Бейсенбі, 26 желтоқсан, 14:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Мәдениет – өнердің алтын арқауы

09.11.2024

159 0

Сурет: Н.Нұржаубай

Даңқты жазушы Мұхтар Әуезов «Ғылым мен мәдениет барлық дүниенің алтын алқасы болып отыр» деген екен. Шынында, адамға рухани қуат беретін мәдени өмірдегі ізгілікті шаралардың ұрпақ тәрбиесінде де орны ерекше. Ұлтымыздың өміршең салт-дәстүрін, ана тілін, өркениетін, тарихын елге танытып, мәдени дамуымызда көшбасшы болып жүрген Қызылорда қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жұмысы жылдың төрт мезгілінде де үздіксіз атқарылады.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қалалық деңгейде мә­дениет, театр, өнер, кітапхана, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану, мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған іс-шараларды тұрақты жүргізіп келеді.

Бөлімге қарасты қалалық мәдениет үйі, клубтары және халықтық ұжымдар кәсіпорны,  орталықтандырылған кітап­ханалар жүйесі, қалалық мәдени-дема­лыс паркі, Қызылорда қаласының тарихи музейі,  Жастар театры  елге елеулі қызмет көрсетіп келеді.

Осы уақытқа дейін қала көлемінде  966 мәдени-көпшілік іс-шаралар өткі­зіліп, оған 159 841 көрермен тартылған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты бай­ланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, от­басынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады», – деп өз Жолдауында қазақ тілінің мәртебесі туралы атап айтқан еді.

– Бөлімнің негізгі міндетінің бірі – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, насихаттау және дамыту. Бөлім тарапынан қала әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелердің құжат айна­лымының мемлекеттік тілде жүргізілуіне ай сайын тұрақты түрде мониторинг  жүргізіледі. 2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша  құжат айна­лымы толығымен төл тілімізде жүр­гілуде. Қала әкімдігінің жанынан құ­рылған қалалық ономастика жұмысшы тобының қызметін үйлестіреміз. Бүгінде қала аумағында комиссия шешімімен нақтыланған 1199 көше бар. Оның қаладағысы – 772,  қалаға қарасты ауылдық округтердегісі – 427.

Қала аумағындағы 772 көшенің 440-ы­ кісі есімімен, 223-і тарихи жер-су атау­ларымен аталған, 109-на шартты атау берілген. Ауылдық округтердегі 427 кө­шенің 208 кісі есімімен, 67 көше тарихи жер-су, 152-не шартты атау берілген. 2 көше бүгінде идеологиялық тұрғыдан ауыстыруды қажет етеді, – дейді Қызылорда қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тәжмаханов.

Қаладағы көрнекі құралдар да мәдениеттің, тілге деген құрметтің талғамының өлшеміндей. Жарқ еткен жарнамаға кез келген адам сүйсіне қарау керек. Онда грама­тикалық, пунктуациялық қате орын алса, елдігімізге сын. Алайда тиісті сала өкілдерімен рейд жасалғанмен, қала көшелеріндегі көрнекі ақпарат құралында «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының 21-бабының және «Жарнама туралы» Заңының 6-бабының сақталмауы жиі кездесіп жүргенін жеткізді бөлім басшысы.

Бөлім басшысының айтуынша, заңнамада белгіленген талапты бұзып, жөнсіз жарнама ілген мен­шік иесіне түсіндіріліп, жазбаша  ескертпе берілген. Мекемелерге, кәсіп иелеріне жазбаша ескерту хаттармен маңдайшадағы жазулар, басқа да көрнекі ақпараттың мәтінін жазу және орналастырудың үлгісі таратылған. Қала орталығындағы жар­намаларды тексеру барысында 172 нысанға түсінік беріліп, ескертпе таратылған. Бір қуанарлығы, қала аумағында орналасқан мейрам­ханалар мен жылдам әзірленетін дәмханалардың ас мәзірі 91 пайыз  қазақ тіліне көшірілген. Бұл қазақы салт-дәстүрді берік ұстанған Сыр­дың бас қаласының  тілге деген құрметінің жоғары екенін дәлелдейді.

Кезінде еліміздің рухани аста­насы атымен танылған Қызылорда қаласы екі ғасырдан астам тарихы бар, шежірелі өлке. Бүгінде қалада 85 тарихи-мәдени мұра нысаны мемлекет қорғауына алынған, олар­дың 4-і республикалық, 34-і жер­гілікті маңызы бар тарих және мәдени ескерткіш. 47 нысан тарихи-мәдени мұра тізіміне енгізілген.

Бүгінде, 10 нысан «Ұлттық ком­пания «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының, 1 ны­сан (Айтбай мешіті) Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасына, 14 нысан облыстық мекемелердің, 11 нысан Қызылорда қаласы әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелердің, 18 нысан тиісті мекемелердің, 11 мүсін мектептердің, 13 нысан кент және ауылдық округтердің теңгеріміне берілген.

 Қазіргі уақытқа дейін облыстық бюджет есебінен қала аумағында орналасқан  8 ескерткіштің қорғау аймағының жобасы белгіленді. Олардың қатарында  облыстық әскери комиссариаттың шақыру пункті (бұрынғы казарма), Темір­жолшылар клубы, Теміржол ми­лициясы (қазіргі «Ақмешіт» му­зейі), Облыстық тарихи-өлкетану мұра­жайы, Өшпес Даңқ мемориалы, Айтбай мешіті, Құтқарушы Христос шіркеуі, Бауырластар бейіті бар.  Шынында, көненің көзіндей ескерт­кіштерді сақтау да мәдени құнды­лыққа деген құрмет.

«Кітап ақылына ақы сұра­майтын алтын қазына» депті ұлы ойшыл Әлішер Науаи. Білімнің қайнар көзі кітапта.  Қаладағы  кітапханаларда бұл күнде әр мереке сайын, белгілі өнер тарландарының, ақын-жазу­шылардың, белгілі тұлғалардың еңбектерін насихаттау мақсатында іс-шара өткізіліп келеді. Мұндай игілікті жұмысты атқаруда қа­лалық орталықтандырылған кі­тап­ханалар жүйесіне қарасты 21 кітапхананың орны ерекше. Оқырман саны 31777-ні құраға­нының өзі жергілікті тұр­ғын­дардың кітап оқуға ынтасы өскенінің көрінісі.

Қаланың мәдени өміріндегі өт­кізіліп жүрген игілікті шаралар өз жемісін беріп келеді. Қызылорда қаласында өткен республикалық «Жұлдызды сәт» балалар байқауы­нан «Ақ кербез» би үйірмесінің кіші және орта тобы «Хулиганить» биімен бас жүлде, орта топ «Уч патир» өзбек биімен І орын жеңіп алды. Нәтижесінде жетекшісі Айгерім Шүкірбаева Дубай қала­сына саяхатқа жолдама ұтып алды.

Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №3, №4, №19 кітапханалары бір­лесіп, ақын Қаршыға Есімсейітова­ның шығармашылығына арналған «Сыр­дың нәзік гүлімін» атты кез­десу кешін ұйымдастырды. Елге адал қызмет етіп, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүр­ген жандарды насихаттау, олар­дың өмірі мен еңбек жолын, шығар­машылығын өскелең ұрпақ­қа үлгі етіп, құрмет көрсету – кітапхананың мәдени жұмысының негізгі бөлігі.

Қала күні мерекесі аясында «Шексіз әлем – шектеусіз мүм­кіндік» атты зағип және нашар көретін жандар арасында респуб­ликалық өнер байқауы өтті. Өнер додасы ерекше жан­дарға мәдени және рухани қол­дау көрсетіп, жаңа талант иеле­рін анықтау, өнерпаздардың шығар­машылық байланысы мен достық қарым-қатынастарын нығайту үшін ұйым­дастырылған. Байқауға елі­міздің түкпір-түкпірінен талантты 10 топ қатысып, ерекше өнер иелері жеңіс тұғырынан көрінді.

Тұңғыш Президент саябағында ескі де есті әуендер әуелеген тамаша кеш ұйымдастырылды. Қала күні мерекесі аясында өткен жанды дауыстағы дәстүрлі ретро-фестивальге аймаққа белгілі 5 во­калды аспапты ансамбль қатысты. Ашық аспан астындағы мәдени шара қала өнерпаздарының тақырыптық қойылымымен басталды.

Өнер кешінде қаламыздың мә­дени-рухани тынысына дем берген бірқатар өнер майталмандарына және қатысушы ансамбль жетекші­леріне шаһар басшысының ар­найы алғыс хаттары мен естелік сыйлықтары табысталды.

Қызылорда қаласының тарихи музейінде қала күні мерекесіне орай «Тарихы терең – Қызылорда» атты ашық есік күні аясында «Тарих ол бір ғаламат алтын көпір» тақырыбында көрме ұйымдастырылды. Ашық есік күні аясында банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері музейдегі  экспози­циямен танысып, қала та­рихы жайында мағлұмат алды.

Көрмеге қазақ халқының үй тұрмысында пайдаланған құнды бұйымдар, ыдыс-аяқтар,  Қызылорда қаласының Астана болған кездегі фото құжаттар қойылған.

Сонымен қатар Ақсуат ауылдық округінде «Ауылым сұлу Сырдың жағасында» атты республикалық ақындар айтысы өтті.

Дүбірлі ақындар айтысында елі­міздің әр түкпірінен келген орақ тілді, от ауызды 8 ақын сынға түсті. Сұңғыла сөз додасында ақындардың өрелі өнерін тамаша­лаған көзіқарақты көрермен елдік мәселені, арғы-бергі тарихты, қоғам көрінісін, дәуір шындығын жырлаған ақындарға ризашылығын білдірді. Барлық ақынға қаржылай сыйақы табысталды.

«Қала күні» мерекесі аясында «Кітап қала – 2024» кітап жәр­меңкесі өтті. Қоғамның интел­лектуалды әлеуеті мен мәдени құндылығын арттыру, оқыр­ман мәдениетін қа­лыптастыру, жазушылар мен оқыр­манға бір­ыңғай алаң ұсыну мақ­сатындағы жәрмеңке «Қалам­герлер аллея­сына» жиылған жұрт­шылыққа ғажайып әсер сыйлады.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: