Сенбі, 17 қаңтар, 01:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№4 (2216)
17.01.2026
PDF мұрағаты

Мақсат Халық, META University жоғары бизнес мектебінің директоры,  экономист: Қалауыңызды қарызға алмаңыз

17.01.2026

38 0

Қаржы тақырыбы бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Несие алып үйренген халық қазір қарызсыз өмір сүруді қалайды. Табысты арттыру, қарызсыз өмір сүру көптің арманына айналды десек артық айтқандық емес. Бүгінгі қоғамға қаржылық сауат, жалпы қаржы тақырыбы туралы көбірек ақпарат керек екені сезіледі. Осы орайда, елге белгілі экономист Мақсат Халықпен сұхбат­тасып, көп көкейін­дегі сұрақты қойған едік.

Жастар несие алуға құмар

– Қазір елдің бәрі қаржылық сауат курсын оқығысы келетінін байқаймыз. Бұл уақытша тренд пе, әлде шынымен қаржылық білімге мұқтаждық па?

– Шынында, қоғамда қаржылық білім алу сұранысқа ие.  Меніңше, мұның себебі халықтың қарызға батып қалғанынан болар деп ойлаймын. Әлемде қаржылық сауат мектеп қабырғасынан бастап оқытылады. Нәтижесінде кәмелет жасқа толған жас толыққанды қаржылық сауатты болып шығады. Қарапайым тілмен айтқанда, ақшаны қалай жинауды, қандай депозит тиімді екенін, қандай несие алмау керегін, алаяқтарды қалай анықтауды біліп тұрады. Бізде мұның бәрі оқытылмайды. Сондықтан да бізде бәрін өзі жасап көріп, яғни басынан өткізіп, сол қателігінен сабақ алып жатады. Әрине, бұл өкінішті жағдай. Қазір елде несиеге батқан халықтың саны өте көп. Біз Қазақстанда 10 млн адам еңбекке жарымды деп айтамыз (негізі 10 млн-ға жетпейді), ал 8,5 млн астам адамда несие бар. Ал несие қарызын 90 күннен кешіктірген адам саны 1,5 млн-нан асады. Олардың банктер алдындағы берешегі 1 трлн теңгеден асып жығылады. Бұл  оңай дүние емес. Бұл қоғамда өте үлкен дерттің бар екенін екенін көрсетеді. Бір дабыл қағатыны, қазір жастар несие алуға құмар. Өз қалауын орындау үшін қарызға зат, айфон алып, оны төлей алмай, ата-анасынан жасырып, несие үстіне несиеге батып, қарыздан шыға алмай жатқан жағдай өте көп. Сол себепті қаржылық сауат қоғам үшін өте маңызды.

– Қазақстандағы халықтың қаржылық сауат деңгейін қалай бағалар едіңіз?

– Орташа деп бағалаймын. Біздің елде көбі әбден қарызға батып, содан таяқ жеп, қарыздан құтылу үшін қаржылық сауат туралы курс іздеп, өзін дамытып жатыр деп айтуға болады. Бір жағынан, халықтың табысы да төмен. Сол аз табысты қалай жеткіземін деп қаржылық сауатын арттырып жүр деп айтуға болады.

Табыс көлеміне қарамастан, ақша жинаңыз

– Әлеуметтік желідегі қызылды-жасылды өмір адам­дардың материалдық байлыққа деген тәбетін аша түс­кендей. Яғни, қарызға өмір сүрсе де,  несиеге дүние сатып алу тоқтамай тұр. Әлде басқалай себеп бар ма?

– Менің ойымша, бұл азаматтардың қаржылық сауаты­ның төмендігінен болса керек. Адамдарда қаржылық сауат­тың болмауынан, эмоционалдық шешімдер қабылдайды. Мәселен, айналасындағыларға еліктеп немесе әлеуметтік желіге жүктеген видеоларды тамашалап, «мен де осындай той жасағым келеді», «мен де осындай көлік мінгім келеді» деп несие алып, қалауын орындай бастайды. Бұл іс-әрекеттің барлығы қаржылық сауаттың жоқтығынан дер едім. Себебі қаржылық сауаты бар адам оң-солын біледі, ең бірінші кезекте табысының 10 пайызын жинаққа аударады, қалған табысын негізгі міндеттемелерін төлеуге жұмсайды. Одан кейін ғана демалыс шығындары немесе зат сатып алу деген сияқты қалауына жұмсайды. Ал бізде керісінше, міндеттемелерді бірінші кезекте төлейді, сосын қалауына жұмсайды, ең соңында жинаққа аудару туралы ойланады. Қаржылық сауат туралы айтқанда «ең алдымен өзіңізге жұмсаңыз» дегенді айтамыз. Бұл «жинаңыз» деген сөз. Табыс көлеміңіздің қанша екеніне қарамастан, 10 пайызын жинаққа аударып отырыңыз. Осы қарапайым формуланы үйренген дұрыс. Кім ақша жинай алса, сол адам байиды. Ал қалауын орындау үшін несие ала беру кедейшілікке алып келеді. Әрбір адамның тапқан табысының 50 пайыздан астамы несие төлеуге кетіп отырса, бұл үлкен салмақ деген сөз. Отбасының берекесі кетіп, ұрыс-керістің болуының бір себебі қарыздың көптігінен екені даусыз. Сондықтан ең бірінші қарызды жабуды ойлаңыз және жинаққа аударыңыз. Қарапайым мысал, Гарвард университеті зерттеу жасаған екен. Зерттеу барысында баладан бастап, қарттық кезеңге дейінгі, яғни 70 жыл уақытқа зерттеу жасаған. Зерттеуге қатысқандардың ішінде АҚШ президенті және басқа жоғары қызметі бар адамдар да бар. Зерттеу барысында балалардың алдына кәмпит қояды да, «қазір жемесеңдер, біз мұны екі есеге көбейтеміз» деп айтады. Сонда алдындағы тәттіні шыдамсыздық танытып жеп қойған балалар есейгенде де сәтсіз өмір сүргені зерттеу барысында белгілі болады. Ал енді шыдамдылық танытып, кәмпиттерін екі есеге көбейтіп алған балалар есейгенде де жетістікке жеткен, үлкен кәсіппен айналысқан, лауазымды қызметтер атқарған. Міне, мұның барлығы адамның қажеттіліктер мен қалауды ажырата алуынан басталады. Қажеттілік қайсы, қалау қайсы? Осыны ажырата алу керек. Яғни, біз табысымызды ең бірінші қажеттілікке жұмсаймыз, одан кейін, қаржымыз артылып жатса, қалауымызды аламыз. Негізі қалауымызға арнайы мақсат қойып, ақша жинау керек. Ақша жинау үшін нақты жоспар құрған жөн. Сол кезде өзіңізге қажет дүниені қарызға алмайсыз. Ал өз еңбегіңізбен ақша жинап, қалауыңыздағы затты алу үлкен бақыт сыйлайды, «төбем көкке екі елі жетпей қалды» дегендей сезімде болып, қатты қуанасыз.

– Экономист ретінде қаржылық сауатты болуды көбірек насихаттап жүрсіз. Маман ретінде зерттеу жасап көрдіңіз бе, адамдар көбіне не үшін несие алады?

– Бұл мәселені экономист ретінде зерттеп көрдім. Адамдар несиені екі жағдайда алады. Біріншіден, қаржылық сауаты болмағандықтан, несие пайызы жоғары болып тұрса да ала береді, екінші себебі мұқтаж болғандықтан, яғни табысы күнкөрісіне жетпегендіктен алады. Сарапшы ретінде байқағаным, екінші фактор көбірек кездеседі. Азаматтар қаржылық сауаты жоқтығынан емес, көбіне жетіспеушіліктен несие алады. Сондықтан азаматтардың табысын арттыру керек деген мәселені алға тартқым келеді.

Ақша эмоциялық шешімді жақтырмайды

– Қаржы саласының маманы ретінде несие ал­мауды насихаттайсыз ба, әлде?

– Әрине, мүлдем несие алмау керек деп айт­паймын. Қаржыгер маман ретінде отбасы бюджетіне салмақ түсірмей, кей жағдайда несие алуға болады. Әрине, қарыз алудың да шегі бар. Несие қарызы отбасылық табыстың 30 пайызынан асып кетпеу керек деген ереже бар. Ал асып кетсе, отбасыңызда қаржылық жетіспеушілік туындауы мүмкін. Сол себепті табысты есептеп отыру маңызды. Кейбіреулер бөліп төлеу арқылы бірнеше зат сатып алады. Нәтижесінде бір адамның басында 10 несие болуы мүмкін. Бұл – өте қате шешім. Ал несие туралы айтпасақ та түсінікті. Себебі несие пайызы бізде әлде де жоғары. Әлде де бізде заң 56 пайызға дейін рұқсат береді. Мәселен, 3 жылға 1 млн теңге несие алсаңыз, оны 2,5 млн теңге етіп қайтарасыз. Яғни үстеме етіп қосылған 1,5 млн теңгеге отбасыңызға қажетті зат алсаңыз болар еді. Сондықтан шыдамсыздық таныту, эмоциялық шешімдер қабылдау қарызға батуға алып келеді. Негізі ақша эмоциялық шешімдерді жақтырмайды. Қаражат жұмсауда салқынқанды, ақылға салып шешім қабылдау керек. Бір затты сатып аларда өз-өзіңізге «дәл қазір осы маған керек пе?» деген сұрақ қойыңыз.

– Несиені қандай мақсатқа алған жөн?

– Егер сіздің жүріп тұрған кәсібіңіз болса, оған еселеп қаржы құйсаңыз, кәсіпті одан сайын кеңейтіп, табысыңызды арттыруға болады. Бұған сенімді болсаңыз, яғни кәсібіңізді кеңейтуге несие алу өзін-өзі ақтайды. Сондай-ақ мәселен, мобилограф болып жұмыс істейсіз, несиеге айфон алдыңыз. Яғни бұл құрал қызметіңізді сапалы жүргізуге пайдасын тигізеді. Ал несиеге айфон алып, оны табысыңызды арттыруға қолданбасаңыз, несие өзін-өзі ақтамайды. Сондықтан төлейтін несиені емес, табысыңызды арттыру жағын көбірек ойланыңыз. Бір ғана табысқа қарап отыруға болмайды, қосымша қандай жұмыс істесем болады деп, ізденіңіз. Мұнан соң шығындарыңызды бақылаңыз. Соңғы екі айдағы шығындарыңызды жазыңыз. Сол кезде эмоцияға беріліп, қандай шығынға жол бергеніңізді көресіз. Қарапайым ғана такси қызметтері, ақылы қосымшаларға жазылу, үйге интернет қосып қойып, пайдаланбау, мұның бәрі артық шығын. Кіріс-шығысыңызды есептеу барысында қысқартуға болатынын тізіп, өзіңіз сараптама жасасаңыз, біраз нәрсені үнемдеуге болатынын түсінесіз.

50-30-20 формуласын үйреніңіз

–  Табысты дұрыс бөлу үшін қандай формула ұсынар едіңіз?

– Әлемде табысты дұрыс бөлудің «50-30-20» деп аталатын формула бар. Оның ішінде айлық табысыңыздың 50 пайызын азық-түлікке, негізгі шығындарға жұмсайсыз. 30 пайызды қалауыңызға, 20 пайызын қауіпсіздік қорын құруға, яғни жинаққа саласыз. Әлем бойынша қаржы мамандары табысыңыздың 20 пайызын жинау керегін айтады, біздің елде табыс аз болғандықтан, 10 пайызын жинасаңыз да жетеді деп кеңес беремін. Әрине, 10 пайызын жинау шарт емес, табыс аз болса, 5 пайызын жинауға да болады, ең бастысы, ақша жинауды әдетке айналдыру керек. «Ең бірінші өзіңізге төлеңіз» деген осы. Содан кейін ғана басқа шығындарды реттесеңіз болады. Қарыздан шыға алмай жүрсеңіз де, мүмкіндігінше аз да болса, ақша жинауды әдетке айналдырыңыз. Әрине, бірінші кезекте қарыздан құтылуға, несиені жабуға тырысыңыз. Көбіне соңғы алған несиенің пайызы жоғары болады, соларды жабудан бастаңыз. Ал қарызыңыз болса, оны да  ең аз қарыздан бастап жауып тастауға тырысыңыз.  Әр қарызды қайтарған сайын сізде күш-жігер, сенім пайда болады. Ал қарыздан құтылған кезде жинауды 10 пайызға көбейтіңіз.

– Бізде несие мәдениеті қалыптасқан ба? Несие аларда нені ескерген жөн?

– Бізде несие мәдениеті қалыптаспаған дер едім. Әлемде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерсе, онда несие алу үдерісі азаяды, ал төмендетсе, несие алу көбейеді. Өйткені нарықта төмен пайызбен арзан ақша пайда болады.  Ал бізде соңғы жылдары базалық мөлшерлеме көтеріліп жатса да, несие алу азайып жатқан жоқ. Несие аларда мән беретін негізгі құндылықтар бар. Ең бірінші кезекте несие пайызын анықтау керек. Несие пайызының өзі екіге бөлінеді: бірі – атаулы пайыздық мөлшерлеме, екіншісі – жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеме. Бізде көбіне жарнамада жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемені қарасаңыз, кемі 27 пайыздан басталатыны кіші әріптермен жазылып тұрады. Қазір заңды күшейтіп, мұны үлкейтіп көрсету талабы банктерге қойылып жатыр. Жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеменің ішіне жасырын комиссиялар да кіреді. Мәселен,1 млн теңге несие алсаңыз, 7 пайыз комиссия деп ұстап қалады да, қолыңызға 930 мың теңге береді. Ал пайыздың барлығы 1 млн теңгеге есептеледі. Мұнан бөлек те түрлі комиссиялар бар. Сондықтан несие аларда қай банктің жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемесі төмен екенін зерттеп көру керек. Несие рәсімдеп жатқан кезде тағы бір мән беретін дүние – келісімшартты мұқият оқып шығу керек. Онда не жазылғанын түсініңіз немесе маманнан кеңес сұраған жөн. Келісімшартта кейде мынадай тармақ болады: «Егер инфляцияның жылдық деңгейі 10 пайыздан асып кетсе, банк несие шарттарын қайта қарастыруы мүмкін». Мұндай жағдайда банк сіздің қарызыңызды рұқсатыңызсыз қайта қаржыландыруы мүмкін. Міне, осындай тармақты қарау керек. Келісімшартта қандай комиссия ұсталатыны жазы­лады, соған мән беру керек. Тағы бір ескеретіні, несие аларда банк менеджері «төлемді тең бөліп төлеу немесе аннуитеттік төлем кестесін таңдайсыз ба?» деп сұрайды. Көп адам аннуитеттік төлем кестесін таңдап жатады. Аннуитеттік формада төлемнің көп бөлігі несиенің пайызын жабуға жұмсалады. Сондықтан тең бөліп төлеу, яғни дифференциалдық төлем түрін таңдаған дұрыс.

Сандыққа ақша жинамаңыз

– Аға буын ақшаны сандыққа жинайтын, қазір ақша жинау мәдениеті өзгерді. Қазір артық ақшасы бар адам доллармен немесе алтынмен жинағысы келеді. Немесе депозитке салады. Қайсысы тиімді?

– Ақша жинауға келгенде бұл сұрақ өте маңызды.Қаржылық сауаттың маңыздылығы ақша жинай білуде. Ақшаны сандықта, сейфте ұстауға болмайды. Бұл ақшаның құнын жоғалтады. Кешегі ақша бүгінгі емес, бүгінгі ақша ертеңгі ақша емес деген ұғым бар. Ол – құнсызданған ақша. Жинаған ақша құнын жоғалтпау үшін оны сақтау жолын білу керек. Жиналған ақша көбеймесе де, ең болмағанда құнын сақтап қалғаны маңызды. Ақша инфляциядан құнсызданады. Бір жыл бұрын 1 млн теңгеге сатып алған дүниені дәл қазір сол сомаға ала алмайсыз. Өйткені ол тауардың бағасы өсіп кетті. Ал жинаған ақшаңыз сол күйінде қалып қоймай, көбею керек. Сол үшін жоқ дегенде депозитке салу керек. Тағы бір ескеретіні, бір депозитке емес, бірнеше депозитке дұрыс. Депозиттің сақтандыру қоры 10 млн теңгеге дейін қаржыға кепілдік береді, 5 млн теңгеге дейінгі қаржыны шетелдік валютада ұстауға кепілдік береді. Ал бұдан көп салсаңыз, үстіндегі ақшаңызға кепілдік жоқ. Қарапайым мысал, бір азамат үйін 30 млн теңгеге сатып, қаржысын бір депозитке салды. Банк банкрот болып, банк депозитінің сақтандыру қоры 10 млн теңгесін ғана қайтарып берді, оның өзін бір жыл күтті, қалған ақшасы күйіп кетті. «Жинаған қаржыңызды бір ұяшықта ұстамаңыз деген» қаржы заңдылығы бар. Ақшаны бөліп-бөліп, бірнеше депозитте, бірнеше валютада, бірнеше қаржы құралдары бойынша сақтау керек. Алтын, жылжымайтын мүлік, құнды қағаз ретінде сақтаған дұрыс.

Бүгін жинай алмасаңыз, ертең де жинамайсыз

– Айлығы аз адам ақша жинай ала ма? Негізі ақша жинай білу де өнер сияқты.

– Бізде мынадай қате ой бар. Табыс аз кезде жетпейді деген желеумен ақша жинамаймыз, ақша көбейген кезде шығын да ұлғаяды. Біздің ең үлкен қателігіміз осы. Бәрін қазір жұмсап, қазір сатып алғымыз келеді. Болашақтың қамын ойласақ, ең бірінші өзіңізге төлеңіз, өзіңізге жинақтаңыз, қауіпсіздік қорын құрыңыз. Артық ақшаңыз болса, қайырымдылыққа жұмсаңыз, инвестиция салыңыз, біліміңізге инвестиция салыңыз. Осындай формуламен қаржылық еркіндікке қадам жасай бастайсыз. Бұл жерде негізгі айтпағым, егер ақша жинау әдетін қалыптастыра алмасаңыз, болашақта көп табыс тапсаңыз да ақша жинай алмайсыз. Ақшасы аз кезде жинай алмаған адам, табысы артқанда да жинай алмайды. Табысы аз кезде қайырымдылыққа жұмсай алмаған адам байығында да сараң болады. Сол себепті жақсы әдетті бүгіннен бастаңыз. Ал қарызға белшесінен батқан адамға бірінші кезекте қарыздан құтылуға әрекет еткен жөн. Оның ең үлкен мақсаты – қарыздан құтылу болу керек. Одан кейін жинақ қорына салатын ақша көлемін ұлғайтқан жөн. Тамшыдан теңіз құралатынын ұмытпаңыз.

– Соңғы кездері акция сатып алуға да қызығушылық артқаны байқалады. Бұл орайда табысы орташа адамдарға қандай кеңес айтар едіңіз?

– Ақша жинаудың тағы бір тамаша жолы депозиттен бөлек, қаржы жинау құралдарын білуі. Табысыңыз аз болса да мұны бастап көруге болады. Бір ескеретіні бұл қаржы құралдарына салатын ақшаңыз сізге қысқа мерзімде қажет болмағаны маңызды. Екі-үш жылда бұл жаққа салған ақшаңыз көбейеді. Алтын алып қойсаңыз да тиімді. Екі-үш жылда алтынның да кірісі ұлғаяды. Алтын – ұзақ мерзімді тұрақты валюта екенін дәлелдеген қазына. Жинақтарыңызды түрлендіріп сақтаңыз. Бір бөлігіне алтын алып қойыңыз, бір бөлігін депозитке салыңыз, енді бір бөлігіне акция алыңыз. Тағы бір маңыздысы, күн сайын кіріс-шығысыңызды есептеп, жазып отырыңыз. Аз табысыңыздың өзін қалай жұмсадыңыз, қай жерде артық жұмсадыңыз, қай кезде ойланбай зат сатып алдыңыз, соның барлығын ай сайын сараптап отырыңыз. Бұл өзіңізге қаржылық жоспар жасауға, артық шығынды қысқартуға көмектеседі.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: