Сенбі, 11 сәуiр, 01:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№26 (2238)
11.04.2026
PDF мұрағаты

Көшбасшылар мектебіне қосыл!

11.04.2026

33 0

Бүгінгі жас буын – ертеңгі ел тағдырын айқындайтын негізгі күш.

Олардың білімі, көзқарасы, тәрбиесі – мемлекет дамуының басты кепілі. Жастардың дұрыс бағыт алуына үлкендер тарапынан қолдау мен сенім қажет. Аға буынның ақылы мен жастардың талабы ұштасқан кезде қоғамда ілгерілеу болатыны сөзсіз. Қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Медет Жорабек қала әкімдігінің баспасөз орталығында «Көшбасшылар мектебі» жобасымен таныстырды.

Жастардың көшбасшылық қабілетін дамытуға, азаматтық белсенділігін арт­тыруға, шешендік, коммуникациялық, құқықтық және қаржылық сауаттылығын жетілдіретін жоба үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 10-17 сәуір аралығын­да қатысушылар тіркеліп, іріктеледі, Екінші кезеңі 20 сәуір мен 20 маусым аралығында 3 ай мерзімде 48 сағаттан оқу және тренинг сабақтары өтеді. Шешуші кезең маусым айына жоспарланып, қорытындылау және сертификат табысталады.

«Көшбасшылар мектебінің» мақса­ты – белсенді, білімді, бастамашыл және қоғамға бей-жай қарамайтын жас буынды қалыптастыру. Бұл жоба – жастардың бойындағы қабілетті анықтап қана қоймай, сол әлеуетті жүйелі түрде дамытуға арналған нақты алаң болмақ.

Жобаға Қызылорда қаласындағы мектептердің 9-10 сынып оқушылары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері, жоғары оқу орындарының 1-3 курс студенттері қатыса алады. Ескерте кетейік, бітіруші түлектер жобаға қатыспайды. Жобаға қатысу үшін үміткерлер арнайы өтінім формасын толтырып, «Жобаға не үшін қатысқым келеді?» тақырыбында эссе жазуы қажет. «Мен көшбасшы боламын» тақырыбында қысқа селфи-видео жолдау жіберу де талап етіледі.

Іріктеу талаптары жастардың жобаға деген шынайы қызығушылығын, ойлау қабілетін және өзін таныта алу деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.

– Жоба аясында қатысушылар тек теориялық білім алып қана қоймай, тәжірибелік дағдыларын шыңдап, түрлі тренингтер мен шеберлік сабақтары арқылы өздерін жаңа қырынан дамытуға мүмкіндік алады. Бүгінгі күні жастар арасында жаңа идея ұсынатын, қоғам­дық бастамаларға белсенді араласатын, жауапкершілікті сезінетін, топпен жұмыс істей алатын және болашаққа сенімді қадам жасайтын тұлғаларға сұраныс ар­тып келеді. Сондықтан аталған жоба – уақыт талабынан туындаған маңызды бастама деп сеніммен айтуға болады, – дейді Медет Жорабек

Жобаны сәтті аяқтаған, барлық кезең­дерге белсенді қатысқан және берілген тапсырманы толық орындаған қаты­сушыларға арнайы сертификаттар табыс­талады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба тек білім беру емес, жастардың бойында жауапкершілік, бастамашылдық, шешендік, ұйымдастырушылық қабілет пен азаматтық ұстаным қалыптастыру.

«Көшбасшылар мектебі» – жастардың бойындағы әлеуетті оятуға, олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға, жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама.

Думан РАХЫМЖАНҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: