Қазалы ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары бірнеше елді мекен көгілдір отынға қосылып, инфрақұрылымдық даму қарқыны айтарлықтай артты.
Атап айтқанда, 2022 жылы Басықара, Қ.Пірімов және Жалаңтөс батыр ауылдары табиғи газ жүйесіне қосылған болатын. Ал 2024 жылдың соңында Абай ауылы толықтай көгілдір отынға қосылды. 2025 жылы Ақтан батыр ауылында да газдандыру жұмыстары толық аяқталып, тұрғындар табиғи газ игілігін пайдалануға мүмкіндік алды.
Осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде 2024 жылы Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Түктібаев елді мекендеріне газ жеткізу магистралдық құбырларының құрылысы жүргізілді. 2025 жылы аталған жобалар жалғасып, негізгі жұмыстар толық аяқталды. Нәтижесінде елді мекендерді газдандыру инфрақұрылымы қалыптастырылды.
2026 жылы Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Түктібаев ауылдарында орамішілік газ желілерін салу жұмыстары басталды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, әр елді мекенді толық қамту көзделген.
Сонымен қатар, аудан бойынша газдандыруды кеңейту мақсатында Ақсуат және Байқожа ауылдарына орамішілік газ желілерін тарту, сондай-ақ Өркендеу, Бірлік, Қожабақы және Аранды ауылдық округтеріне магистралдық газ желілерін жеткізу бойынша жобалық құжаттамалар әзірленген.
Жалпы, аудан аумағында көгілдір отынмен қамту деңгейін арттыру – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, әлеуметтік жағдайды көтеруге және экологиялық ахуалды оңалтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып отыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!