Дүйсенбі, 04 қараша, 07:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№87-2097
02.11.2024
PDF мұрағаты

Шаһар тынысы жаңа әлеуметтік нысандармен толықты

05.10.2024

408 0

Қызылордада бір күнде бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді.
Өңірдің экономикалық дамуының айқын көрінісі – бұл. Бір күнде 470 тұрғын баспаналы болса, 900 орындық жайлы мектеп ашылып, білім саласына тың серпін болды. Жаңа үлгідегі оқушылар сарайы да оқушыларға есігін айқара ашты. Теннис орталығы да көпшіліктің қуанышын еселеді.

Қоныстой: 470 отбасы
баспаналы болды

Сол жағалаудағы №2 шағын ауданға салынған 470 пәтерлік 10 көпқабатты тұрғын үй өз иелерін тапты. Қала күні мерекесі аясындағы салтанатты шараға құқық қорғау органдарының басшылары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері және депутаттар қатысты.
Мерейлі сәтте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа пәтер иелерін қоныстоймен құттықтап, саладағы серпінді бастамаларға тоқталды.
– Мемлекет басшысы жолдауында «Елімізде бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеу қажет. Негізгі қағидат тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру керек» деген болатын. Биыл мемлекеттік бюджеттен бөлінген 34 млрд 100 млн теңгеге 2,5 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілмек. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды қарқынды жалғастырамыз. Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштерінде оң серпін сақталып, республика бойынша алдыңғы қатарға тұрақтады. Екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд теңге болса, бүгінде 744 млрд теңгеден асты. Бұл ауқымды қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалуда.Тұрғындарды электр энергиясымен үздіксіз қамту бағытында 11 млрд теңгеге 38 жоба жүзеге асырылуда. Бұл желілердің тозу деңгейін 66 пайыздан 62 пайызға төмендетті. Қалада инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы уақытқа дейін Қызылорданың ең басты коммуналдық проблемасының бірі – көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен қамтамасыз ету болатын. Бүгінде ол оң шешімін тапты. Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен алдағы уақытта 625 үйге ыстық су жеткізіледі. Жобаның жалпы құны – 26 млрд 200 млн теңге. Биыл 187 үйге ыстық су берілсе, алдағы жылы 237 үйге қосылады, – деді облыс әкімі.
Соңғы жылдары Қызылордада құрылыс жұмыстары қарқынды. Әсіресе екі жылдың көлемінде ұлттық жобалар аясында 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді. Ал жыл басталғалы 900-ден астам отбасы қоныс тойын тойлады. Осылайша тұрғын үй құрылысы 126 пайызға артқан.
Оқушылар сарайы
жаңашылдыққа бастайды

Сол жағалаудан салынған 350 орындық жаңа үлгідегі оқушылар сарайын салуға «Қазгермұнай» компаниясы демеушілік жасады. Жаңа нысанның ашылуына қатысқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өскелең ұрпақтың игілігіне табыстап, құттықтауын жеткізді.
– Бүгінде Қызылорда қарқынды құрылыс алаңына, өркенді өзгерістер өңіріне айналды. Мәселен биыл 187 нысанның құрылысы салынуда. Тек білім саласының өзінде 9 нысан ел игілігіне берілді. «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 2 млрд 350 млн теңгеге салынған 350 орындық заманауи үлгідегі оқушылар сарайының салтанатты ашылуына жиналдық. Білім, ғылым, мәдениет және өнер саласының дамуы – өркениеттің өлшемі, қоғам дамуының басты көрсеткіші. Өңірде 62 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Ондағы үйірмелерге 60 мыңнан астам оқушы қатысады, – деді аймақ басшысы.
Жаңа ғимаратта балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндіктер жасалған. Көпфункционалды кешенде техноорталық, робототехника және өнеркәсіптік дизайн сыныптары, экологиялық зертхана, жылыжай мен консерватория, телестудия және шығармашылық үйірме сыныптармен қамтылған.

Теннис орталығы –
Сыр спортына жаңа серпін

Қала күні қарсаңында Сыр елінде үстел теннисі орталығы ашылды. Орталықтың ашылуына «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, жауапты салалардың, құқық қорғау органдарының басшылары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала тұрғындарын құттықтап, сала басшыларына ризашылығын жеткізді.
– Ел игілігіне берілген үстел теннисі орталығы Сыр спортына жаңа серпін әкеліп, жеңімпаздарды тәрбиелейді деп сенемін. Қаланың келбетіне көрік қосатын әсем ғимараттардың қатарын толықтырған орталықтың қолданысқа берілуі баршаңызға құтты болсын! Бүгінде облыстың қарқынды дамуына қажетті әлеуметтік нысандардың салынуына зор үлес қосқан «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің мүшесі, басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов және «Самұрық-Қазына Траст» корпортивтік қорының бас директоры Альфия Адиеваға Сыр жұртшылығы атынан ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар орталықтың құрылысын сапалы жүргізген «Дәнекер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне алғысым шексіз. Алдағы уақытта еліміздің көк байрағы дүбірлі додаларда биікте желбіреп, спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көрінсін, – деді облыс әкімі.
Үстел теннисі – ақыл-ойды сергітіп, тактикалық стратегияны дамытатын спорттың бірі. Бүгінде спорттың бұл түріне қызығушылар саны артып келеді. Мысалы аймақта 17 мыңнан астам ересектер мен балалар үстел теннисімен тұрақты шұғылданады. Ал ел игілігіне берілген жаңа орталық кешені кәсіби спортшыларды дайындауға мүмкіндік береді. Орталықта 16 үстел теннисі орналасқан ойын алаңы, 350 көрерменге арналған орын мен жаттығу залы, әкімшілік бөлмелер бар. Мұнда 31 қызметкер жұмыс істейді.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: