Жыл басталғалы алты айды артқа тастадық. Көзді ашып–жұмғанша сырғыған уақыт талай істің анығын, әкімдердің іскерлігін көрсетті ме? Қалаға қарасты ауылдық округ әкімдерімен сөйлестік. Олардың кеуде сарайындағы арманы қандай еді? Орындалып жатыр ма? Мұндай сауалдар газеттің әрбір нөмірінде қойылмақ. Бұл жолы Ақжарма ауылдық округінің әкімі Саттар Әбдіреевті әңгімеге тарттық.
– Саттар Бейбітұлы, білуімізше, мұнда әкім боп келгеніңізге де көп уақыт бола қойған жоқ. Бірақ ә дегендегі арман-мақсаттарыңыз жүзеге асып жатыр ма?
– Әрине, келген сәтте халық екі ойлы болып қарсы алғаны рас. Мен сол кезде тұрғындарға «Маған бір-бір жарым жыл уақыт беріңіздер. Өзімді дәлелдейін» дедім. Мұнда келгелі ең алдымен қараусыз қалған дендропаркті қалпына келтірумен айналыстым. Көркейту-көгалдандыру мен үшін алдыңғы орында тұрады. Ол – экологиялық тазалықтан басталып, ауылдың келбетін арттыруға бағытталған қадам. Жиырма-отыз жыл бойы су көрмеген көздерін тазалап, арық апарып, көктетіп қойдық.
Білсеңіз, ертеректе аймақтың барлық ауылында бір-біреуден, тіпті бірнешеуден алма бақ болды. Әрбір үй қыс мезгіліне қап-қап алма-алмұрт сақтайтын. Сол сәттердегі мүмкіндікті қайта оралтқым келеді. Өзімізден шыққаны жақсы ғой, табиғи, таза. Ағаштан үзіп алып жегенге не жетсін?! Әрине, бұл үшін қазынаның бүйірін түртіп, қомақты қаржы алудың қажеті шамалы. Бар-жоғы қоршауын реттеп алсақ, қалғаны келеді. Ауылға аяқсу жарап тұр. Егер жарамай қалып жатса деп, диаметрі 200 милиметрлік мотопомпа алдырып жатырмыз. Ауылдағы ағайын еңбекқор, әрқайсысы өз ауласына көкөніс егеді. Сатып алатындар сирек. Әкесінен қалған жылыжайды өркендетіп, дамытып отырған кәсіпкеріміз де бар. Жер-Анадан несібе теруде ешқайсысы тыс қалып жатқан жоқ.
– Елден алғыс алған ісіңіз қайсы?
– Жоғарыда айтып өткендей, халыққа мен бас-аяғы бір жылда өзімнің жұмысымды көрсеттім. Ел үшін еңбек етсеңіз, оның жемісі міндетті түрде болады. Дендропаркті жұртшылық мынау енді қалпына келмейді-ау деп жүрген. Сол – ең бірінші алғыс алған ісім. Одан бері де қанша жұмыс атқарылуда. Көрген көзге біткен іс көп.
Талдыаралда «қараңғы түнде тау қалғып тұратын» бір көше бар еді. Халық сол мәселені көп айтатын. Біріншіден, қауіпсіздік тұрғысынан, екіншіден көшеге көрік беріп шамдары жарқырап тұрса, қандай тамаша?! Бұл мәселе де шешімін тапты.
Ауыл мен облыс орталығындағы көлік қатынасында бұрынғы автобустар ескі-құсқы болатын. Жүргенінен тұрғаны көп. Қалтарыста капот ашып, оны-мұнысын жөндеп, шама-шарқынша халыққа қызмет көрсетіп келді. Жыл басынан бері бұл олқылықтың да орнын толтырып, су жаңа автобус күніге 7 мәрте қалаға қатынап тұр. Халық дән риза. Жазда салқын, қыста жылы көлікте отырып, жұмысыңды бітіріп келсең, қандай жақсы?!
– Дәрігерлік амбулатория елдің арқасына батып жүрген мәселе еді…
– Әрине, жаңа дәрігерлік амбулатория ашылғанда еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қуанды. Басы ауырып, балтыры сыздаған әрбір тұрғынның тән жарасынан бөлек, жан жарасын да таңып, ерекше мейіріммен қарап отыратын ақ халаттыларымыз – көңілге медет.
Сәуір айында құны 422 миллион теңге тұратын дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Бірден айтайын, қалаға қарасты елді мекендерде дәл мұндай нысан жоқ. Стомотология, гинекология, күндізгі стационар – бәрі халыққа қызмет көрсетуде. 1964 жылы салынған бұрынғы ғимараттың тозығы жеткен еді. Соны үлгідегі ғимаратта қызмет істеп жүрген мамандар үшін қуаныштымын. Халыққа да барлық жағдай жасалған. Ауыл-аймақ, облыс орталығы, қала деп бөлмей, елді мекендердегі жағдайды жақсартуға атсалысып отырған басшылыққа алғысымыз мол.
– Қателеспесек, белуардан саз кешетін көшелер бар. Олардың жайы қалай?
– Өте орынды сұрақ. Биыл 19 көшеге қиыршық тас төсеуге 367,9 миллион теңге қаралды. Бұл қаражаттың 10 пайызы аударылып қойды. Мердігер мекеме осы шілде айының ішінде іске кірісіп, жұмыс басталады.
Бұл көшелерде халық жол азабын тартып, әбден әбіржіген еді. Әрине, әзірге қиыршық таспен қамтамасыз етсек, алдағы уақытта асфальт төселеді. Жолдың сапалы болуы үшін осы әдіс дұрыс.
Сонымен қатар халықтың сұранысы бойынша 5 аялдама орнаттық. Оның үшеуі Баймұрат ауылында орналастырылса, қалған екеуі – Талдыаралда. Ал газ мәселесіне байланысты, біздің ауыл жоспарда тұр. Қаражат мәселесі шешілген. Баймұраттағы ағайынның мұратқа жетіп, отын жағып, күл шығарудан қолы босайтын күн алыс емес.
– Елге берген уәдеңізде тұрдыңыз ба?
– Әрине, «Уәде – Құдайдың бір аты» деген бар. Қолыңнан келмейтін іске уәде берме деп әкем жиі айтатын. Оның тәрбиесі менің азаматтық болмысымды қалыптастырды. Елге уәде берсем, соның орындалуы үшін жанымды салып, еңбек етемін.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!