Сенбі, 11 сәуiр, 01:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№26 (2238)
11.04.2026
PDF мұрағаты

Гүлге оранған қала

11.04.2026

36 0

Дәл осы күндері қала көшелерінде келе жатып, айналаға көз салсаңыз, шаһардың гүлдене түскенін байқайсыз. Көгалдандыру жұмыстарының басталуы ауаны тазартып, қаланы өмір сүруге жайлы етеді. Облыс орталығында жылданжылға гүлзарлардың аумағы кеңейтіліп, гүл егу қарқын алды. Бұл бағыттағы негізгі жұмыстарды «ҚазСтройКапитал ЛТД Қызылорда» ЖШС мекемесі атқаруда. Қаланы көгалдандыру жұмысына дайындық қыс мезгілінен басталадыҚазіргі таңда мекемеде 250-ден астам қызметкер еңбек етсе, 50-ге жуық заманауи техника жұмылдырылған. Соңғы үлгідегі құралжабдықтар мен автоматты суару жүйесінің іске қосылуыжұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуына мүмкіндік беруде

Мекеме басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары Алтай Мұхановтың айтуынша, биылғы көгалдандыру жұмыстары қар­қынды жүруде.

– Жыл басынан жұмысқа кіріс­тік. Ең алдымен сол жаға­лаудағы «Жастар орталығы» маңына автоматты суару жүйесін жүргіздік. Сұлтан Бейбарыс көшесінде ағаш отырғызу басталды. Қазір бұл жұмыстар қаланың барлық аумағында жалғасып жатыр. Биыл 8950 тал егу жоспарланса, соның 3 мыңға жуығы отыр­ғызылып үлгерді. Абылай хан даңғылына 2000, Қорқыт ата көшесі­не 1000 түп ағаш егілді. Сонымен қатар газон төсеу жұмыстары қолға алынды. Осы айдан бастап гүл егу де басталды. Қазіргі таңда газон төсеу жұмыстары Рәміздер алаңы, Тағзым алаңы және Назарбаев даңғылы бойында жүргізілуде. Қаланың климаттық ерекшеліктері ескеріліп, ауа райына төзімді гүл түрлері таңдалды, – дейді ол.

Қала көркін арттырып, көшелерге жан бітіріп жүрген гүл егуші бригадалармен жүздесіп қалдым. Таңның атысынан күннің батысына дейін тынымсыз еңбек ететін жұмысшылар үшін әр егілген гүл – маңдай тердің жемісі.

Гүлге оранған қала

№5 бригада жетекшісі Гүлназ Қалменованың айтуынша, бұл жұмыс сырт көзге оңай көрінгені­мен, үлкен жауапкершілікті талап етеді.

– Сәуір айынан бастап гүл егу басталады. Маусым, мамыр айларында түбін қопсытып, топырағын көтеру жұмыстары жасалады. Қаланың ауа райына төзімді деп шафран, петунья, циния секілді гүлдер таңдап алынды. Назарбаев даңғылындағы қызғалдақ гүлдерін желтоқсан айында егіп қойғанбыз. Бүгінде жайқалып өсіп тұр. Біздегі жұмыс істейтін кісілердің тәжірибесі бар. Сондықтан гүлді күтіп баптауда биыл қиыншылық болмайды деп ойлаймыз. Гүл егу – жай ғана отырғызу емес. Әр гүлдің өз уақыты, топырағы, күтімі бар. Біз алдымен жерді  дайындаймыз, тыңайтқыш береміз, содан кейін ғана егеміз. Уақытылы суарып, арамшөбін жұлып отырмасақ, еңбегіміз зая кетуі мүмкін. Қазір ауа райы салқын болып тұрған соң білінбейді. Бірақ жаздың ыстығында жұмыс істеу оңай емес. Алайда сол қиындыққа қарамай, әрбір гүлге күтім жасаймыз. Гүлдердің жайнап тұрғанын көргенде шаршағаның ұмытылады. Қаланың әдемі болғанына өз үлесіңді қосқаныңды сезіну – ерекше қуаныш, – дейді ол.

Айта кетейік, гүл егу науқаны биыл ерекше қарқын алмақ. Жақын арада облыс әкімдігі, «Сыр ана» монументі, Назарбаев даңғылы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш, қала әкімдігі, Ы.Жақаев көшесі, Сырдария өзенінің сол жағалауы, Абылай хан даңғылы, «Тағзым» алаңы, орталық алаң, сондай-ақ аллеялар мен саябақтар түрлі гүлмен көмкеріледі. Қазір бұл аумақтарда жер дайындалып, қопсыту жұмыстары жүргізілуде. Демек, бүкіл қала іші гүлге оранып, одан да әсем күйген енетін болады.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: