Маңдайындағы терді орамалмен сүртіп, айналаға қарады. Әлі алда жүздеген гектар алқап бар. Оның барлығына уақытынан кешікпей, дәнді сеуіп үлгеру керек. Күн қызып кетсе, жерге тастаған дәнің еңбекті ақтамайды. Айналаға бір қарап, сырты киізбен оралған құтыдағы салқын айранды сіміре салып, қайтадан жұмысқа кірісті. Бұл – тракторшы Ализат Хамзаев.
– Інім-ау, қазір бізде бір сәт аялдарға уақыт жоқ қой. Саған сұхбат беру үшін бірнеше сағат бос болып, арқаны кеңге салып, қасыңда отыруым керек шығар, – деді де дән сепкіштің оны-мұнысын тазалай бастады.
– Негізі мен жұмыс істеп жүріп, сөйлей беремін. Дұрысы осы-ау, әрі уақытты үнемдейміз.
Ализат Думанұлының ауылшаруашылығы саласының ыстығына күйіп, суығына тоңып жүргеніне биыл тұп-тура 30 жыл болады екен. Мектеп бітірген жылы асқақ армандарға көз тігіп, үлкен қалада оқуды ойлады. Біраз өзінен кейін өкшесін басып келе жатқан бауырлары мен осы салада жүрген әке-шешесіне бір қарады. «Үлкені мен ғой» деді де, қалаға бет бұрған қатарластарынан қалып, ауылда еңбек етемін деп шешім қабылдады. Мамырда мектеп бітірген ол сол жылы тамызда трактор тізгіндеді.
– Бұдан жаман болмадым. Отбасылы болдым. Кішіге ақыл айтып, үлкеннен бағыт алып келеміз. Әлі де үйренерім көп, айтарым да бар. Маңдай теріңді адалынан төксең, дәрежең де биік. Абыройың да асқақ. Алдымызға мақсат қойып, көктемде рулге отырып, қара күзде бір-ақ түсеміз. Тракторге байланысты қандай жұмыс бар, оның ешбірі маған бөтен емес. Басшылық бөледі, сол бөлініспен кетеміз. Бірақ осыған дейін талай жүлделі болдық, сабантойда марапат мінберіне шыққан кездерім де жетерлік. Шүкір, – дейді Ализат.
Былайғы күндерде кеңседе бір сәт салқындатқыш істемей қалса, қолымызға қағазды алып, желдетіп, әрең шыдап отырамыз ғой. Агросалада маңдайынан тері тамшылап, аптап ыстықта шекені тескен күнге де қарамай, егіс даласында елдің ертеңін ойлап жүретін осындай азаматтарды ойға аласың. Төзім мен шыдам, сабырды қажет ететін саланың маңызына терең үңілген Ализат та әрбір іске жауапкершілікпен қарайтынын аңғартты.
– Қазақ «Көктемнің бір күні – жылға азық» деп бекер айтпаған. Біз осы кезде күріш егудеміз. Алақандай ауылдағы менің жұмысымнан не нәрсе шешілер дейсің деп, жалқаулануға болмайды. Ауыл шаруашылығы – асыраушы сала. Ауылда еккен егінің ертеңгі күні дайын өнім ретінде ақталып, қапталып қай жерде тұратынын білмейсің. Қызылорда күрішімен танымал ғой, осы байтақ республиканың әрбір тұрғынының төрінде сенің ала жаздайғы еңбегің тұрса, бір мәртебе емес пе?! Біз сол елдің кәдесіне асу үшін еңбек етіп жүрміз. Біреуге пайдаң тимесе, не үшін жүрсің?! Маңдайдан аққан әр тамшы, жерге түссе дән болар, – дейді Ализат Думанұлы алысқа көз тастап.
Отыз жылда талай жасқа техниканың тілін үйретіп, ұстаз атанған Ализат өзінің балаларын да осы іске баулып жүр. Бұғанасы қатпай жатып, темір тұлпардың тілін білген балалары кейде өзінен асып кетеді. Онысына қарап, ұнжырғасы түспейді, керісінше, баласының аты озып бара жатса, қуанады. Бұл тәрбие үлкендерден қалған дейді. Әкеден алғанын балаға үйреткен Ализат та осы жолда келеді.
– Қазір балға ұстап, шеге қаға алмайтын толқын өсіп келе жатыр. Иә, оны жасыра алмаймыз. Ер азамат бесаспап болу керек. Тұрмысқа қажетті саланы түртіп алып, үйрене бергені жақсы. Мен оларды еңбекке баулып өсірдім. Қазір шүкір, елдің балаларының алды. Осы біздің қазақтағы «Пәленшенің баласын көрші өзіңдей» деген сөз қате. Баланы кемсіту арқылы емес, арқасынан қағып, қай жері дұрыс, қай жерде кемшін кетті, соның барлығын айтып отырып, соқырға таяқ ұстатқандай етіп тәрбиелеу керек. Баланың санасында саңылау болса, ары қарай алып кетеді. Алып кетпейтін бала жоқ, тек жөнді үйрететін адам болу керек. Қазір балаларыма қай саланы таңдасаң да, жан-тәніңмен кірісіп еңбек қыл, нәтижесі сонда белгілі болады деп айтып отырамын. Қазір жұмысшы мамандыққа да мән беріп жатыр ғой. Еңбектің адалы болса, болғаны. Былғары орындық бәріне бірдей қайдан жетсін?! Қоғамға еңбегің сіңсе, міне, сол – сенің жетістігің, – дейді Ализат Хамзаев.
Көк тракторды тізгіндеген Әлекең жүйткітіп барады. Ара-тұра артқы терезеден дән сепкішке қарап қояды. Ондағы дән тастар саңылау бітеліп қалса, еңбектің де еш кеткені ғой. Үлкен ақ орамалмен маңдайын сүртіп, жан-жақты барлауды да ұмытпайды.
Біз «Егін бітік болсын» деп тілегімізді айтып, жөнімізге кеттік…
Дәулет ҚЫРДАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!