Сейсенбі, 09 маусым, 01:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№43 (2255)
09.06.2026
PDF мұрағаты

Жұмағалидың жолы

09.06.2026

35 0

Жүйірік аттай жүйткіген өмір көші кешегі мектеп табалдырығын бірге аттап, жастық шағымыздың қызығы мен шыжығы мол күндерін бірге өткізген достардың алды жетпіске жетіп, қарттықтың ауылына ат шалдырды. Кеңестік тәрбие көрген, үлкенге құрмет, кішіге ізет досқа адалдық таныта отырып қай салада болсын қоғамға қызмет ету қағидасын ту еткен біздің буынның артына қайырылып қарағанда ұялатын ешнәрсесі жоқ. Қай салада қызмет атқарсақ та,  қоғам алдындағы  жауапкершілік жүгін қара нардай көтеріп,  елге пайдамызды тигізуге талпындық.

Бүгінгі жүрекжарды әңгімемді қазақ спортына ерекше еңбек сіңірген, дос­тықтың туын аласартпай абыроймен жетпіске жеткен досым Жұмағали  Киікбаев туралы, досыммен бірге өткізген жылдарым туралы ой толғамақпын.

Сонау алпысыншы жылдардың басында Қызылорда қаласының маңын­дағы аудандарда он, он бес үйден түратын ауылдар көп еді. Кеңес үкіметінің отызыншы жылдардан бастап құрылған колхоздар елуінші жылдан бастап ірілендіріле бастағаны мен соғыстан бойын тіктей алмай жатқан ел үшін әсіресе ауыл шаруашылығымен айналысатын колхоздар әр төбенің арасында топ-топ болып, бір орталыққа біріге қоймаған кез. Жаппай сауаттандыруды мақсат еткен үкімет ауылдың бәрін де бастауыш біліммен сусындатты. «Ақтоғаннан» Артық, оған іргелес ауыл «Жаңғызжалдан» Әбсаттар тағы басқа достар қаладағы Ғани Мұратбаев мектебіне ауысып келді. Мен одан сәл ертерек «Қоғалыкөлден» келіп қосылдым. Досымыз Жұмағалимен сол кезден бастап  алпыс жылдай өміріміз бірге өтіп келеді.

Ауыл мектебіне қарағанда қала мектебінің балаларды жан жақты етіп тәрбиелеуге әлеуеті мол болатыны сыртан келген  бізге бірден байқалып тұратын. Ұстаздарымыз қандай үйір­меге қатысып жүргенімізді, қандай жетістікке жеткенімізді, қаладағы кітапханадан қанша кітап оқығанымызға дейін зерттеп, зерделеп отыратын. Біз бірде би, бірде ән үйірмесіне қатысып, талантымызды аша алмай жүргенде, Жұмағали спортпен шындап айналыса бастады. Бесінші сыныптан күрес секциясына жазылып, шыңдалды. Жетіншіге өткен жылы жаңадан ашылған Ғани Мұратбаев стадионының  шағын залында досым классикалық күрес үйірмесіне мені де ертіп апарған. Леонид Шапониковтың әкелік қамқорлығының арқа­сында күрес әліппесімен таныстық. Ол кезде біздің тұратын аудан мен Ғани Мұратбаев стадионы жаяу жүргіншіге бір сағаттай жол болатын. Жаз айларында ойын баласы ойнақтап жарты сағатта жетіп барамыз, ал күн суыта бару қиындай түсті. Күзгі, қысқы әсіресе жазғы каникул кезінде айлап ата-анамызды көрмей, сағыныштан сарғайып жүрген қойшының баласы үшін спорттан гөрі жаз жайлау, қыс қыстауға деген ынтазарлық басым еді. Далаға қарап ұлыған тағы бөрілердей қыр баласына спорт жарысы жайына қалды.

Ал біздің досымыз Жұмағали сол қиындықтың бәріне төзді. Жас ұзарғанда ойлап отырсам  қандай бір жетістік төзімділік танытқан еңбекқор адамға ғана есік  ашады екен.

Досымның жеті жасында әкесі Баяахмет бақилық болды. Жұмағалидың әкесін қатты сағынатынын бала кезімнен-ақ байқайтынмен. Сәтсіздікке жолыққанда досым екеуміз әке зиратына барып сағаттап отырып қайтатынбыз. Әке аруағымен сырласқан жас бозбала бойына қуат бітіп, жарысқа құлшына кірісетін. Үнемі ат арқасында жүрген шабандоздай ширақ жүретін. Бір жарыстан тісінің арасына қыстырылып қалған тілі тесіліп бір апта сөйлей алмай жүрді. Тағы бірде жарақат алып қолын мойнына асып келді. Әйтеуір жарысқа кетсе майданнан оралған жаралы солдаттай сау келуі бір қуаныш.  Боз кілемде  жасындай жарқылдаған  досымызға жарыста алған жарақат мақсатқа жетуіне, қайсарлығына тосқауыл болған жоқ. 1978 жылы Қазақстан жастар арасындағы спартакиадасында сол  қабырғасын сындырып алса да, күміс жүлдегер атануы нағыз қайсарлықтың белгісі.

Жұмағали тоғызыншы  сыныпта оқып жүргенде ақ өзін Қызылорда қаласында танымал спортшы ретінде қалыптастыра білді. Ол республикалық жарыстарда алғашқы үштіктер сапында болып, аймақ абыройын елдің түкпір түкпірінде өткен жарыстарда сәтті қорғай білді. 1973 жылы Петропавлде өткен Қазақстан біріншілігінде қарсыласының бәрінің жауырынын жерге тигізіп топ жарса, осы жылы Ленинград қаласында өткен СССР біріншілігінде палуандар арасында алғашқы ондықтың сапында болды. Ал келесі жылы жастар арасында Қазақстан чемпионы атанса, ауыл спортшыларының республикалық спартакиадасында күміс жүлдеге қол жеткізді. Оның барлық ынта жігері спортқа ауды.  Артық тамақ жемей, демалу уақытын қатаң қадағалайтын. Осы жылдары ол спорт шеберлігіне үміткер атағын қорғап, тағы бір белесті бағындырды. Сабақты да тәуір оқыды. Әсіресе орыс әдебиетінен жас шамамызға қарай оқылуға тиісті орыс, шетел класик жазушыларын түгелге жуық оқитын. Генеритта Баева ұстазымыз Жұмағали досымызды үнемі аузынан тастамай мадақтап отыратын.

1974 жылы  мектеп бітірдік. Күзге таман әскерге шақы­рылған Жұмағали әскер қатарында жүріп те спорттан қол үзген жоқ. Комсомолдағы ауыл шаруашылық техникумын сырттай оқып бітірді. Төккен тер, еткен еңбек жеміссіз болған жоқ. Атақты Жақсылық Үшкемпіровпен бірге бүкілодақтық спартакиадаға дайындыққа кірісті. Көкшетауда өткен Янко атындағы бүкілодақтық турнирге жолдама жеңіп алды. Одақтағы мықтылар күш сынасқан бұл додада күміс жүлде алып, «СССР спорт шебері» атанып, мерейі үстем болды. 1976 жылдан бапкер ретінде шәкірт тәрбиелеу жұмысына атсалыса бастады. Алғашқы шәкірті Төрехан Алмасбаев  он жеті жасында Қазақстан халықтары спартакиадасын ұтып алып, ВЦСПС-тің жеңімпазы атанды. Жұмағали 1995 жылы ағайынды Мұрат, Рая Үдербаевалардың қолдауымен «Бейбарыс» спорт клубын ашты. Осы жылдары үлкен ұлы Қайрат спортта жасындай жарқырап көріне бастады. Жұмағали досымыздың дара жолын перзенті жалғап, тоғыз мәрте Қазақстан чемпионы атанды. 1997 жылы Иранда өткен әлем чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізді. Шәкірттер Жасұлан Алмасбаев Қазақстан, Азия чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы атанса, Бақыт Сағаев бірнеше мәрте Азия чемпионы болды. Жұмағали досымыздың екінші ұлы Талғат кадеттер арасында Қазақстан чемпионы атанып, бірнеше мәрте халықаралық турнирде топ жарды. Греко-Рим күресінен Киікбаевтардың салған сара жолын Жұмағалидың кенже ұлы Ербол жалғастырып, екі мәрте Азия чемпионатының қола жүлдесін, 2012 жылы Қазақстан кубогын ұтып алды. Қазақ спорты тарихында үш бірдей ұлын спорт шебері етіп тәрбиелеп, жеке спорт клубтары арасынан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушысы атағын алған санаулы жанның бірі – Жұмағали Киікбаев. ФИЛА-ның бюро мүшесі, даңқты палуан Дәулет Тұрлыхановтың «Қызылорда облысының грек-рим күресін көтерген Жұмағали Киікбаев» деген сөзі біздің досымыз Жұмағалиға берілген әділ баға деп ойлаймын.

Жұмағалидың құдай қосқан қосағы, батырлардың алтын құрсақты анасы Самиғаның досымызбен бас қосуы да ерекше естелік.

Біздің жалындап тұрған жастық шағымыз. Қызылордада үш қана оқу орны болатын. Мен педагогиалық институтта студентпін. Біздің оқу орнымен  медицина училищесінің арасында тығыз байланыс қалыптасқан. Орал өңірінен келген Ақжайықтың аруы Самиғаның группасындағы жиынға барамыз. Ата-анасынан алыс тұратын бұл жастар біздің қамқорлығымызға бекітіліп берілген. Самиғаның ағасы ретінде ата-аналар жиналысына да барамын. Осындай жиын­да біздің досымыз Жұмағали мен Самиға кездесіп, көңіл жарастырыпты.Үш жылдық оқу тамам болып Ақжайықтан келген арулар елдеріне қайтуға жиналып жатқан хабар бізге де жетті. Біз де диплом алып, қолымыз босамай жүргенде Самиға қарындасымның түнгі поезға билет алып жүргелі отырғанын түске таман естідім. Дереу достарды жиып, қыздар тұрған үйге келсек, Оралдың төрт қызы жүргелі дайын отыр екен. Дереу жолаяқ қадесін жасап, шағын дастархан жайып, жастардың думанды отырысын бастап та жібердік. Досым Жұмағали хат алысып, хат берісіп, бір-бірін ұнатып жүргенмен, үй болу, шаңырақ құру жайлы сөз байласпаған екен. Бірақ бір-бірін қимайтыны анық байқалып тұрды. Жастық шақтың бір құдіреті  көп ойланып толғанбай тәуекелшіл болуы. Досымыз Серіктің тек басшылар ғана мінетін Волгасымен  Торыш анамызға барып «Жұмағалиды үйлендіреміз, дайын болыңыз» деп ескертіп, қайта келіп оралдық құрбыларға достарымыздың шешімін жария еттік. Алғашында біздің шешімімзге келіспеген құрбыларды әупірімдеп көндіріп, поездың билетіп өткізіп, тойды тойға ұластырып жібердік. Қырық сегіз жылдан соң өткен күнге оралсақ, аяқ асты болған осы шешіміміз бір отбасына да, сыр спортына да пайда әкелмесе, зияны болмаған сияқты.

Осылайша, Баяахмет көкеміз бен Торыш апамыздан тараған бір әулеттің өмір көші болашаққа бет түзеді. Сол әулеттің бір бұтағы Жұмағали мен Самиғадан тараған Қайрат пен Индира, Талғат пен Ақмарал, Ербол мен Ұлпанның ұрпақтары да  сол көштің көрікті болуына хал қадірінше үлес қосуда. Даңқты палуан Дәулет Тұрлыхановтың құрметіне Дәулет Қайратұлы аталған азамат ғылым жолын мұрат тұтып магистрант атанса, одан кейінгі ұрпақтары да мектепті «Алтын» медальмен бітіріп, ғылымға құлаш сермеуде. Біз де өз тарапымыздан жетпіс деген белеске көтерілген досымызға өмір көшінің көрікті болуына тілек қостық. Тойың тойға ұлассын.

Жұмабай Байзақұлы,

 Халықаралық Жазушылар Одағының, Қазақстан Журналисттер Одағының мүшесі, өлкетанушы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: