Жыл сайын 14 ақпанда әлем бойынша халықаралық кітап сыйлау күні атап өтіледі. Бұл мереке адамдарды кітап оқуға ынталандырып, білім мен мәдениетті насихаттауға бағытталған. Кітап сыйлау дәстүрі кітапсүйер қауым арасында рухани байлықты бөлісудің ерекше тәсілі. Осы орайда, адамдардың кітап оқу деңгейіне тоқталғанды жөн көрдік.
Әлемде кітап оқу деңгейі және танымал жанрлар
Әлемдік статистикаға сүйенсек, әр елде кітап оқу деңгейі әртүрлі. Мысалы, Франция мен Канада тұрғындары жылына орта есеппен 17, ал АҚШ азаматтары 12 кітап оқиды екен. Бұл көрсеткіштер Қазақстанмен салыстырғанда едәуір жоғары. Жанрлық талғамдарға келсек, әлем бойынша романдар, детективтер, тарихи беллетристика және қиял-ғажайып әдебиеттері кеңінен танымал. Сонымен қатар психология, өзін-өзі дамыту және бизнес тақырыбындағы кітаптарға да сұраныс артып келеді.
Кітап оқу бойынша көшбасшы елдер
Кітап оқу деңгейі жоғары елдер қатарында Франция, Канада, АҚШ, Жапония және Оңтүстік Корея бар. Бұл мемлекеттерде кітап оқу мәдениеті жоғары дамыған, кітапханалар жүйесі кең таралған. Мысалы, Жапонияда кітап дүкендері мен кітапханалар саны өте көп, ал Оңтүстік Кореяда электронды кітаптар мен оқу құрылғылары кеңінен қолданылады.
Қазақстандағы кітап оқу статистикасы
Қазақстанда кітап оқу деңгейі соңғы жылдары төмендеп келеді. «AMANAT» партиясының жанындағы қоғамдық саясат институтының мәліметінше, 2023 жылдың қараша-желтоқсан айларында жүргізілген зерттеу бойынша, респонденттердің тек 26,5%-ы соңғы бір жылда кемінде бір кітап оқығанын айтқан. Қалғаны уақыттың жетіспеушілігін (52%) немесе кітап оқуға қызығушылықтың болмауын (21,4%) себеп ретінде көрсеткен. Кітап оқитындар жылына орташа есеппен 5 кітап оқиды. Ең көп оқитын аймақтар – Шығыс Қазақстан (10,6 кітап), Солтүстік Қазақстан (6,95 кітап) және Ақмола облыстары (6,34 кітап). Ең аз оқитын аймақтар – Шымкент қаласы (3,8 кітап), Ұлытау (3,7 кітап) және Жетісу облыстары (3,59 кітап). Жас ерекшелігіне байланысты 61 жастан асқан адамдар жылына орташа есеппен 6,2 кітап оқиды екен. Әйелдер ерлерге қарағанда, қалалықтар ауыл тұрғындарына қарағанда көбірек оқиды, бірақ айырмашылық айтарлықтай емес.
Аймақ жастары кітапты көп оқиды
Қаламызда кітапқұмар жандардың рухани орталығы қалыптасқан. Бұл – тек оқу мәдениетін насихаттайтын орын ғана емес, зияткерлік дамудың алаңы. Соңғы жылдары облыс кітапханаларына авторлар тарапынан 2270 кітап сыйға тартылып, оқырманға жол тартты.
– Кітап – адамның ақыл-ойының жемісі. Оны оқитындар бар, жинайтындар бар, тіпті шынайы фанаттар да бар. Бірақ біз кітап оқу мәдениетін бұқараға кеңінен жеткізуіміз қажет. Мысалы, жапондар білімді халық деп есептеледі. Себебі олардың әрбір оқушысы жылына кем дегенде 70 кітап оқуы тиіс. Ал бізде осындай талап бар ма? Сондықтан Әбділда Тәжібаев атындағы кітапханамызда түрлі акциялар ұйымдастырып, кітапқа деген қызығушылықты оятудамыз. Бүгінгі жастардың бойында кітап оқуға деген сүйіспеншілікті ғана емес, сонымен қатар кітап жазу қабілетін де дамыту маңызды. Біз жас авторларды тәрбиелеуге, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға ерекше көңіл бөлеміз. Осы мақсатта жастарды кітап жазуға үйрететін түрлі іс-шаралар мен оқыту бағдарламаларын ұйымдастырамыз. Қазіргі таңда кітапханамызда балаларға арналған арнайы алаң бар. Ол – кеме пішінінде жасалған ерекше кеңістік, мұнда бүлдіршіндер қазақ әдебиетінің үздік туындыларымен таныса алады. Осындай жобалар арқылы біз жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыруды көздейміз, – дейді Әбділда Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Нұрлыбек Мыңжас.
Кітап оқитын жастар саны аз емес. «Кітап құрттары» клубының мүшесі Нұрболат Олегұлының айтуынша, бұл ұйым 2019 жылы небәрі 10 адамнан құрылған. Бүгінде оның қатары әлдеқайда көбейген.
– Біздің клуб кітапты насихаттау мақсатында құрылды. Қазіргі таңда «QYZYLORDA» телеарнасында екі жобамыз бар. Біріншісі – 10-11 сынып оқушыларына арналған интеллектуалды «Ziyatker» сайысы. Бұл – жастардың ойлау қабілетін дамытатын, білімге деген құлшынысын арттыратын жоба. Екіншісі – қаладағы кітапқұмар жандармен сұхбат жүргізетін «Велософия» бағдарламасы. Бұл хабардың басты ерекшелігі – кітап оқитын адамдардың ойларын, тәжірибесін адамдармен бөлісу. Бүгінде Қызылорда қаласында кітап оқуға қызығушылық танытатын мыңнан астам адам бар. Біздің іс-шараларға жиналатын жастардың қарасы күннен-күнге артып келеді. Бұл – жастардың кітап оқуға деген көзқарасының өзгеріп келе жатқанын білдіреді. Кітапқұмарлардың басын қосқан, осы қозғалыстың негізін қалаған адам – Талғат Меңдібай. Ол бізді біріктіріп, кітап оқуды сәнге айналдырды. Қазіргі таңда жастар оның бастамасын қолдап, клубқа мүше болып жатыр, – деді Нұрболат Олегұлы.
Клуб мүшесі Ізбасар Әмір қоғамда бизнеске бағытталған мотивациялық кітаптардың жарнамасы жоғары болғандықтан, көркем әдебиеттің екінші орында қалып қойғанын айтады.
– Әрине, өзін-өзі дамыту кітаптарының да пайдасы бар. Бірақ көркем әдебиет адамның эмоциялық интеллектін қалыптастырады, ойлау жүйесін өзгертеді, қиялын дамытады. Көркем әдебиет оқыған адам өмірді өзгеше қабылдайды, оқиғаларды терең түсінеді. Ең бастысы – өзіңмен бір қызығушылықтағы жастармен жолығып, орта қалыптастырасың. Мен үшін кітаптың ең үлкен пайдасы – осында, – дейді Ізбасар Төлеубекұлы.
Қызылордалық жастардың осындай бастама көтеруі, өзара рухани байланыс орнатуы көңіл қуантады. Кітапқа деген сүйіспеншілікті арттыру арқылы ғана біз білімді, мәдениетті, ойлы қоғам қалыптастыра аламыз. Ал сіз кітап оқисыз ба?
С. Темірболат
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!