Сейсенбі, 09 маусым, 01:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№43 (2255)
09.06.2026
PDF мұрағаты

Базалық мөлшерлеме төмендеді: Несие арзандай ма?

09.06.2026

38 0

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 18%-дан 17%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Бұл – 2025 жылдың қазан айынан бергі алғашқы төмендету. Аталған жаңалық қаржы нарығында ғана емес, қарапайым халық арасында да «несие арзандай ма?» деген заңды сұрақты туындатты. Алайда, мұндай өзгерістің әсері бір күнде немесе бір айда сезіле қоймайтыны анық. Себебі, Ұлттық банктің ақша-несие саясаты тікелей елдегі инфляциялық ахуал мен халықтың баға өсіміне қатысты болжамдарына негізделеді.

Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, 2026 жылғы мамыр айында халықтың алдағы жылға арналған инфляциялық күтулері 12,7% деңгейінде қалыптасты. Соңғы екі айда бұл көрсеткіш 12,4-12,7% аралығында тұрақтап отыр. Айта кету керек, өткен жылдың ортасынан бері бұл көрсеткіш тұрақты түрде 13-14%-дан жоғары болған еді. Инфляциялық күтулердің қалыптасуына негізінен реттелетін бағалар мен коммуналдық тарифтерді реформалау процесі айтарлықтай әсер етіп отыр. Соған қарамастан, кәсіби нарық қатысушыларының болжамы анағұрлым байсалды: олар 2026 жылдың соңына қарай инфляция деңгейі 10 пайыз маңайында болады деп есептейді. Дәл осы инфляцияның бәсеңдеуі мен болжамдардың жақсаруы базалық мөлшерлемені 17%-ға дейін түсіруге мүмкіндік беріп отыр.

Бұл оң динамикаға ішкі факторлармен қатар, әлемдік шикізат нарығындағы жағдай да тікелей әсер етуде. Мәселен, Brent маркалы мұнай бағасы 2026 жылдың соңына дейін бұрынғы болжамдармен салыстырғанда жоғары деңгейде сақта­лады деп күтілуде. Мұнайдың құны негізінен Таяу Шығыстағы жалғасып жатқан геосаяси шиеленістер аясында қалыптасып отыр. Дегенмен, ұзақ мер­зімді перспективада бағаның біртіндеп төмендейтіні анық. Болжам бойынша, 2027 жылы барреліне 75 долларға, ал 2028 жылы 65 долларға дейін түсуі мүмкін. Мұнай нарығындағы бұл жағдай елге келетін валюта ағынын арттырып, ұлттық валютаның тұрақтылығына оң ықпал етті. Осыған байланысты Ұлттық банктің инфляциялық болжамдарын қайта қарауына бірнеше факторлар негіз болған. Баға өсімінің баяулауы мен теңге бағамының нығаюы содан қосылған құн салы­ғы мөлшерлемесінің өсуі тауарлар мен қызметтер құнына күтілгеннен аз әсер етті. Осы өзгерістерді ескере отырып, Ұлттық банк биылғы жылдың соңына қарай инфляцияның бір таңбалы көрсеткішке оралуын болжайды.

Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлағандай, қазіргі уақытта инфляция­лық тәуекелдер басым болғанымен, олардың әсері айтарлықтай білінбейді. Жылдың алғашқы жартысында ішкі сұра­ныстың бәсеңдеуі мен теңге бағамы­ның нығаюына септігін тигізген қолайлы сыртқы факторлар жинақталған инфляция­лық қысымды ішінара теңгеріп отыр.

Осы орайда Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов валюта нарығында­ғы жағдайға қатысты пікір білдіріп, доллар бағамының алдағы динамикасын талқылады. Оның пайымдауынша, ұлттық валютаның қазіргі нығаюы — заңды құбылыс.

«Бұған дейін доллар бағамы 500 теңге деңгейінде болғанда, мұнай бағасы барреліне 65-70 доллар шамасында еді. Қазіргі уақытта негізгі экспорттық тауарымыз – мұнайдың құны шамамен 70%-ға өсті. Экспорттан түсетін валюта көлемі артқан кезде ұлттық валютаның нығаюы – әбден қалыпты жағдай», – деп атап өтті Тимур Сүлейменов.

Халық өмірі қалай өзгереді?

Базалық мөлшерлеменің төмендеуі эко­номикалық жүйеге біртіндеп әсер етеді. Бұл уақыт аралығында базалық мөлшерлеме екінші деңгейлі банктер үшін негізгі бағдар қызметін атқарады. Ол төмендеген кезде теориялық тұрғы­да несие де арзандауы тиіс. Бірақ іс жүзінде бұл процесс баяу жүреді. Себебі коммерциялық банктер пайыздық мөл­шерлемені тек базалық мөлшерлемеге қарап емес, инфляция деңгейін, валюта бағамын және тәуекелдерді ескере отырып белгілейді.

Ұлттық банк басшысының айтуын­ша, несие мөлшерлемелері базалық мөл­шерле­мені «бірден емес, біртіндеп» қада­ғалайды. Яғни, өзгеріс алдымен қысқа мерзімді несиелерде байқалуы мүмкін, ал ипотека сияқты ұзақ мерзім­ді өнімдерде әсер кешігіп жетеді. Мөл­шерлеменің төмендеуі тек несиеге емес, депозиттерге де әсер етеді. Бұл жағдайды қаржы мамандары «екі жақты әсер» деп сипаттайды: бір жағынан несие арзандауы мүмкін, екінші жағынан жинақтағы табыс азаяды. Соған қарамастан, Ұлттық банк депозиттердің тартымдылығы сақтала­тынын атап өтті. Қазіргі инфляция дең­гейімен салыстыр­ғанда депозиттік кі­ріс­тілік әлі де жоғары болып отыр, сон­­дықтан халықтың жаппай қаражатты банк­тен шығаруы күтілмейді.

Базалық мөлшерлеменің 1 пайызға төмендеуі – экономиканы «жұмсарту­дың» бастапқы қадамы ғана. Оның нақты әсері бірнеше айдан кейін бай­қалады. Сондықтан бүгін қабылдан­ған шешім ертең несие арзандайды неме­се депозит азаяды дегенді білдірмейді. Бұл – экономиканың біртіндеп жаңа тепе-теңдікке бейімделу процесінің бас­тамасы ғана. Ел экономикасы қазіргі таңда бір мезгілде бірнеше бағытта теңгеріліп жа­тыр: инфляция баяулап, теңге нығайып, базалық мөлшерлеме біртіндеп төмен­деуде. Алайда бұл – тұ­рақты жеңілдеу кезеңі емес, керісінше жоғары инфля­циядан кейінгі өтпелі, сақтыққа негізделген кезең деуге болады. Инфляция деңгейі 2027 жылы 5,5-7,5%-ға дейін төмендемек. Ал 2028 жылы бұл көрсеткіш белгіленген 5% нысаналы межеге жақын тұрақтанады деп күтілуде

Бетті дайындаған

Думан КЕҢШІЛІК

Суреттер ашық дереккөзден алынды

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: