Дәрігер жетіспеушілігі, тегін дәрі-дәрмектің тапшылығы, кейбір диагностикалық аппараттардың жоқтығы – бұл мәселелер әлі де өзектілігін жоймай келеді. Осындай ауқымды мәселені шешеді деп іске қосылған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің мәселесі бітер емес. Жүзеге асқанына
5 жыл болса да жетілдіру жолында кемшілік көп. Осы уақыт ішінде бұл саланың бюджеті 2 есе артқан. Дегенмен медициналық көмектің айтарлықтай жақсармағаны кеңінен айтылуда. Ал биыл 2,6 триллион теңге бөлінеді деп жоспарланған.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, бүгінде қазақстандықтардың 83 пайызы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қосылған. Олардың ішінде 72 пайызы мемлекет тарапынан қамтамасыз етіліп отырған осал топтардағы азаматтар.
Қызылорда облысы бойынша бекітілген халықтың тізімінде 845 994 адам тіркелген. Оның ішінде 709 720 адам (83,9%) МӘМС жүйесінде сақтандырылған, 136 274 адам (16,1%) тұрғын сақтандырылмаған.
Қатаң бақылауға алу керек
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік салаларға тоқталды. Ел Президенті әлі күнге дейін халықтың көңілінен шықпайтын міндетті әлеуметтік сақтандыруды қатаң бақылауға алуды тапсырды.
– Қазір мемлекет бюджетінің көбі әлеуметтік салаға бөлініп жатыр. Соңғы жылдары әлеуметтік саладағы инфрақұрылымды дамыту үшін біраз жұмыс атқарылды. Көптеген қызмет әлі қолжетімді емес. Бұдан бөлек, көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуға тиіс. Медициналық көмектің бірыңғай топтамасын қалыптастыру қажет. Мемлекет кепілдік беретін медициналық қызмет оның базалық бөлігі болуға тиіс. Келесі бөлігі жұмыс берушілер мен азаматтардың жарналарынан құралатын сақтандыру қаражаты есебінен жасақталуы керек, – деді Президент.
Сақтандырудың жаңа әдісі
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2027 жылға дейін МӘМС жүйесіне бірқатар өзгеріс енетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, кейбір медициналық қызметтерді базалық пакетке көшіру арқылы сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматқа қолжетімді ету көзделіп отыр. Негізгі өзгерістерге тоқталып өтсек, әлеуметтік маңызы бар 12 ауру бойынша диагностика ақысыз болады. МӘМС жарналарының төлем жүйесі оңтайландырылады. Медициналық қызметтердің ашықтығын арттыру мақсатында жаңа цифрлық жүйелер енгізіледі.
Сонымен қатар медициналық ұйымдарды қаржыландыру тетіктері қайта қаралады.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілуі денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемін 3 есе ұлғайтуға мүмкіндік берді, яғни 1 трлн-нан 2,9 трлн теңгеге дейін. Бұл саланың көптеген бағытын қаржылық ресурстармен барынша толықтырды. Оның ішінде дәрігерлердің жалақысы 2,3 есе өскендігін айтып кеткен жөн, – дейді денсаулық саласының басшысы Ақмарал Әлназарова.
Айта кетейік, бұл өзгерістер халықтың сақтандыру деңгейін арттыру және медициналық қызметтердің сапасын жақсарту үшін қабылданып отыр.
Ана мен бала өлімі азайған
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, МӘМС жүйесі енгізілгеннен бері еліміздегі медициналық-демографиялық көрсеткіштер айтарлықтай жақсарған. Мәселен, жалпы өлім-жітім 8%-ға төмендесе, ана мен бала өлімі азайған. Сондай-ақ өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа дейін ұзарған. Тіпті скринингтік тексерулерден өтетін адамдар саны да артқан. МӘМС жүйесі әсіресе, онкологиялық аурулар мен жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтау бойынша оң нәтиже бар.
Бізге қажет пе?
Қарапайым халықтың көбісін осы сұрақ толғандыратыны рас. Ал маманның айтуынша, бұл мемлекетіміз ұсынып отырған игілікті іс.
– Біздің елде азаматтар денсаулыққа жұмсалатын жалпы шығынның 50 пайызын өз қалтасынан төлейді. Дәрі-дәрмек сатып алады, ақылы клиникаларға қаралады. Мұның отбасы бюджетіне едәуір салмақ түсіретіні даусыз. МӘМС жүйесі осы шығындардың белгілі бір бөлігін сақтандыру есебінен жабуға мүмкіндік береді. Реформаның маңызы, міне, осында, – дейді Әлеуметтік медициналык сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының бас сарапшысы Айгүл Аханова.
Уақытша тоқтату қажет
Халықтың қалтасына салмақ салған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру ісінің айналасында заңнамалық тұрғыдан ретсіздіктер болғаны жайында дәлелді айғақтармен келтірілген деректер де бар. Бұл деректерді үкімет сағатында мәжіліс депуттары рет-ретімен айтып берген болатын. Осы тұста «МӘМС-ті уақытша тоқтата тұрсақ» деп ұсыныс тастағандар да болды. Осы мәселе жөнінде мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев өз ойын білдірді.
– МӘМС-ті уақытша тоқтатуды ғана сұрадым. Себебі азаматтар сынақ алаңына айналмауы қажет. Негізі, мұны уақытша тоқтату медицина саласына тұтастай хаос әкелмейді. Ол туралы дәлелімді де айттым. 20 млн халықтың 14,5 милионына мемлекет төлем жасайды, 3,5 милионы мүлде сақтандырылмаған, сонда 2 миллион адам қаламыз. Бұл 2 млн үшін тұтастай қор ұстап отыруда мән бар ма? Олар ақша төлесе де ем алып жүрген жоқ. Сондықтан МӘМС-ті уақытша тоқтатып, барлық аспектісін реттеп барып енгізсек деген ұсынысымды білдірдім, – дейді мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев.
МӘМС жүйесін министрлік толыққанды тексергенде түйіткілді мәселе көп екені анықталды. Сондықтанда халыққа сапалы медициналық көмек көрсету үшін бұл жүйені өзгерту керек деген шешімге келді.
Мәртебе мен төлемдерді тексеру
МӘМС-тің енгізілгеніне қанша уақыт болса да оның түпкі мақсатын түсінбейтін азаматтар да бар. Әйтеуір ақшасын аударып қояды. Тіпті қанша аударылып жатқанын сұрамайтын жандар да кездеседі екен.
Халық өзінің міндетті сақтандыруын ай сайын төлеп жатыр. Алайда ол уақытта дәрігерге қаралмайтын кездері де болады. Сонымен ол қаржы қайда кетіп жатыр? Міне, бұл көп көкейіндегі сұрақ.
Сондықтан да қарапайым халыққа түсінікті болу үшін МӘМС айналасындағы көп сұрақты мамандарға жолдадық. Яғни, қарапайым халық денсаулығына қатысты төлемдердің қайда, не үшін төленіп отырғанын толық түсінгені және білгені жөн. Біздің сұрағымызға «Әлеуметтік медициналык сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының бас сарапшысы Айгүл Аханова жауап берді.
– МӘМС-ке қанша төлеп жүрміз?
– 2025 жылы тек біржолғы төлем мөлшері өзгерді – 21,5%-дан 23,8%-ға дейін. Сондай-ақ жеңілдетілген санаттағы азаматтар үшін мемлекет тарапынан жарна мөлшері өзгерді, яғни орташа айлық жалақының 1,9%-ынан 2%-ына дейін. Бұл көрсеткіш өткен екі жылдағы және осы жылдағы қаржының орташа айлық жалақысынан есептеледі. Бұл мәліметті мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган анықтайды.
МӘМС төлемдерінің мөлшері келесідей:
Жұмыс берушілердің жарналары – қызметкердің табысынан 3%. Табыс 10 еселенген ең төменгі жалақыдан (2024 жылы 850 теңге) аспауға тиіс, яғни жұмыс берушінің аударымдарының ең жоғары төленетін сомасы айына 25 500 теңгені құрайды. Бұл қаражат қызметкердің жалақысынан ұсталмайды, оларды жұмыс беруші кәсіпорын есебінен төлейді.
Қызметкерлер, оның ішінде азаматтық-құқықтық шарт бойынша жұмыс істейтіндер – табысының 2%. 10 ЕТЖ артық емес немесе 17 мың теңге.
Біржолғы төлем төлеушілер – жалақы қорынан 23,8%.
Жеке кәсіппен айналысатын адамдардың жарналары – 5950 теңге. 1,4 еселенген ЕТЖ-дан 5% төлейді (1,4 * 85 000) * 5% = 5950 теңге.
Егер жеке кәсіпкер есептілікті «нөлмен» тапсырса, бірақ өз қызметін ресми түрде тоқтатпаса, онда ол салық кодексі талап еткендей, жарналарды төлеуді жалғастыруы керек екенін есте ұстаған жөн. Әйтпесе, қарыз пайда болады.
Дербес төлеушілердің жарналары – 4250 теңге (1 еселенген ең төменгі жалақының 5% ).
Мемлекет тарапынан МӘМС-ке төленетін жарналар – 7285,9 теңге.
– МӘМС-ке төленген артық ақшаны қалай қайтарып алуға болады? Мәселен, екі жерде жұмыс істесе қалай болады?
– МӘМС-ке қызметкер үшін аударымдар (жұмыс берушінің қаражаты есебінен) әрбір жұмыс орнынан жүргізілуі тиіс. Бірақ әр жұмыс орнынан төленетін сома айына 25 500 теңгеден (10 ЕТЖ-дан 3%) аспауы тиіс. Қызметкердің жалақысынан ұсталатын жарналарға келер болсақ, қанша жұмыста істесе де, жалпы сомасы 17000 теңгеден аспауы қажет (10 еселенген ЕТЖ-дан 2%).
Қызметкер жұмыс орнына басқа жұмыс орнынан жалақы туралы анықтама әкеліп беруі керек. Мысалы, егер ол бірінші ұйымнан 450000 теңге, ал келесі жұмыс орнынан 350000 теңге алатын болса, онда тек 250000 теңгеден жарна есептейсіз (700000 – 450000 = 250000). Егер жалпы табыс 700000 теңгеден аз болса, онда әрбір ұйымдағы жалақының толық мөлшерінен есептеледі.
МӘМС-ке төленген ақша мынадай жағдайларда: қате аударылғанда, артық төленгенде, төлемнің мақсатты коды қате көрсетілсе, төлеушінің реквизиттері дұрыс көрсетілмесе, төлеуші немесе банк қаржыны бірнеше рет аударып жіберсе қайтарылады.
– Бала үш жасқа толғанша анасына мемлекет медициналық сақтандыруға жарна төлейді. Алайда 3 жасқа толмай жатып жұмысқа шықса, жалақысынан МӘМС-ке ақша ұстап қалады. Бұл қалай?
– Міндетті медициналық сақтандыру туралы заңның 26-бабына сәйкес мемлекет жұмыс істемейтін ата-анаға немесе демалыста жүрген және 3 жасқа толмаған балаға күтім жасайтын ата-ана үшін міндетті медициналық сақтандыруға жарна төлейді.
Егер бала күтіміндегі әйел жұмысқа шығып, жалақы алса, онда жұмыс беруші қызметкер үшін МӘМС аударымдары мен жарналарын төлеуге міндетті.
P.S. Елімізде 2020 жылдан бері енгізілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі денсаулық сақтау саласындағы маңызды реформалардың бірі. Жүйенің негізгі мақсаты – халықтың медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттырып, емханалар мен ауруханаларға қосымша қаржыландыру көзін ұсыну. Алайда соңғы уақытта МӘМС жүйесіне қатысты сын-пікірлер көптеп айтылуда. Осыған орай, елімізде биылдан бастап МӘМС жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізу жоспарлануда. Айта кетейік, бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – медициналық қызметтердің сапасын арттырып, халықтың барлық санатына қолжетімді ету.
Айтолқын Айтжанова
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!