістігі – орбитаны бағындырған тұлғалар мен онда орындалған күрделі ғылыми бағдарламалардың нәтижесінде. Отандық космонавтика тарихында үш бірдей айтулы есім бар: Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов. Олардың әрқайсысының ғарышқа сапары мемлекеттің стратегиялық мүддесін қорғаған бес бірдей ұлттық ғарыштық бағдарламаның жүзеге асуымен тығыз байланысты. Тоқтар Әубәкіровтің 1991 жылы ғарышқа ұшар миссиясы Қазақстан ғылымы үшін үлкен белес болды. Ресми деректерде оның сапары аясында Қазақстан Ғылым академиясының бес бірдей институты дайындаған ғылыми зерттеулердің орындалғаны жазылған. Ғарыштық медицина, биотехнология, материалтану және жерді қашықтан зондтау салаларындағы бұл жұмыстар қазақтың тұңғыш ғарышкерінің миссиясы саяси мәртебе үшін ғана емес, нақты ғылыми-тәжірибелік мақсатта ұйымдастырылғанын көрсетеді.
Талғат Мұсабаевтың 1994, 1998 және 2001 жылдардағы миссиялары бұл бағытты кәсіби деңгейге көтерді. Ресми жарияланған мәліметтерге сүйенсек, ол ғарыш кеңістігінде жалпы есеппен 341 күн 9 сағат 48 минут 41 секунд өткізген. Бұл көрсеткіш. Ал 2015 жылы ғарышқа ұшқан Айдын Айымбетов тәуелсіз Қазақстанның жаңа буын ғарышкері ретінде тарихқа енді.
Ғарыш – экономикалық өсімнің драйвері, байланыс кепілі және ұлттық қауіпсіздік қалқаны
Бүгінде ғарыш саласы тек аспан әлемін бағындырудың символы емес, ол жердегі күнделікті тұрмыс сапасына, экономикалық тұрақтылыққа және мемлекеттік басқарудың тиімділігіне тікелей әсер ететін қуатты құралға айналды. Бұл әсердің ең айқын көрінісі ұлттық байланыс жүйесі мен ғарыштық мониторинг мүмкіндіктерінде жатыр.
Қазіргі таңда елімізде «KazSat» сериялы ұлттық ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесі толыққанды қалыптасқан. Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта екі бірдей байланыс серігі мен екі жерүсті басқару кешені штаттық режимде мүлтіксіз қызмет көрсетіп тұр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жүйенің жүктемесі 76 пайызға жетіп, елдің спутниктік байланысқа деген сұранысын 100 пайыз қанағаттандыруға мүмкіндік берді. Бұл жүйенің игілігін отандық 16 ірі оператор пайдаланып, 16 мыңнан астам спутниктік байланыс станциясының жұмысын қамтамасыз етуде. Қазақстан секілді мемлекет үшін бұл – жай ғана технологиялық жетістік емес, бұл инфрақұрылымдық теңдікті орнатудың басты кепілі. «KazSat» арқылы ең шалғай аймақтардағы мектептер, ауруханалар мен әкімдіктер сапалы интернетке қол жеткізді, тіпті пойыздардағы байланыс та осы жүйе арқылы реттелуде.
Ғарыш технологияларының екінші бір стратегиялық бағыты – жерді қашықтан зондтау (ЖҚЗ) жүйесі. 2015 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан бұл кешеннің құрамында «KazEOSat-1» және «KazEOSat-2» аппараттары бар. Бұл жүйе Қазақстанның табиғи ресурстарды игеру, ауыл шаруашылығы, геодезия, экология және қорғаныс салаларындағы ақпараттық тәуелсіздігін толық қамтамасыз етеді. Ең бастысы, бұл күрделі техниканы еуропалық орталықтарда тағылымдамадан өткен, жоғары білікті отандық мамандар басқарады.
Ғылыми деректердің нақты қолданбалы мәні төтенше жағдайлар кезінде анық көрінеді. Мәселен, «Семей орманы» резерватындағы жойқын өрт кезінде ғарыштық мониторинг деректері жердегі барлау жұмыстарымен толық сәйкес келіп, дағдарыс сәтінде дұрыс шешім қабылдауға көмектесті. 63,3 мың гектардан астам өртенген аумақтың көлемін дәл анықтау тек ғарыштық суреттер арқылы жүзеге асты. Осы секілді технологиялардың арқасында еліміздің жер ресурстары 100 пайыз цифрландырылды. Бұл – мемлекеттік басқарудың сапалық трансформациясының белгісі. Жер қатынастарынан бастап, ауыл шаруашылығы мен экологиялық бақылауға дейінгі барлық маңызды салалар бүгінде нақты, айқын ғарыштық деректерге сүйенеді.
Технологиялық егемендік және инженерлік мектепке жол
Қазақстанның ғарыш саласындағы ғылыми әлеуеті В. Фесенков атындағы Астрофизика институты мен Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы арқылы дамып келеді. 2026 жылдың басында Венада өткен БҰҰ-ның Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі комитетінің (COPUOS) сессиясында Қазақстан ғарыш мониторингі мен қауіпсіздігі саласындағы өз жетістіктерін таныстырды. Еліміз халықаралық деңгейде «Space Days Kazakhstan» секілді ірі конференциялар ұйымдастыру арқылы жаһандық ғарыш қауымдастығындағы беделін нығайтуда. Бұл шаралар жаңа технологияларды тартуға, инвестиция салуға және отандық мамандардың біліктілігін арттыруға септігін тигізеді. Қазақстанның ғарыш саласы тек зымыран ұшырумен шектелмейді. Алдағы уақытта ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін толық қуатында іске қосу жоспарлануда.
София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
