Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 23:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ғарышты игеру арман ғана ма?

13.04.2024

990 0

Сурет:rtek24.ru

Байқоңырды жер кіндігі деп жиі айтамыз. Ғылыми дәлелге салсақ, бұл мекен ғарышқа бет алған зымыранның орбитаға жылдам шығуына мүмкіндік береді. Оның үстіне елді мекендердің шалғай орналасуы, экватор жазықтығына жақындығы, ұшыру процесінің қауіпсіздігі секілді дәлелдер ғарыш кешенінің аймақ тарихындағы маңызын арттыра түсері анық. Ғарышкерлер күні қарсаңында стратегиялық нысанның маңызы, Қазақстанның ғарышты игеру арманы тақырыбында ой бөлісіп көрейік.

Мойындау керек, сырбойылықтардың «Байқоңыр» ғарыш айлағының тиімділігі туралы пікірі алуан. Оған араға жылдар салып құлайтын зымыран мен гептилге улану фобиясы себеп болса керек. Көшеге шықса, шаңы аспанға ұшқан күн райын, дала кезсе, көксіз жазықты байқау көңілдегі күдікті қоюлата түседі. Сондықтан алдымен «кешенді жаппаса да зардабын азайтса» деген халық ойын айта кету парызымыз.

Мемлекет болса, экологиялық ахуалды оңалту үшін тырысып бағуда. Көгалдандыру мен экожобаларға қыруар қаржы бөлініп, мекемелерге сенбілік өткізу жүктелген. Қоғамдық қорларды қаржыландыру арқылы жобалар әзірлеу, экобелсенділердің жұмысын үйлестіру де назарда. Әрине, Ресей Федерациясы тарапынан төленетін өтемақы мен жалға алу құны көгалдандыру шығынының жарымын жабары анық. Алайда негізгі мәселе зымыранның ұшу жиілігі, процесс қауіпсіздігіне тірелетіндіктен, олқылықты халықаралық деңгейде шешу күн тәртібінен түскен емес.

Қазақтың арманы

Экологиялық зиянын есепке алмаса, «Байқоңырдың» эконо­микалық-инновациялық әлеуеті орасан. Коммуникация желісінің жетілуі, цифрландыру бағдарламаларының нәтиже беруі, әлемдік технологиялық үрдіске ілесу – ғарыш айлағының мүмкіндігін пайдалану арқылы ғана қол жеткен жетістік. Содан болар, сарапшылар Ресеймен келісім кезінде Қазақстанның ұлттық ғарыш жобаларын ұсынуын ел тарихындағы дипломатиялық дүмпуге теңейді.

Бұл ойда қате жоқ секілді. Мысалы, 1990 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағында Жалпы машина жасау министрлігінің басшылығымен кездесу өткен. Жүздесу кезінде ғарышқа алғашқы қазақты ұшыру туралы мәселе принципті түрде шешіліп, Тоқтар Әубәкіров орбитаға бет алды. Кеңес Одағының Батыры ғарышқа ұшуы кезінде жай сапарлаған жоқ, Қазақстанның ғарыштық эксперименттерінің бірінші ғылыми бағдарламасын орындады.

Қызығы сол, аталған сапар космонавтика тарихында Кеңес ғарышкерінің ғарышқа соңғы ұшуы ретінде қалды. Себебі ол кезең одақ ыдырап, мемлекеттер егемендігін алуға ұмтылған шақ еді. Қазақстан да сындарлы сәтте барын салып, аймақтық тұтастығын сақтауға ұмтылды. Әсіресе адамзат ғарышқа алғаш аттанған Байқоңырдың меншік құқығын біржақты ету идеологиялық тұрғыда да, экономикалық жағынан да маңызы болатын. Сондықтан 1991 жылғы 31 тамызда ел аумағында орналасқан «Байқоңыр» ғарыш айлағы Қазақстанның меншігі деп жарияланған Жарлыққа қол қойылды. Бұл ғарышты игеруде еліміздің тарихи және стратегиялық рөлі барын аңғартқан сәт ретінде есте қалды.

Кейін Ұлттық аэроғарыш агенттігі «Байқоңыр» кешенінің нысандарын түгендеу және техникалық жағдайын бағалау жөнінде жүйелі жұмыс жүргізді. Оның ішінде «Байқоңыр» кешенін жалға беру бойынша Ресеймен жасалған ұзақ мерзімді шарттың орны ерек. Келісім бойынша нысан қос елдің тығыз ынтымақтастықтың нысаны ретінде бекітіліп, бірлесе жобаларды жүзеге асыруға уағдаласқан.

Кейін келісімнің көмегін көп көрдік. 1994, 1998, 2001 жылдары Талғат Мұсабаев ғарышқа ұшса, 2015 жылы Айдын Айымбетов сапарды жалғастырды. Ал «2005-2007 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында ғарыш қызметін дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында бүгінгі инновациялық жетістіктің іргетасы қаланды. Бұл бағдарлама шеңберінде «Казсат-1» байланыс спутнигін құру, оны ғарышқа ұшыру жобасы іске асырылды. Сондай-ақ ғарыш техникасының арнайы конструкторлық-техникалық бюросы, жерді қашықтан зондтау мен ғылыми-технологиялық мақсаттағы ғарыш жүйесі, ғарыш аппараттарын құрастыру бағдарламасы қолға алынды.

Ғарышқа бір қадам

Айта кету керек, әуелгі ғарыш бастамаларында шикілік шыққан болатын. Осыны ескере, Қазақстан ғарыш державасы ретінде аяққа нық тұру үшін арнайы ведомство керегін байқады. Көп өтпей, 2007 жыл ҚР Ұлттық ғарыш агенттігін құрылып, бірнеше жыл ішінде ғарыш инфрақұрылымы дамыды. Ғарыш саласы кәсіпорындарының ғылыми және инженерлік құрамы жасақталып, білікті кадр тобы практикалық тәжірибе мен дағдыны игерді. Осы мақсатта қазақстандың ғарыш мамандары Ресей, Украина, Франция, Ұлыбританияның жетекші ғарыш кәсіпорындарында тағылымдамадан өтті.

Технологиялық жаңалықты қадағалау үнемі оң нәтижеге бастары сөзсіз. Мұны ғалымдардың халықаралық тәжірибені қолданысқа енгізуі дәлелдеді десек, артық емес. Шеттен алған білімін елде пайдаланған ғалымдар отандық спутниктердің екі орбиталық тобын құрды. Оларды сәтті ұшырып, бүгінде ел игілігіне жарап тұр. Мысалы, қазір байланыс, геология, жерді зонттау бағытында «Казсат-2», «Казсат-3» байланыс спутниктері қолданылуда. Оған қоса жерді қашықтан суретке түсіретін «KazEOSat-1», «KazEOSat-2» спутниктері мен замануи технологиялармен жабдықталған «Казсат» байланыс ғарыш жүйесінің маңызы зор.

P.S. Иә, ғарышты игеру адамзат ақыл-ойы мен өркениетінің алдыңғы шебінде болумен тең. Таным мен талпыныстың пайдасын көру үшін ғарышқа ғашық сананың берері көп. Сондықтан ғарышкер болуды армандайтын буынға бағыт сілтеу, мүмкіндік есігін ашу үшін космонавтика саласындағы жаңалыққа ілесуден танбау, қажет.

Берен ШАҒЫРОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: