Жұма, 06 желтоқсан, 22:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№96-2106
03.12.2024
PDF мұрағаты

Ақмарал Ноғайбаева, облыстық филармония әншісі, мәдениет саласының үздігі: «Өнер – менің тағдырым»

30.11.2024

799 0

Сыр еліне ғана емес, өнерді кие тұтқан бар қазақты ерекше қоңыр даусымен, мөлдір бұлақ бастауындай сазды  үнімен  баурап алған Қызылорда облыстық филармония­сының әншісі, мәдениет саласының үздігі Ақмарал Ноғайбаеваның есімі алты Алашқа танылып үлгерді. Жыр дүлдүлімен сұхбаттасудың сәті түсті.

–       Дәстүрлі әнді сырнаймен орындауға көп әнші тәуекелге етпейтіні белгілі. Әкеңіз Әлмырза Ноғайбаев хас талант, жезтаңдай әнші  екенін білеміз. Алайда  ол кісі әнді домбырамен орындайды.  Сырнайға қызығуыңызға не себеп? Әлде Нартай атамыз дүниеге келген киелі мекеннің құдіреті әсер етті ме?

– Әкем мені Нартай әндерін орындау­ға бағыттады. Аудандық музыка мектебі­нің аккардеон сыныбына берді. Ұстазым Махмұт Асқаров болды. Аккардеон сыны­бын бес жыл оқып, мектептегі музыкалық кештерде  сырнаймен  ән салдым. Ең алғаш 9 мамыр Жеңіс күніне арналған кеш­те орыс халқының «Синий платочек» әнін көзімді тарс жұмып алып айтқаным бар. Бұл аккардеонмен ең алғаш ән салуым еді. Көрерменге лық толы зал тым-тырыс. Бұл не тыныштық деп көзімді ашсам, көрермен сілтідей тынып, ән тыңдап отыр. Ал ортада Нина Петровна Безгина деген орыс тілі пәні мұғалімі шыр айналып билеп жүр екен. Көрерменнің ықыласына тәнті болған мен әрі қарай көзімді жұмбай-ақ, сенімді түрде ән айта бердім. Себебі бұған дейін аккардеонмен тек нотамен шығарған шығарманы ғана ойнайтынмын. Ал бұл ән  аспапты толық меңгермей тұрып, өздігімнен тыңдау арқылы шығарған алғашқы әнім еді. Оны мектеп сахнасында алғаш орындау мен үшін өте жауапты іс болды. Содан соң мектепте өткен барлық кеште әнші ұстаз­дарым мен құрбыларым ән айтқанда сыр­наймен сүйемелдеп, тәжірибе жинадым. Мек­теп бітірген соң да бір жыл әннен сабақ бердім. Осылайша аспапта ойнау шеберлігін дамыта жүріп, әкемнің алтын қорындағы Арзулла Молжігітов, Әбілаш Әбуов, Айзахан Бижанова, Тұрсынкүл Баяханова, Мұхаметжан Рүстемов  үнтаспасынан Нартай әндерін тыңдап үйрене бастадым.

– Қоржыныңызда дәстүрлі әндерден  қанша ән бар?

– Дәстүрлі әндер дегенде бұрын ешбір өңір­ге бөлмей шамамыз келген әнді айта беретін­біз. Қазір әрбір дәстүрлі ән мектептерінің  өзін­дік орындау мәнеріне, диапазоны, шеберлігі­не, өңірлік ерекшелігіне қарай өзінің шырақшы­сы, іздеуші-өнерпазы бар. Сондықтан қазір ел ішінде әлі де тұнып тұрған, зерттелмеген жыршылар мен олардың шығармашығын зерт­­теу­ді перзенттік парызым деп білемін.  Сол бағытта қолға түскен құндылығымызбен  бөлі­­семіз. Бұл орайда менің репертуарымда Нартай­дың барлық шығармалары және зерттеу нәтиже­­сінде табылған Сыр бойының  халық әндері бар.

