Сенбі, 19 сәуiр, 21:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№28,2141
19.04.2025
PDF мұрағаты

Келешектің кілті – экосауатты ұрпақта

19.04.2025

66 0

Көптеген елде білім беру жүйесіне экологиялық сауаттылықты енгізуге күш салуда. ЮНЕСКО сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, әлем елдерінің жартысынан көбінің ұлттық оқу бағдарламаларында климаттың өзгеруі туралы мүлде айтылмайды, небәрі 19%-ында ғана биоалуантүрлілік мәселелері қамтылған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ЮНЕСКО 2025 жылға қарай барлық елде экологиялық білімді оқу бағдарламасының міндетті құрамдас бөлігіне айналдыруды мақсат етіп қойды. БҰҰ сарапшылары экологиялық тәрбие балаларға жасөспірім кезінен бастап берілсе, болашақта қоршаған ортаға жанашыр ұрпақ қалыптасатынын айтады. Бұл бастама – климат өзгерісі мен экологиялық дағдарыстарға бейімделуге қажет білім мен дағдыларды бүкіл әлем жастарына үйретуге бағытталған маңызды қадам.

Әлемнің кейбір елдері қазірдің өзінде экологиялық білім беруде үлгі боларлық тәжірибелер енгізіп отыр. Аргентина 2021 жылы Ұлттық кешенді экологиялық білім беру туралы заң қабылдап, мектепке дейінгі мекемелерден бастап жоғары сыныптарға дейін экология негіздерін оқытуды міндеттеді. Бұған дейін бұл елде экологиялық тақырыптар технология немесе қоғамтану пәндерінде бөлшектеп ғана оқытылып келген еді. Камбоджа мектеп бағдарламасына климаттық өзгерістер тақырыбын интеграциялап, жоғары сыныптарда жаңартылған «Жер туралы ғылым» курсына қосты. Теорияны тәжірибемен ұштастыру үшін 15 пилоттық мектепте оқушыларға ағаш отырғызу, «климатқа бейім ауыл шаруашылығы» сияқты жобаларды жүзеге асыруды тапсырды. Ұлыбритания бастауыш және орта мектептерінде климаттың өзгеруі жөніндегі тақырыптарды оқу бағдарламасына енгізген. Тіпті Ұлыбритания Үкіметі 2023 жылға қарай «климаттық өзгеріс бойынша әлемдегі ең озық білім беру жүйесін» қалыптастыруға уәде беріп отыр.

Сонымен бірге халықаралық деңгейдегі «Эко-мектептер» (Eco-Schools) бағдарламасы 100-ден астам елде жүзеге асуда. Бұл бағдарлама бойынша мектеп оқушылары теориядан тыс, өздері практикалық экологиялық жобаларға қатысып, мектеп ауласында бақ өсіру, энергия үнемдеу, қоқысты сұрыптау секілді бастамалармен айналысады. Финляндия, Швеция, Германия сынды елдерде экологиялық білім мектеп бағдарламасына терең сіңірілген: балаларға кішкентайынан табиғатқа ұқыпты қарау, энергияны үнемдеу дағдылары үйретіледі. ЮНЕСКО мәліметінше, қазіргі кезде 127 ел үкіметі оқу бағдарламаларына климат пен тұрақты даму тақырыптарын толық енгізуге ресми міндеттеме алған. Дегенмен көптеген мемлекетте экология пәні әлі қосымша курс деңгейінде ғана немесе жекелеген жобалар аясында іске асуда.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, экологиялық білім беруде заңнамалық міндеттеу (Аргентина үлгісі), жобалық-тәжірибелік әдіс (Камбоджа үлгісі) және мектептер желісі (Эко-мектептер) сынды кешенді шаралар тиімді нәтиже береді. ЮНЕСКО және БҰҰ алдағы жылдары әр елде экологиялық сауаттылықты арттыруға бағытталған осындай озық тәжірибелерді таратуға шақырады.

Қазақстандағы экологиялық бастамалар

Қазақстанда экологиялық білім беру мен мәдениетті дамыту бағытында соңғы жылдары бірқатар маңызды мемлекеттік және қоғамдық бастама қолға алынуда. 2020 жылы дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында ҚР Білім және ғылым министрлігі мен БҰҰ Даму бағдарламасы бірлесіп, «Қазақстанда экологиялық білім беруді дамыту» жобасын іске қосты. Бұл жоба аясында еліміздегі 6000-нан астам мұғалім арнайы дайындықтан өтіп, әр өңірде 17 үлгілі экологиялық оқу алаңы құрылуы жоспарланған. Аталған эко-сыныптар жаңартылатын энергия және ресурсты үнемдеу технологияларымен жабдықталмақ. Сонымен бірге мектепке дейінгі ұйымдарға арналған экологиялық тәрбие әдістемесі, бастауыш сыныптарға арналған «Дүниетану» пәнінің интерактивті эко-мазмұны әзірленуде. Жобаның түпкі мақсаты – мектепке дейінгі буыннан бастап жоғарғы оқу орнына дейін үздіксіз экологиялық білім беру моделін қалыптастырып, оны мемлекеттік білім жүйесіне енгізу.

Мемлекеттік деңгейдегі тағы бір жаңалық – 2019 жылдан бастап мектептер мен балабақшаларда «Экология сағаты» акцияларын өткізу дәстүрі жолға қойылды. Сол жылы шілде айында экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі бірлесіп, республикалық деңгейдегі экологиялық сағат өткізу туралы бастама көтерген еді. Бұл сабақтарда оқушыларға бейнероликтер көрсетіліп, қоқысты сұрыптау, су мен энергияны үнемдеу, табиғатты аялау секілді дағдылар үйретіледі. Мұндай экосағаттарға мұғалімдермен қатар табиғат қорғау мекемелерінің мамандары, еріктілер мен экобелсенділер қатысады. Экологиялық ағартушылық бағытында да елеулі істер атқарылуда. Мысалы, «Stop Musor» атты әлеуметтік жоба іске қосылды. Бұл жобаның мақсаты – тұрмыстық қалдықты жерге тастамау мәдениетін қалыптастыру, тұрғындарды қоқысты дұрыс сұрыптауға үйрету. Бұл бағытта волонтерлар ел ішінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заңсыз қоқыс орындарын анықтауда.

«Жасыл мектеп» – тәжірибе алаңы

Серәлі Лапин атындағы №261 орта мектепте экологиялық тәрбие мен табиғатпен үндестікті үйлестіретін бастамалар жүйелі түрде жүзеге асуда. Мектеп жанынан құрылған жылыжай соның айқын дәлелі. «Жасыл мектеп» жобасы аясында негізі қаланған бұл шағын экобұрыш оқушылар үшін биология пәнін тәжірибемен ұштастыратын, табиғатқа жақындата түсетін маңызды алаңға айналды. Мұнда балалар тек өсімдіктерді өсіруді үйреніп қана қоймай, еңбекке баулудың алғашқы баспалдақтарынан өтеді.

Мектептің биология пәні мұғалімі Жанат Кенжееваның айтуынша, 2021 жылдан бері білім ордасында «Жасыл-эко» жасақтары табысты жұмыс атқарып келеді.

– Орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінің инспек­торларымен бірлесіп, Талдыарал елді мекенінде көшеттер отырғызу шараларына қатысып, тәжірибе алмасып жүр. Бұл бастама оқушылардың экологиялық жауапкер­шілігін арттырып, қоршаған ортаны қорғауға деген ынтасын оятады, – дейді ол.

15 сәуір – Экологиялық білім күні. Бұл бір күндік науқан емес, бүкіл қоғамға арналған үндеу. Бүгінгі таңда климаттың өзгеруі, су тапшылығы, орман өрттері сияқты жаһандық экологиялық проблемалар адамзаттың болашағына қауіп төндіріп отыр. Бұл мәселелерді шешу үшін ғылым мен технология ғана емес, ең алдымен экологиялық сауатты қоғам қажет. Ал ондай қоғам экологиялық білім мен тәрбиеден басталады.

Табиғатты аялау – ұлт болашағына деген қамқорлық. Әр азамат өз үйінен, өз көшесінен бастап тазалықты сақтаса, қоқысты сұрыптаса, ағаш ексе, табиғатқа зиян келтірмесе – бұл нағыз экологиялық мәдениет. 15 сәуір – осыны еске салып, әрекетке бастайтын күн. Ендеше, осы күннің рухымен «Таза қоғам – таза табиғаттан басталады» деген ұстанымды өмір салтымызға айналдырайық!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: