Мамандық таңдау – адам өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірі. Мамандық таңдау тек материалдық жағдай ғана емес, сонымен қатар адамның өз жұмысының қызығушылығына байланысты. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, түлектердің басым бөлігі тұрақты табыс қана емес, сонымен қатар тұлғалық өсу мүмкіндігін беретін мамандық таңдауға ұмтылады. Еңбек нарығын талдау белгілі бір мамандықтарға сұраныс уақыт өте келе өзгеретінін көрсетеді. Мәселен, соңғы жылдары IT мамандықтар мен цифрлық экономикаға қатысты кәсіптерге қызығушылық артқан. Бұл жаһандық цифрландыру мен өмірдің барлық салаларындағы процестерді автоматтандыруға байланысты. Жалпы белгілі бір кәсіпті таңдау тек сол бір мамандықта қалуды көздемейді, себебі бір кәсіптік салада өсу мен дамудың әртүрлі бағыттары бар. Сондықтан икемділік пен оқуға деген құлшыныс заманауи маман үшін маңызды қасиет.
Қазақстанда мектеп бітірген, жоғары немесе орта арнаулы оқу орындарының табалдырығын аттаған жастар мен талапкерлердің мамандық таңдауы – олардың болашағын айқындайтын шешуші кезең. Жоғары білім алған жас мамандардың 40 пайыздан астамы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтінін статистика көрсетіп отыр. Бұл жеке қалау ғана емес, сонымен қатар жастардың кәсіби таңдауына әсер ете алатын нарықтық үрдістерді де көрсетеді. Мектептердегі кәсіптік бағдар беру оқушылардың ниеттерін қалыптастыруда басты рөл атқаратынын атап өткен жөн. Мұғалімдер мен кәсіптік кеңесшілер оқушының бейімі мен қызығушылығын ерте анықтаудың маңызын, болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға ықпал етеді. Жастардың кәсіби бейімділігіне әлеуметтік желілер де айтарлықтай әсер етеді. Кейбір жастар оқу орындарында оқығаннан гөрі блогер немесе басқа да шығармашылықпен айналысуды қалайды.
Статистика сыры
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2022-2023 оқу жылында Қазақстандағы студенттердің жалпы саны 575,5 мың адамды құраса, оның 53,7 пайызы әйелдер. Студенттердің басым бөлігі (97,2%) күндізгі бөлімде оқиды. Сонымен қатар 2023 жылы студенттер саны 592,7 мыңға дейін өсті, бұл жоғары білімге деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Алайда жалпы орта білім беру базасында оқуға қабылдаудың жоғары пайызына қарамастан 2022-2023 жылдары – 65,2% және 2023-2024 жж. – 71,7% таңдалған мамандық пен еңбек нарығының нақты қажеттіліктері арасындағы сәйкессіздік проблемасы байқалады.
Кәсіптік бағдар беру жағдайында білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты ескеру маңызды. Мемлекеттік гранттар мен квоталар белгілі бір мамандықтарға қызығушылықты оятуы мүмкін. Мысалы, 2023 жылы 64,3 мың студент квота бойынша білім алды, бұл халықтың әлеуметтік жағдайы төмен жастарға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қазақстанда жоғары оқу орындарының санының қысқару үрдісі байқалып отырғанын атап өткен жөн, бұл білім беру бағдарламаларының қолжетімділігі мен әртүрлілігіне әсер етуі мүмкін.
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» ақпараты бойынша 2030 жылға қарай елімізде жастар саны 5,9 млн адамға жетеді, бұл білім беру қызметтеріне, жұмыс орындарына, сондай-ақ тұрғын үй мен медицинаға сұраныстың артуына әкеледі. Еңбек нарығына жас жұмысшылардың жыл сайынғы ағыны 300 мың адам деңгейінде болжанады. Жұмыспен қамтылған жастардың 20%-ға жуығы мамандық бойынша жұмыс істемейді. Диплом мен еңбек міндеттерінің сәйкес келмеуінің салдары жалақының 15%-ға төмендеуіне әкеп соғады. Орталық жүргізген талдау нәтижесінде мамандарды даярлау сапасын арттыру, сондай-ақ жұмыс күшінің ішкі ұтқырлығын қамтамасыз ету жөніндегі құралдарды дамытуға арналған нұсқалар ұсынылды. Соңғы бес жылда республикада жастар практикасы, алғашқы жұмыс орны, ұрпақтар келісімшарты, жастарға арналған гранттар сияқты жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған шараларды қолдауға 63 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. 1,2 миллионнан астам жастар болды, олардың 70 пайызы тұрақты жұмысқа орналасты. Болжам бойынша электрондық еңбек биржасында жарияланатын бос жұмыс орындарының саны 1,15-тен 1,3 млн бірлікке дейін болады деп күтілуде.
Қазақстандағы жастар мен мектеп бітірушілер үшін мамандық таңдау – жеке қалау, нарықтық үрдістер, әлеуметтік ықпалдар және мемлекеттік білім беру саясатын қоса алғанда көптеген факторларға байланысты күрделі процесс. Жастардың табысты болашағын қамтамасыз ету үшін білім беру мекемелерінің, мемлекеттің және бизнес-қоғамдастықтың қазіргі еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес келетін кәсіптік бағдар беру және оқыту мәселелерінде күш-жігерін біріктіру қажет.
Кеңесіп пішкен тон келте болмас
Мамандық таңдауда мамандардан кеңес алу қалай көмектесетіні жайлы білу үшін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің рекрутинг және мансап басқармасының басшысы Жандос Оразмахановтың пікіріне жүгіндік. Маман талапкерлер үшін мамандық таңдау әрбір жастың өміріндегі маңызды қадам екенін айтты. Бүгінгі таңда талапкерлердің алдында мамандықтар мен білім беру бағдарламаларының үлкен таңдауы тұрғанын, бұл шешім қабылдау кезінде қандай қиындықтар тудыруы мүмкін екенін атап өтті.
– Қазіргі таңда IT және бағдарламалау, медициналық ғылымдар, инженерлік мамандықтар, бизнес және қаржы, сондай-ақ цифрлық маркетинг және мәліметтерді талдау салалары өте сұранысқа ие. Бұл мамандықтар еңбек нарығында тұрақты жұмыс орындарын қамтамасыз етеді және үнемі жаңарып отыратын технологиялар мен трендтерге байланысты әрдайым өзекті. Қазір талапкерлерге мамандық таңдау кезінде қаржы, заң немесе ауыл шаруашылығы болсын, кез келген мамандық таңдауда қате жоқ екенін ескеруге кеңес береміз. Мысалы, қасапшы болу – тамаша кәсіп, бірақ бұл үшін төрт жыл басқа салада диплом алу керек пе? Немесе бір салада жоғары білікті маман болып, қызығушылықсыз жұмыс істеген дұрыс па? Мәселе осында. Егер талапкер өзінің дағдылары мен қабілеттеріне сай келетін мамандықты таңдап, 4 жыл бойы тереңдетіп оқыса, мықты маман болады. Қарапайым мысал: бізде су шаруашылығы мамандығы бар. Бірақ жастар бұл мамандыққа қызығушылық танытпайды, сол себепті біздің елде бұл салада кадрлардың жетіспеушілігі байқалады. Нәтижесінде елімізде осы сала мамандарының жетіспеушілігінен су саласында мәселелер аз емес. Сондықтан біз мамандық ұсынған кезде таңдалған мамандық тек қызықты ғана емес, сонымен қатар қоғам мен ел үшін пайдалы болуы керек екенін атап өтеміз. Ұзақ мерзімді перспективада бұл студентке кәсіпте жетістікке жетуге ғана емес, сонымен бірге елдің дамуына өз үлесін қосуға көмектеседі, – дейді маман.
Сарапшы еліміз үшін білікті кадрлардың қажеттілігін атап өтті. Ол мамандық таңдау үшін талапкерлермен көптеген іс-шара мен кездесулер өткізетінін атап өтті. Бұл шешім қабылдауды жеңілдету және ең тиімді мамандықты таңдауға көмектесу мақсатында жасалады.
– Талапкерлер өз қызығушылықтарын ескерместен, тек ата-аналарының немесе қоғамның пікіріне сүйеніп мамандық таңдайды. Көбінесе олар еңбек нарығындағы өзгерістерді ескермейді және болашақта қажетті дағдыларды меңгеру қажеттілігін түсінбейді. Бұл қателіктерді болдырмау үшін оқушыларға өздерінің қабілеттерін, қызығушылықтарын және нарықтағы сұранысты жақсылап зерттеу керек. Университеттер және кәсіби бағдар беру орталықтары студенттерге кеңес беру және кәсіптік тестілеу арқылы көмек көрсете алады, – дейді Жандос Шынжырбайұлы.
Университет кәсіби бағдар беру жұмыстарын үнемі ұйымдастыратынын атап көрсетті.
– Университетімізде Рекрутинг және мансап басқармасы талапкерлерге үздіксіз кеңес беру қызметтері, кәсіби бағдар беру бағдарламалары, шеберлік сыныптар мен семинарлар, сондай-ақ Қызылорда облысының барлық аудандары мен қалаларына RoadShow ұйымдастырылады. Біз оқушыларға қажетті ақпаратты ұсына отырып, олардың дұрыс таңдау жасауына көмектесеміз. Біз оқушылармен жеке және топтық кеңес беру, онлайн және офлайн кездесулер, кәсіби тестілеу, шеберлік сыныптар, семинарлар және ашық есік күндерін ұйымдастыру арқылы мамандық таңдауда көмек көрсетеміз. Сонымен қатар кәсіптік тәжірибе және өндірістік экскурсиялар ұйымдастырып, оқушыларға нақты кәсіптер туралы ақпарат береміз, – дейді рекрутинг және мансап басқармасының басшысы Жандос Оразмаханов.
Ұлттық тестілеу орталығының ақпаратына жүгінсек, елімізде негізгі ҰБТ-2024 басталғалы бері 71 мың адам тест тапсырған. ҰБТ-ға 186 мыңға жуық талапкерден екі мүмкіндікті есепке алғанда 342 мыңға жуық өтініш қабылданған. Оның ішінде тест тапсырушылардың 75%-ы қазақ тілінде, 25% -ы орыс тілінде, 229 адам ағылшын тілінде ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірді. Түлектердің 16%-ы «Математика-Физика», 16%-ы «Биология-Химия», 13%-ы «Шығармашылық», 11%-ы «Математика-Информатика» пәндерін таңдады. Қалған талапкерлер колледжден кейінгі қысқартылған оқу түрін таңдады.
– Қазіргі таңда елімізде мұғалімдердің мәртебесі мен жалақысының өсуіне байланысты көптеген студент педагогикалық мамандықтарды таңдай бастады. Олардың көпшілігі ҰБТ-да жоғары балл алып, осы мамандықтарға түседі. Неліктен? Өйткені олар жоғары стипендия мен жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жалақысы жоғары жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар деп сенеді. Тағы бір танымал сала – IT саласы. Бұл салада 4500-ден астам грант бөлінген және студенттер жаңа инновациялық технологияларды үйренуге қызығушылық танытуда. Бұл бағыттар университетке түсетін студенттер арасында да жоғары сұранысқа ие, – дейді сарапшы.
Трендтегі мамандықтар
Соңғы жылдары елімізде колледждерде білім алатын студенттер саны артқан. Жарияланған ақпаратқа сүйенсек, 2022-2023 оқу жылының басындағы мәліметтер бойынша колледждердегі студенттердің жалпы саны 548 мың адамды құрады, бұл 2022/2023 оқу жылының басымен салыстырғанда 4,2%-ға көп. Әсіресе талапкерлердің құрылыс саласына қызығушылығы жоғары. Бұл тенденция терең әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен жас ұрпақтың қалауын көрсетеді. Жастардың құрылыс саласына ұмтылуының басты себептерінің бірі – тұрақтылық. Сонымен қатар құрылыс саласы бизнес кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді. Студенттер мұны өз бизнесін құру және қаржылық тәуелсіздікке жету мүмкіндігі ретінде қарастырады. Осы ретте құрылыс және бизнес саласындағы сапалы білім беретін оқу орындарының бірі – Смағұл Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі директоры Әлия Досмахановадан талапкерлердің таңдауы туралы пікірін сұрадық.
– Колледж 12 мамандық, 16 біліктілік бойынша құрылыс және қызмет көрсету салалалары үшін жұмысшы және орта буын кадрларын даярлауда. Қазіргі таңда талапкерлер тарапынан «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Сандық техника», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері», «Архитектура», «Дәнекерлеу ісі», «Жиһаз өндірісі», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандықтары сұранысқа ие. Жұмысшы мамандығы бойынша талапкерлер оқуға конкурссыз қабылданады, орта буын мамандықтары бойынша талапкерлер аттестаттың орташа балы негізінде автоматтандырылған жүйеде жасалатын конкурс арқылы оқуға қабылданады. «Сандық техника», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Дәнекерлеу ісі», «Жиһаз өндірісі», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандықтары гранттарға көбірек ие. Жетістікке жеткен студенттер саны аз емес. Колледж студенттерінің арасында соңғы жылдары түрлі сайыстарда топ жарып, жүлделі орындарға ие болып жүргендер көп. WORLDSKILLS – 2024 кәсіби шеберлік чемпионатының облыстық кезеңінде студенттеріміз жүлделі орын иегерлері атануда. Бұл жастардың осы саладағы қызығушылығының жоғары екенін көрстеді, – дейді Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі директоры Әлия Досмаханова.
Сондай-ақ мамандық таңдауға келгенде сенімсіздік танытқандар бар. Бұл орайда колледж директорының кеңесіне сүйендік.
– Талапкердің қызығушылығы мен бейімділігін ескере отырып, мамандықтардың артықшылықтары мен мүмкіндіктері туралы ақпарат беріледі, ашық есік күндері ұйымдастырылады, кәсіби бағдар жұмыстары мектеп оқушыларымен жыл бойы үздіксіз жүргізіледі. Жастардың «Болашақ мамандығыңыздан не күтесіз?» деген сұраққа шынайы жауап дайындап, өзін болашақ нақты бір кәсіп иесі ретінде елестете алуы маңызды. Көп нәрсе осыған тікелей байланысты. Мамандықтың бәрі жақсы. Алайда кейбір мамандықтар математикалық қабілеттерді талап етеді, басқалары шығармашылықты, келесісі дене дайындығын қажет етеді. Жаман мамандық болмайды, тек сізге ұнайтын немесе ұнамайтын мамандық бар. Өмірде бәрі бір-бірімен байланысты болғандықтан, дұрыс мамандық өмірдің барлық саласына әсер етеді. Таңдау неғұрлым сәтті болса, өмір жолы соғұрлым қызықты және табысты болады, – дейді колледж директоры.
Жыл сайын мыңдаған талапкер кәсіби және жеке жолын анықтайтын таңдау алдында тұрады. Биыл олардың көпшілігі тұрақтылықты ғана емес, сонымен қатар өсу мен өзін-өзі дамытуға мүмкіндік беретін мамандықтарға бейім екенін көріп отырмыз.
Қазіргі талапкерлер – ақпараттық технологиялар мен жаһандық өзгерістер дәуірінде өскен ұрпақ. Олар қоғам мен экономиканың дамуына үлес қосатын мамандықтарға ұмтылады. Дегенмен қызығушылықтардың кең ауқымына қарамастан, көптеген талапкер уақыт сынынан өткен және сұранысқа ие мамандықтарды таңдайды. Бұл, әсіресе, экономикалық тұрақсыздық жағдайында болашаққа деген сенімге деген ұмтылыспен байланысты. Медицина, білім беру, құрылыс және IT саласындағы мамандықтар ең таңдаулы болып қала береді. Білім беру жүйесі талапкерлерге теориялық білім мен практикалық дағдыларды біріктіретін икемді оқу бағдарламаларын ұсына отырып, іріктеу процесінде маңызды рөл атқарады. Талапкерлердің мамандық таңдауы тек жеке қалауы ғана емес, экономика мен қоғамдағы қазіргі тенденциялардың көрінісі, сондықтан таңдау жасағанда мұқият қарауды және саналы таңдауды талап етеді. Сайып келгенде, талапкерлер болашақ жұмыс қана емес, сонымен қатар жеке және кәсіби өсу мүмкіндігін беретін мамандықтарды іздеу керек.
София Хайруллақызы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!