– Бүгінде ұлағатты ұстазсыз.  Ән дода­сына қатысып, сырнаймен төгілтіп ән салып топ жарған шәкірттеріңіз бар ма?

– Домбырамен ән салу өнеріне қарағанда сырнаймен ән салу күрделірек болған соң көп шәкірт ерте алмайсың. Сырнайда ойнай отырып, шығарма орындау кейбір музыка мамандарын әлі күнге таңқалдырып келеді. Аспап пен адам дыбысының үндесуі, шығарманы орындау мен аспапта ойнауды  қатар дамыта отырып, бүтін бір дүниеге көрерменнің көңілін аудару  көп жылдық еңбектің нәтижесі.  Аспабын құшақтап келген талапкерге бағыт беруден еш шаршамаймын. Шәкіртім өте көп те, аз да болуы мүмкін. Дегенмен жоқ емес. Солардың арасынан Тоғжан Өтенова, Ізбасқан Дәулетхан секілді шәкірттеріме үміт артамын.

– Өнер адамының бойында қандай қасиеттер болу керек?

– Ең бірінші өнерге деген адалдық  керек.  Құдай берген талант бар болса, бар болмысымен шын қызмет ету үшін  келу керек.  Мадақ үшін, марапат үшін емес.  Алланың берген қасиеті ғой өнер деген! Ол халықтың игілігіне жарауы  керек.

– Біз білмейтін тағы қандай өнеріңіз  бар?

– Менің ұққаным талант өзі шын жара­ту­шыдан келген сый болса, ол барлық жағдайда, барлық іс-әрекетіңе  қосарласып жүреді. Ән салғаннан бөлек, әр шығарманың түпкі негізін, шығу тарихын, оқиғасын зерттеп жүремін.   Шы­ғармашылықта, мейлі күнделікті өмірде болсын әрбір істің жүйелі орындалуына қатты мән беремін. Қолөнермен айналысамын.  Сахналық  киімдерімнің үлгісін өзім сызамын. Әрбір элементіне мән беремін.   Қолым қалт етсе асүйден шықпаймын, отбасым мен  қонағыма жайған дастарханымда қолдан жасаған құрт, май, ірімшігім үзілмейді.

– Көрермен тарапынан рухани қошемет көңілді марқайтады. Өнер адамына  деген мемлекеттің қолдауы қандай?

– Өнер адамына қолдау дегенді әркім өзін­ше қабылдайды ғой. Ең бірінші қолдаушымыз – халық. Дәстүрлі өнер тарихына үңілсек, мемлекет­тің қолдауы тек саяси маңызы бар уақытта ғана  қажеттілікке жараған. Ал қалған уақытта айналып кеп халықты пір тұтамын.

– Сіз үшін бақыт деген не?

– Анамның құрсағына біткеннен өнер адамы болу тағдырыма жазылған деп білемін. Әкенің қанымен дарыған қасиет қой бұл.  Әр нәрсенің сұрауы бар. Сол қасиетті өнерді ел игілігіне өз деңгейінде жарата алсақ,  біз үшін бақыт сол. Ата-анаңнан тәлім тәрбие алып ұшқан соң, ұшар биігіңде, қонар айдыныңда адамзаттың қажетіне жарау. Әулетіме адал келін, ұрпағыма асыл ана, сүйгеніме адал жар, ата-анамның абыройын асқақтатар ұрпақ болсам, арманым жоқ. Шәкірттерге  ұлағатты ұстаз, немерелеріме сүйікті әже, келіндерге ақылшы ене ретінде, халқыңа өнеріммен қажет болсам дүниенің қызығы сол емес пе?

Жолмырза есімді жолдасым бар. Бұйыртса 2025 жылы  отасқанымызға 30 жыл толады. Бір ұл, екі қыз өсірдік. Үш немереміз бар. Бүгінде Көркем, Бегімсұлу, Әдемі деген ханшайымдардың әжесімін.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан                           

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: