Жұма, 06 желтоқсан, 22:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№96-2106
03.12.2024
PDF мұрағаты

Экологиялық білім берудің озық үлгісі

30.11.2024

499 0

Қаламыздағы Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейінің ғылыми зерттеу тәжірибе алаңында бір жылдан бері «Биогум» жобасы жүргізілуде. Мектеп-лицей жобаны жандандыру және тәжірибе алаңын көрсету мақсатында «Экологиялық білім беру тенденцияларын тиімді қолдану арқылы интеграциялап оқыту» тақырыбында форсайт-сессия ұйымдастырды. Іс-шараға қаладағы мектеп директорлары мен биология және география пәні мұғалімдері  қатысты.

Бұл жоба «Жасыл белдеу» аясында экологиялық пробле­маларды жою  мақсатында қолға алынған.  Биогумус – орга­никалық тыңайтқыш, ауыл шаруашылығы қалдықтары шылаушын және басқа да микроағзалармен өңделеді. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығындағы ең қажетті тыңайтқыштың бірі биогумус болып саналады. Топырақты зерттегендер оның құнарлылығын дәлелдеп отыр. Сондықтан да тыңайтқышты өндіру бүгінде сұранысқа ие болып отыр.

Форсайт-сессия аясында «Биогум» жобасы жөнінде кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар «Биогум»  жобасы барысындағы ғылыми-зертханалық орталықтың тәжірибесімен таныстыру, «Су ресурстарының экологиялық мәселелері», «Білім мен ғылымның заманауи даму тенденциялары» тақырыбында түрлі сабақтар өтті.

 – Асханадағы тағам қалдықтарын жинап, шылаушындарға беру арқылы биогумус тыңайтқышын шығарудамыз. Кез келген жобаны бастаған кезде қаражат қажет екені анық. Ал біз жобаға қаржы талап еткен жоқпыз. Тыңайтқышқа қажетті көңді шаруа қожалықтарынан тегін аламыз. Ал шылаушыындарға тағам қалдықтарын береміз. Осының бәрін тиімді пайдаланып биогумус тыңайтқышын шығарып отырмыз.  Негізі биогумус – топырақтың құнарын, құрылымы мен физикалық қасиеттерін жақсартады. Бұл топырақты бірнеше жыл қолдануға болады. Зерттеулерге сүйеніп жасадық. Өсімдіктердің, жеміс ағаштарының да өсуіне, олардың тамырының дамуына жақсы әсер ететіні дәлелденген. Бүгін де біз нәтижесін көріп отырмыз. Жай топырақ пен биогумусты гүлге пайдалану арқылы оның құнарлылығы әлдеқайда жоғары екенін байқадық. «Биогумус» жобасына оқушылардың қызығушылығы артып келеді. Қазіргі уақытта бір топ оқушы осы жобаны жүзеге асыруға көмектесуде, – дейді биология пәнінің мұғалімі Бағила Әбілова.

Зерттеулерге сүйенсек, альтернативті табиғи тыңайтқыш ретінде биогумустың орны ерекше. Оның құрамында өсімдікке аса қажетті микроэлеметтік, ферменттік, дәру­мендік, антибиотикалық заттар бар. Биогумус топырақтың ылғалдылығын қалыпты жағдайда ұстауға, жеміс-жидек­тің сапасы мен өнімділігін арттыруға, өсімдіктердің зақымдануының алдын алуға қолайлы орта қалыптастырады.

– Осы жылдың ақпан айынын бастап мектепте «Биогумус» жобасы қолға алынды. Алғашқы жұмыс барысында үш супрастат дайындай отырып, малдың көңі және шылаушын салдық. Біздегі мақсат – ысырапқа жол бермеу. Мектеп асханасындағы тамақ қалдықтарын және ауладағы   жапырақтарды пайдалана отырып, шылаушынды қоректендіріп, дайын экологиялық өнім – биогумус топырағын өндіруді қолға алдық. Бүгінде шылаушын саны көбейді. Тыңайтқышты өндіру барысында шығармашылық топ құрылды. Осы жоба үлкен тәжірибе алаңына айналып отыр. Физика, математика, химия, биология, география пәндері бірлесе отырып, жұмыс істейді. Топырақтың құнарлылығын, тұздылығын, қышқылдылығын зерттейді. Ылғалдылығын, температурасын тексеріп тұрады. Облыстық оқу орталығы қаражат бөлді. Осы қаражатқа біз барлық қажетті құрал-саймандарды алдық. Оқушыларға тәрбие мен білім бере отырып, экологиялық мәдениетті де үйретудеміз, – дейді  биология пәнінің мұғалімі Бағила Әбілова.

Бұл жоба оқушыларға тәжірибе жасауға, биология сабағындағы теориялық білімін практикалық жұмыспен ұштастыруға мүмкіндік береді.  Биогумус тыңайтқышын өндіру ұстаз бен шәкірттің тынымсыз еңбегінің жемісі деуге болады. Нәтижесінде осы өнімді бөлме гүлдеріне, көшет отырғызғанда тыңайтқыш ретінде пайдаланады. Осы уақытқа дейін гүлдерді өсіру үшін арнайы гүл топырағын сатып алса, енді қаржы шығындаудың қажеті жоқ.

Өзге мектеп мұғалімдері тәжірибе алмасу үшін бүгінгі шараға арнайы келіп, тыңайтқыш топырақты өндірудің қыр-сырымен танысты. Бүгінгі шарадан байқағанымыздай, бұл жобаны басқа білім ошақтары да жүзеге асыруды қолдап отыр.  Ал №10 мектеп-лицей ұжымы алдағы уақытта сұранысқа ие биогумусты сатылымға шығаруды жоспарлауда.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: