Жас ұрпақтың бойында есірткіге қарсы тұрақты көзқарас қалыптастыру, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және қоғамда салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру бүгінде басты мақсатқа айналып отыр. Осы бағытта облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен «Есірткісіз өмір ғажайып!» атты шығармашылық байқауы өтті. Байқау жазғы демалыс кезеңінде балалар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.
Іс-шараға облыс аумағындағы жазғы тынығу лагерьлері мен білім беру ұйымдарының жанындағы лагерьлердің тәрбиеленушілері арасында 600-ден астам жасөспірім қатысты. Олар сурет, плакат, қолөнер және өзге де шығармашылық жұмыстар арқылы есірткінің зияны, денсаулықтың маңыздылығы және өмірдегі дұрыс таңдау жөніндегі ой-пікірлерін шығармашылық тұрғыда жеткізді.
Байқау барысында ұсынылған жұмыстардың мазмұндылығы, тақырыпты ашу деңгейі, шығармашылық ерекшелігі мен көркемдік безендірілуі сараланып, үздік жұмыстар анықталды. Қазылар алқасы қатысушылардың жоғары белсенділігін, тың идеяларын және өмірге деген оң көзқарасын ерекше атап өтті.
Іс-шара жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін арттыруға, зиянды әдеттердің алдын алуға және олардың бойында жауапкершілік пен белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға өз үлесін қосты. Сонымен қатар байқау қатысушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, шығармашылық әлеуетін дамытуға және салауатты өмір салты құндылықтарын нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Мұндай бастамалар өскелең ұрпақтың бойында өмірге деген оң көзқарасты қалыптастырып, зиянды әдеттерден аулақ болуға үндейді. Жастардың шығармашылық белсенділігін қолдау арқылы қоғамда есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға мүмкіндік береді.

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!