Сейсенбі, 09 маусым, 01:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№43 (2255)
09.06.2026
PDF мұрағаты

Жауһарлы жырдың тұлғалы перзенті

09.06.2026

41 0

Жыр мен жыраулық дәстүр – қазақ әдебиетінің де, мәдениетінің де алтын өзегі. Төл өнеріміз танымымызды туралап, тарихымызды тірілтіп тұрған асыл қазына. Оны сақтау, баптау әрі өскелең ұрпаққа аманаттау  ортақ парыз.

Осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген алыптардың бірі, әрі  бірегейі – ҚР «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің кавалері, жырау, ғалым, ұстаз Алмасбек Алматов. Белгілі жыраудың шығармашылығы – төл өнердің тұтас кеңістігін қамтиды. Тыңдаған сайын рухың асқақтап, санаң сілкінеді. Ағамыздың жыраулық мектебі қабырғалы орда. Мұнда тәлімін алған шәкірттерінің өзі бүгінде өнер майталмандары.  Әйгілі жыраудың қазақ руханиятына  үздіксіз олжа салуы   ұлттық өнерге адал қызметтің, табанды ізденістің, руханият жолындағы жанкешті еңбектің нәтижесі екеніне бек сенімдіміз.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық консерва­ториясының құрметті профессоры, белгілі жырау, фольклортанушы ғалым Алмасбек Алматовпен кездесуі ерекше  үлгіде өтті.

Кездесуде Сыр өңірінде атадан балаға мұра болып қалған жыраулық, жыршылық өнердің дамуы, жастарды ұлттық өнерге баулу жайы әңгіме өзегіне айналды.

Аймақ басшысы қазақтың дәстүрлі өнерінің өр­чкендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қайраткердің ұлттық мұрамызды ғылыми тұрғыдан зерттеп, кәсіби білім беру жүйесіне енгізіп, шәкірт тәрбиелеген еңбегін ерекше атап өтті.

Тәуелсіздік жылдарында жыраулық өнер академиялық білім беру жүйесіне енгізіліп, «Дәстүрлі өнер – жыр» мамандығы ашылды. Алмасбек Алматов тәрбиелеген шәкірттер Сыр өңіріндегі мақам-саз ерекшеліктеріне негізделген мектептерді бүкіл елімізге танытты.

Мемлекет басшысы Қызылордада өткен Ұлттық құрыл­тайдың қорытынды отырысында: «Жалпы, «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтылмайды. Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйші­лік өнер бұл аймақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды саңлақтар негізін қалаған жыршылық мектептерді бүкіл еліміз біледі» деп атап өткені белгілі.

Ғалым ұстаз қазақтың дәстүрлі өнерін әлем жұрт­шылығына насихаттауда да жемісті еңбек етті. АҚШ, Франция, Италия, Швейцария, Ұлыбритания, Египет, Моңғолия және басқа да мемлекеттерде өнер көрсетіп, ұлттық мәдениетіміздің халықаралық деңгейде танылуына үлес қосты.

Бүгінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консер­ваториясында, Қазақ ұлттық өнер университетінде және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде кәсіби жыршы-жыраулар даярланып келеді. Олар халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары атанған.

Айта кетейік, өткен жылы «Өнер орталығында» Алмасбек Алматовтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Жыр керуен» шығармашылық кеші өтті. Кеште Нұрлыбек Машбекұлы жырауға Сыр жұртшылығы атынан құрмет көрсетіп, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы мен автокөлік кілтін табыстады. Анкара музыка және көркем өнер университеті «Дәстүрлі өнер» мамандығының докторанты Малика Алдамжароваға, К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті «Дәстүрлі музыкалық өнер: Дәстүрлі жыр» білім беру бағдарламасының докторанттары Күнсұлу Түрікпен мен Ақерке Дабыловаға айына 300 мың теңге стипендия тағайындады. Осы құрметтің бәрі қасиетті өнерге берілген ерекше қолдау екені белгілі.

Шынында жыраудың ғибратты өмір жолына зер салсақ, өмірлік ұстанымы мен өнердегі бағытына ең алдымен ата-бабаның ар ілімін ұстанғаны, сопылық жолды берік тұтынған әкесі – Нұрмахан Алматұлы айрықша әсер етті. Әкесінің имандылыққа, сабыр мен парасатқа негізделген тәрбиесі жыраудың бойына кішіпейілділік пен терең ойшылдық дарытты. Бұл пікірді өзі де қуаттайды.

«Жырға жастайымнан құмар болдым. Үлкен ағала­рымның «Әдебиет хрестоматиясы» кітаптарындағы бар­лық өлеңдерін жаттап тауыстым. Жаттағандарымды кешке әкеме айтып беремін. Ол кісі таспиғын тартып отырып үндемей тыңдайды. Соңында «Балам, жақсы екен» дейді де, қояды. 

Бір күні әкем «Балам, бүгін Олжекеңнің үйіне қонаққа ба­ра­мыз»  деді. Ол кісі атақты жырау Олжабай Жүргенов еді.

Олжабай, Махан, Шәймардан,

Келелі жүйрік бәйге алған.

Шабысына шаң ермес,

Тұлғасы топта байқалған… (Ә,Жұматаев)

– деген, ел аузындағы адам. Қуанып кеттім.

Әкем болса жақсы сөз, сыпайы мінез, ықылас, ілтипат, ізет, құрмет, ұят – иманның қабы дейміз.  Жақсының жанында болсаң, жамандықтан аулақ жүресің» деп үнемі тазалыққа, имандылыққа, адалдыққа баулитын» деген екен. Әкенің даналығы, даралығы жыраудың бойына нұр боп тарап, жыр боп төгілді. Тума талант туралы қаншама жыр жауһарлары өмірге келді. Соның бірі қазақтың аяулы ақыны Жүрсін Ерманның өлеңі.

Аңғармай жаздың ауып, күз өткенін

Артығын шырпып алып, түзеп кемін

Бабалардың мұрасы  баптағаның,

Даналардың сарқыты – күзеткенің.

Жыр деген – еркетотай тұңғыш бала,

Айырмас  түн ұзақ па, күн қысқа ма.

Жартысын ғұмырыңның жеген шығар

Жүректі жарып шыққан «Шыңғыснама».

Астына жинап елді бір шатырдың

Күңреніп күн астынан үн шақырдың.

Барады іліп алып сарыныңды

Ізіңе тәу ететін мың шәкіртің.

Сен барда кетпес өнер құрдымға әрі

Шөліңді қандырады жырдың нәрі.

Жантақпен жүрек жалғап келе жатқан

Саф алтын арқалаған Сырдың нары!

Қандай керемет өлең. Жыраудың бойындағы асыл қасиет­теріне берілген үлкен баға деп пайымдадық. Алмасбек  ағаның өнерде жүрген шәкірттеріне жасаған қам­қор­лы­ғы мен жақсылығын тізбелеп жаза берсек бір кітапқа жүк.

Ұстазына алғаусыз алғыс айтқан Алмасбек Молжігітов­тің жазбасы  жан жүректі  қозғап, Алмасбек жыраудың болмысындағы тағы бір асыл қасиетке тәнті болдық.

«Осындай күндері еріксіз өткен өмірдің белестерін еске алып, адамның жан дүниесіне шапағатын тигізген асыл жандардың жақсылығын ой елегінен өткізеді екенсің. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген осы болса керек. Мен де ұстазымның маған жасаған бір жақсылығын, өмірімде өшпес із қалдырған бір сәтті бөлісуді жөн көрдім. Аурухана төсегіне таңылып, туберкулез дертімен 6 ай жаттым. Бір күні дертім асқынып дене қызуым түспей, үш-төрт күн қатарынан асқа тәбетім соқпады. Әл-дәрменім сарқылып, орнымнан тұру түгілі, бас көтерудің өзі мұң болды. Күн мен түннің айырмасы көмескіленіп, ой мен сезім тұманданып кеткен ауыр шақ еді. Сол сәтте жанымды қажытқан  тәннің азабы емес, көңілдің жүдеулігі еді.  Ауыр күндердің бірінде группаласым Сәбит келіп, жағдайымды көріп, қатты алаңдап кетті. Ол менің халімді кафедра меңгерушісі, жырау, профессор Алмасбек Алматовқа жеткізген екен.

Ертеңіне күндізгі сағат он бірлер шамасы болса керек. Палата іші тым-тырыс. Кенет есік ашылып, медбике кіріп келді де:

Алмасбек, сен Алмасбек Алматовтың баласысың ба не? Айтпайсың ба? Папаң келіп тұр ғой, – деді. Мен аң-таң күйде есік жаққа қарадым.

Алдымда  – ұстаз, профессор,  жырау, ұстаздық пен адам­дықты тең ұстаған ұлы тұлға Алмасбек  Алматов тұр еді.

Сосын төс қалтасынан бір парақ қағаз алып, маған қарап тұрып, өз қолымен жазып келген өлеңін оқыды:

Алмасжан, хош па уақытың, жайың қалай?

Жан – патша, қызметші тәнің – малай.

Денсаулық – терең байлық, бағасы артық,

Ақыл мен білім сақтар кеудең сарай.

Бір Алла бұйыртқан соң мұнша дәулет,

Тамшыдан тамырлады, шашып арай.

Жаппардың жаратқанға бұйрығы көп,

Пенденің пәрмені жоқ деуге бұлай.

Үзілер дерт құрсауы тілектеспіз,

Жарқ етіп жаңарғандай төбеден ай.

Тас түлек бала қыран бапты кезің,

Тең тудың заманыңа жарағың сай.

Кем бес күн кемшілікті кім көрмейді,

Жар болсын жанабыңа патша Құдай.

Ақиқат  жан бергенге дән берем деп,

Жаратқан адамзатты Аллам солай.

Қамықпа, қалайда да қайратқа кел,

Жігітсің ойға терең, сөзге құмай.

«Нарға сын – намыс жүгі» деп айтады,

Саулықта жолықтырғай мұнан былай.

Осы жолдарды тыңдап отырған сәтте бойыма бұрын-соңды сезінбеген бір рух құйылғандай болды. Әлсіз денеме емес, мұңайған жүрегіме ем қонғандай еді. Сол сәтте мен өзімді жалғыз емес, керекті, бағалы адам ретінде сезіндім.

Осындай биік тұлғаның, атағы аспанға жеткен аза­маттың, шәкіртін кішісінбей іздеп келуі, аурухана төсегінде жатқан бір студенттің көңілін көтеруі – ұлылықтың ең асыл өлшемі болатын. Алмасбек Алматов ұстаздың кішіпейілдігі – атаққа емес, адамға бас иетін кісілігі. Оның ұстаздығы – дәріс оқумен шектелмей, шәкірттің тағдырына алаңдай білуінде. Жауапкершілігі – өнерді ғана емес, адамдықты ама­наттауында. Сол бір сәт мен үшін өмірлік сабақ болды. Ұстаз­дың шәкіртке деген жылылығы –  емнен де күшті, дәріден де шипалы екен. Адамды адам етіп ұстап тұратын – осындай жанашырлық, осындай мейірім екенін сол күні анық түсіндім» дейді шәкірті.

Шалқар шабытқа қоса даладай дархан пейілімен дараланатын  белгілі жырау Алмасбек Алматовтың өмір жолы ғибрат пен өнегеге толы. Өнегелі жолдың өрнегін талантты шәкірттері даңғыл жолға айналдырып келеді. Өнердегі ұрпақ сабақтастығының өркен жайған шырайлы сәті осындай болса керек.

   Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: