Бейсенбі, 18 шiлде, 12:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№56-2066
16.07.2024
PDF мұрағаты

Майордың кебісі

10.07.2024

369 0

Сурет: emilia-spanish.ru

Оның «Тұңғышымыздың тойы» деген әзіл әңгімесі қалам ұстаған қауымның назарын өзіне бұрған еді… Журналистиканың қай жанры да оған жат емес, әзіл әңгіме, проблемалық мақала, репортаж, қай-қайсысына салсаңыз да алмас кездіктей өткірлік танытады. Бұл жолы әріптесіміз Нұрбике Қазиқызының проза жанрындағы қысқа әңгімесін жариялап отырмыз.

Редакциядан.

2006 жылдың қыс мезгілі маған ерекше сезілді. Сезілді дегенде аязда тоңып немесе үскірік үсірген жоқ. Қыстың қалқыған ақ бұлты, бұрқана соққан қарлы жел, аққудың қанаты секілді аппақ қардың өзі, суық сезімдей сезілетін аяз, әйнек секілді жалтыраған мұз… Міне, табиғат-керімнің осы сұлулығы көз алдымда қалыпты.

Көк аспанда бір-бірімен тізбектеле, тұтасып тұратын бұлттардың түсі суық, сұрғылт қалыпта. Сонда да қыстың сәнін келтіріп, ұлпадай аппақ қарын қара жерден аяған жоқ. Қаланың жүйткіген үздіксіз көліктерінен ауасы таза болған соң ба, әйтеуір түнгі қар жап-жарық. Құдды мақтадан аппақ дерсің. Қара жердің қаңтардан алған қарыс сыбағасын басуға қимадым. Күн түспесе де дала көз шағылыстырып тұр. Табиғаттың сұлулығын жұтқысы келді ме, әлде суықтан шөліркеді ме, есік алдындағы науадан қар жалаған сиырды көзім шалды. Әукесін аракідік астаудың жиегіне қасып қояды. Оны өзі ала болған соң «Ала сиыр» деп атаймыз. Өзіне бұл есімі ұнай ма, ұнамай ма, әйтеуір шақырғанда шалт келеді.

Қыс түскенде үйдегі соғым ет сүрленіп тұрған. Елегішке салынып, биікке ілінген еттің де сүйек-саяғы қалған іспетті. Жем-шөп, суару, өрістен іздеп әкеліп қораға қамау, мал қораның қоңсысын тазалау жұмыстарына бір адам байланбаса, бақпа төлдің де беймаза күйге түсері хақ. Одан өзге де қым-қуыт тірліктің түйіні бар, әйтеуір осы ала маңдай қасқаны пышаққа түсіретін болып шешім қабылданды. Не заттың да жағасын аламын десең, есебін тауып бір жағына ойысатын әдеті емес пе?! Бұл тұяқты да жемді былғау үшін үйден жылы су әкелем дегенше көктегі бұлттай жөңкіліп, жоқ болып кетіпті…

Қас қарайып, аппақ қардың беті әбден ойқасталып, түн ауған шақта аяз түсті. Әлгінде күн райы кішкене жылынғандай болып еді, алдамшы екен. Жылқының сауырынан аққан тердей боп еріген қар суы мұзға айналған. Бет қаритын ақшұнақ аяз кәдімгі. Үйдегі жарықтың бәрі өшіп, сағаттың тілі ғана естіліп тұрған қараңғыда сыртқы есік қағылды. Жұқалтаң ақ киізбен қапталған ағаш есіктің ішкі темір ілгегі қоса қозғалғанынан суыт жүрген адамдай сезілді. Әкем қатқыл үнмен «Бұ кім, әй?!» деді. Сейіл-серуенде жүрген кісі деп қабылдау ойымызға келмеген сыңайлы, ондай уақыт та емес. Етікті кісі болса аяғының жүрген сықыры естілер еді-ау… Есіктің сыртқы тұтқасын ұстаған күйі тартқыштап, «Мен – майормын!» деді.

Түн жарымында шет аймақта жүргені де қызық екен. Әкем – қақпақ жауырынды қарулы кісі. «Есікті аш!» деді шегеден иіліп жасалған ілгекті нұсқап. Жиек-жиегінен аздап жел соғатын есікке жақындап, иілген тұсын жоғары көтеріп ем, сырттағы кісі өзі-ақ тартып ашты. Қарсы алдымда бойы ұзын, реңі қызыл-сары, самай шашы мен мұртына қырау қатқан азаматтық киімдегі кісі тұр.

– Рұқсат па?

– Рұқсат, жай жүрсіз бе?

– Тынығып жүрмін!

Даланың аязын елемейтін­дей күйде. Сірә, су түс­тес «қымыздан» «мөлді­ретіп» алғанға ұқ­сай­ды. Қос көзі – жел үрлеген шоқ­тай.

– Мен көшенің анау басындағы шипыры жоқ ақ тамда тұрамын. Жа­қында көшіп келдім. Майор погонымен пенсияға шық­қанмын. Тыныш жерде өмір сүргім келіп, осы үйді сатып алдық. Кемпірім, балам, келінім, немерелерім бар. Бүгін пенсиям түскен соң қыдырып жүрмін. Қайбір күні біреулерден өзіңіз туралы естігем. Естігенде қалай, сұрағанмын. «Осы теректің арасында кім тұрады?» – деп. Білетіндер «Үш балалы ер адам тұрады» деді. Сол өзің екенсің ғой.., – деп беймезгіл келген қонақ, әңгіменің «құлағын» бұрады.

Сағат тілі шай шығым уақыттан да, сүт пісірім уақыттан да асып барады. Қонақтың отырысы иіндеп тұрған сабадай. Әңгіме әл беріп жатқан сияқты, арасында даусын жөңкіп қояды. Түнгі екіден асқанда қайтуға жиналып, мәсісін кебісіне сүңгітіп жіберді де, тысқа шықты. Үй арасы алыс болса да «көрші» деп аңқылдап тұрғанын бекзадалық деп ұқтық. Әкем мал қора жаққа бір барып келді. Ала сиыр келмепті.

Таңертең майор тағы келді. Бұл жолғы рең-келбеті өзгеше, сөзі де басқаша. Қанша дегенмен, елдің ортасында халыққа қызмет еткен өз саласының маманы ғой.

– Түнде осы жерден шыққанда сәл-пәл есімді жина­ғандай болып ем, үйге қалай жеткенімді білмеймін. Айып етпесеңіз, бір сұрақ қояйын. Үйге мәсімен барыппын. Галошымның бір сыңары осында қалып кетпеді ме деп іздеп келіп едім…

– Жоқ, майор мырза, мұнда қалмады, жолды қарап көру керек, түсіп қалған шығар…

Екеуара диалог ұзаққа созылмады. Оған себеп екеуінің жаңа таныстығы болса керек.

Арада бір аптадай уақыт өтті. Соғымға соямыз деген сиыр сол күйі үйге оралмады. Шет аймақ, үйден әріректе канал, одан әрі елсіз дала. Жыңғыл мен шеңгелдің жабайы, сидамданып, талданып өскен түрінен адамға жүрер жол да қалмаған. Сонда да әкем екеуміз ертемен ала сиырды іздеуге шықтық. Бір ойы­мыз – даланың ашқұрсақ аң-құ­сына жем болуы. Екінші ойы­мыз – үміт. Осы үміт шырағы бізді күн райының суық­тығына қарат­пады. Үстімізге, ая­­ғы­мызға бар қалың киім мен етікті киіп, үйдің артын­дағы жол­сызға түс­тік. Жердің бетінде әлі де кебіс батарлық қар қалыңдығы бар. Ызғар қайтпаған, суық жел бетті қариды. Каналдың жағасында ескі қорым бар. Біз көшіп келгелі ешкімнің табаны тимеді. Тұсынан өтіп бара жатып бет сипағанымыз болмаса, қорымға көп жолай да бермейміз. Бұл жолы да сол әдетпен канал жағасындағы ойпаң жер арқылы каналдың ішіне түстік. Дәл қазіргі сәтте біз үшін ықтасын жер осы болып тұр. Қураған қамыс, қоғаларды таптай, мойын бұрмастан алға жылжыдық. Каналдың бұрылысына таяғанда көзіме қарға жартылай көмілген қара кебіс көрінді.

– Папа, папа, майордың галошын таптым! – дедім. Әкем кебіске қарап, жақын арада түскен сияқты. Сол кісінікі шығар, ала сал, жолай апарып берейік, – деді.

Сәл жүрген соң каналдың арнасы ел аузында «Ком­сомол» атауымен таныс қыстаққа қарай бұрылады. Біздің негізгі бағытымыз – Сталин каналының жағасы. Ол үшін осы каналдан кейінгі шолақ сайды асып түсіп, жазыққа шығуымыз керек. Бірақ біз майордың кебісін апарып беру үшін бұрылыстан жоғары көтерілдік. Алдымыздан ақ там көрінді.

Мақсатымыз мал іздеу болса да бағытымыз осылайша күрт өзгерді. «Жолсызға түскен жалғыз үйге неге көшіп келген?» – дедім ішімнен. Менің балалық ойым – полицияда жұмыс істеген адам бай, олар этажда тұруы керек. Не керек, мен өз ойыммен алысып келе жатқанда діттеген жерге де жеттік.

Ағаш шарбақпен қоршалған үйдің алдыңғы бөлігіне қарай бет алдық. Бөтеннің иісін сезді ме, есік алдындағы байлаулы ит те тынымсыз үре бастады. Үйдің есігі ішкі бөліктен ашылып, ақсары жүзді, бойшаң келген ер кісі шықты. Біздің күткеніміз – майор еді…

Есікті ашты да екі көзі менің қолымдағы кебіске қадалды. Қозғалыссыз қалған оны әкемнің:

 – «Ассалаумағалейкүм?» деген амандасуы селк еткізді.

 – Уағалейкүмуассалам! – деп саулық сұрасты.

«Майор мырза үйде ме?» деген сұраққа жауап ала алмасақ та, үйге кіруге жол бастады. Дастархан басында жаулықты төбесіне тарта байлаған апа отыр. Келіні болу керек, ас бөлмеге қарай бағыт алды. Әлгінде бізді қарсы алған ұлы апасының жанына жайғасты да:

– Апа, бұл кісілер әкемді іздеп келіпті…

– А-а-а, не дейді?… (сәл үнсіздік). Шырағым, кім боласың?

– Мен – Қазимын! Қасымдағы – қызым.., – дей беріп еді…

– Е-е-е, Қази деген сенбісің?! Әнеугүні үйдегі кісі сөз етіп отырған. Іздеп келгеніңе рахмет, айналайын. Бірақ бұл үйдегі ағаңды мәңгілік жайына шығарып салдық, – деді де жаулығының жиегіне көз жасын сүртті.

– Е-е-е, өмір-ай! Айып етпеңіз, естімедім. Иманды болсын!

– Әмин!

Естіген қазаға көңіл айтып, үшкірлеу тұсы бедерсіз жылтылдаған кебістің сыңарын табыстап, келген ізімізбен кері қайттық. Үйге келсек, есік алдында ала сиыр астауға қасынып тұр…

Нұрбике ҚАЗИҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: