Жұма, 27 желтоқсан, 02:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Квадробинг қорқынышты құбылыс па?

05.11.2024

604 0

Соңғы кездері әлеуметтік желілерде жаңа бір тренд пайда болды. Көрінгенге еліктегіш келетін жасөспірімдердің бұл жолғы ермегі – әр түрлі аңдардың кейпіне ену, соның іс-әрекетін қайталау. Бір сөзбен айтқанда, жастар арасында квадробинг субмәдениеті енуде. Әлем елдері арасында кең таралған құбылыс елімізге де жетіп отыр.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев мәселе көтерді. Ол өзінің инстаграм парақшасында құзырлы органдар мен ата-ана­ларға үндеу жасап, балалар мен жасөспірімдер арасында белең алып жатқан квадроберлер жайлы айтып, қоғам ауруы деген баға берді. «Қазірден бастап алдын алмасақ, ертеңгі күні ұрпақтың тамырына балта шабуымыз мүмкін. Сондықтан барынша сақ болайық» – деді ол.

Квадробинг алғаш Жапонияда пайда бол­ған деседі. Тіпті оны бейресми спорт түріне жатқызады. Бұл спорттан жапондық Кеничи Ито 2008 жылы 18,58 секундта 100 метрді бағындырып әлем назарын аударған. Депутат дабыл қаққан квадробинг, яғни төрт аяқтап жүгіру осылайша танылған. Десек те бүгінгі балалардың қызығушылығын арттырған дүние төрт аяқтап жүгіру емес, олардың жануар кейпіне еніп, мақұлықтардың әрекетін қайталауы болып отыр.

Кез келген бала еліктеп өседі

Еліктеу барлық адамға әсіресе, ой-өрісі енді қалыптасып келе жатқан балаларға тән жағдай. Алайда баланың не нәрсеге еліктейтініне мән берген жөн. Бұл ретте психолог мамандар баламен әркез сөйлесіп, оның бос уақытта немен айналысатынына, неге қызығатынына бақылау жасау керегін айтады. Себебі мұндай әрекетті әдет қылудың түбінде маңызды мәселе болуы мүмкін.

Былай қарағанда жан-жануар, аңның кейпіне ену әу бастан бар дүние. Жаңа жыл кешінде балалардың жануар бейнесінде киінетініне көз үйренген. Ендеше оған осынша маңыз беріп, даурығудың қажеті қанша? Оның үстіне жасөспірімдердің біреудің қаңсығын таңсық көруі бірінші рет емес. Квадробер де уақытша құбылыстың бірі болар. Қалай десек те бұл мәселеде мамандардан артық баға бере алмаймыз.

– Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында осы бір әдеттің белең алуына көпшілік алаңдаулы. Әрине, жақсы әдет емес. Алайда бала еліктеу арқылы өседі. Айналасына, көрген нәрсесіне еліктемей өсетін бала болмайды. Бұл мәдениетті де сол еліктеуден туған деуге болады. Балалардың басым бөлігі смартфон ұстайды, әлеуметтік желіге тәуелді. Квадробингтің тез таралуы да, балалардың бұл әрекетті қызық көріп қайталауы да соның әсері. Бұл уақытша құбылыс деп ойлаймын. Дегенмен ата-анаға баланы бақылауда ұстағаны немесе мұның оғаш іс екенін түсіндіргені жөн, – дейді С.Әлжіков атындағы №144 орта мектебінің психологы Бақытгүл Сейітханова.

Психолог маман мұндай еліктеушіліктің бала­ларға тән екенін айтқанымен, бала мұны қалыпты әдетке айналдырмау керек дейді.  Расымен, бұл баланың эмоциялық күйінің көрінісі болса ше?

– Квадроберлер барлық баланың қызығушы­лығын тудырып отырған жоқ. Бірақ жаңа құбылысқа оң көзқарастағылар бар. Квадробер болу арқылы ішкі эмоциясын шығарғысы келсе, мұндай балаға ата-анасының, мамандардың көмегі қажет. Себебі бала айналасына деген өкпесін ішке жинап, ашу-ызасын шығара алмауы мүмкін. Психологиялық қысымда жүрген бала кез келген жаман әдетке үйір келеді. Квадробинг те оған теріс әсерін тигізуі мүмкін. Итше үріп, мысықша мияулап, қасқырша ұлып, соның кейпіне енгеніне өзін сендіруі ғажап емес. Егер жай ғана дыбыс шығарумен шектелмей, агрессиясын іс-әрекетпен қайталаса өте қауіпті, – дейді маман.

Отбасында ата-анамен байланысы жоқ, өзімен өзі өскен немесе айналасынан жиі қысым көретін, зорлық-зомбылыққа ұшырайтын бала­лардың басқаларға қарағанда психологиялық ерек­шелігі болатынын мамандар жиі айтады. Бұл жерде баса мән беретін дүние бала мұндай әрекеттің бұрыстығын біле отыра әдейі жасауы. Жоғарыда психолог маман еліктеудің балаға тән құбылыс екенін айтқан еді.  Ақыл-есі әлі толық қалыптаспаған баланың көргенін қайталауы, көпшілікке еруі қалыпты жағдай саналады. Сол сияқты дамуында тежелісі бар баланың да көргенін істеуі бейсаналы жасалған әрекет.

Депутат Дәулет Мұқаев бұл субмәдениеттің артында үлкен күш тұр деген сенімде. Сондық­тан ол құзырлы органдардың квадроберлердің әрекетін тек­серуі, сонымен бірге оларға қарсы заң керегін алға тартты.

Квадробинг де­ген аты болмаса жан-жануардың кейпіне ену бұған дейін де болған. Мерекелік кештерде балалар түрлі аң бейнесінде киініп, бетіне маска тағуы қалыпты жағдай еді. Сонымен қатар бала­ларға сол арқылы аңдардың қалай дыбыстайтынын көрсететін. Бұл жердегі мәселе олардың адамдарға шабуыл жасап,  жан-жануарлар жейтін тағамды тұтынуы болып отыр.

Кейде ата-анаға да ақыл керек

Қазір біздің салтымызға жат, дәстүрге сай емес дейтін заман емес. Бүгінгі қоғамда қандай құбылыс болса да оны бастан өткеру, сезіну керек, ол уақытша нәрсе деген түсінік бар. Мамандар балаға қауіпті деп дабыл қағып жатқанда бұл әрекетті ересектер қайталап жүр. Квадробер құбылысының кең тарағаны соншалық, қазір көпшілік жиын-тойларда ойын ретінде ойна­тылуда. Иә, жақында инстаграм әлеуметтік желісінде сондай бір көрініске куә болдық. Бұл мұнымен шектелмейді және әлі де талай тойда орын алатыны анық. Оған қоса алда Жаңа жыл мерекесін қарсы аламыз. Ал жаңа жылдық кешті ерекше, қызықты өткізуде жұртшылықтың бұл трендті қайталауы таңқалатын жағдай емес.

Көршілес елдер әрекет етуде

Ғаламтордағы ақпаратқа сен­сек, бұл құбылыс ТМД елдері арасында кең таралған екен. Ұрпағының болашағына келер қауіптің алдын алуда өзбек ағайындар ертерек қимылдауда. Өзбекстан ІІМ балалар ара­сында квадробика деп атала­тын субмәдениеттің көрі­нісі ата-аналардың өз мін­деттерін орындамауы ре­тінде қарастырылатынын ескертіп, әкімшілік жауап­кершілік ту­ралы Кодекс­ке сәйкес 1,875 мил­лион сомға дейін айыппұл салынатынын жет­кізді.

Ал Ресейдің ар­дагерлер ұйы­мы елдің бас прокуроры Игорь Красновқа бала­лар мен жас­­өспірімдер арасында квадробинг деп ата­ла­тын әуестіктің таралуын тоқтату туралы өтініш жіберген. Онда квадробингке байланысты тауар­ларды ірі онлайн сауда дүкендерінде және бөлшек сауда желілерінде сатудың заңдылығын тексеру, балаларды квадробингке тартуды қол­дайтын және ынталандыратын ата-аналарға қатысты жауап­кершілік шараларын енгізу мүм­кіндігін зерттеу, сондай-ақ жаңа құбылыстың зиянды салдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсынылған.

Біздің елде де субмәдениетті насихаттау­шыларға қатысты заң шығару керегін депутат Дәулет Мұқаев айтты.

– Елдер сол жануарға еліктеп, киімін алады, құйрық жалғап алады, одан кейін, тіпті соның тамағын да жейді екен. Бұл – қоғам дерті. Бұл қауіпті, – деген болатын халық қалаулысы.

Адам баласы тіршілік иелерінің ішіндегі ақыл-есі бар ең құрметті, әрі ең абыройлысы. Сол үшін оны жаман дүниемен салыстыру не болмаса жан-жануарға теңеуге тыйым салынған. Бірақ соған ұқсап баққандарын не деуге болады?

А.ӘЛІМ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: