Сейсенбі, 04 ақпан, 12:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№9,2122
04.02.2025
PDF мұрағаты

Мен көрген шетел

04.02.2025

10 0

«Кеткім келеді» болмаса «мен не істеп жүрмін?» деген ой жастар түгілі орта буынның да мазасын алатын сұраққа айналған-ды. Экономикалық жағдай мен қарыз құрсауында қалған қоғамның мұндай күй кешуі заңды да сияқты. Философтар айтып жүрген «қуыс кеуде» заманы расқа айналғандай. Әлеуметтік желіде де сән салтанатты өмірді қолдан жасап, жарысып әлек боламыз. Тірліктен мән таппай, мақсатымыздан адасып, қоғамнан қалып бара жатқандай күй кешеміз. Дәл осылай мен де шетел асып кете барған едім.

Ауылдан әрі аспаған маған ұшақтан түсе сала бітелген сананың шеті жарқырап көрінгендей болды. Әлем – үлкен, ғалам – кең. Бұл түсінікті білу бөлек, ал сезіну тым басқа. Жылдан-жылға елден кетіп несібесін шеттен тауып жүргендер көбейіп жатқандай көрінді. Таныса кетсең дәрігер, құрылысшы, мұғаліммін дейді. Бәрі де өз Отанында бір-бір саланың майталман мамандары. Сыртқы істер министрлігінің дерегі бойынша өткен жылдың басында-ақ 191 мың қазақстандық елден жыраққа жұмыс істеуге кеткен. Оның ішінде Оңтүстік Корея, Польша, Германия сияқты мемлекеттерге ат басын бұрғандар көп.

Ұлыбритания – әрбір құрақ жерін кәдеге жаратып, егін салып отырған экономикасы тұрақты ел. Бұлай деу себебім, ұшақтан төмен қарағанда сынық сүйем бос жер жоқ. Қазақтың құрақ көрпешесі секілді жап-жасыл төсеніш жайғандай әсер қалдырды. Содан такси қызметін пайдаланып, шөп-шалаң өсіретін фермаға жұмысқа келдім. Дұрыс тамақтану дегенде көз алдымызға келетін көкөніс пен жапырақтар ағылшындардың сүйіп тұтынатын асы екен. Жылына 20-30 мыңға жуық шетел азаматын жұмысқа қабылдайтын кішігірім қалашықта әр түрлі ұлт өкілдері бейбіт тірлік кешіп жатыр. Еліндегі соғыс зардабынан босып кеткен Украина азаматтары, румын, қырғыз, тәжік, өзбек те осында.

– Елімізде дүрбелең басталмай тұрып, шекара асып кеткенмін. Қазір елде қалған әкем мен інім майдан даласында. Отбасыма қаржылай көмектесу үшін осын­дамын. Сендер бақыттысыңдар, – деді мұңын шағып Украина азаматы Олег. – Қай кезде кетем десең де ойланбай қайта бересің. Қазір бізге елге кіру қауіпті болып тұр, – дейді ол.

Ағылшындарды әлемдегі сыпайы халық ретінде білеміз. Көшеде абайсызда қағып кетсең, кінәлі болмаса да басқаға келеңсіздік тудырғаны үшін кешірім сұрайтыны тағы бар. Мәдениетін тереңге жайған кәрі құрлық өкілдерінің мұндай мейірім танытуы ұлттық ерекшелік пен тәрбиенің бір тармағы деуге болатындай. Әрдайым күліп жүретін оларға «sorry» сөзі әдет болып қалған.

«Еуропа қартайып жатыр» деген мәселе оқтын-оқтын айтылатынын естіген едік. Сол рас болғандай ма, ағылшындардың көп баламен көшеде серуендеп жүргенін сирек көрдік, тіпті жоқтың қасы. Идеал отбасын ұл мен қыз және ит деп санайтындай көрінді. Олардың салпанқұлақтарға мейірімі де ерекше. Қазақтың ата-әжелері немересін ойнатып жүрсе, ағылшын үлкендері көбіне ит сүйреп жүреді. Ит, күшікке арналған дүкендер, сауда орындарында адам досының қажеттіліктерін сатып алу үшін бөлек орын тағы бар. Біздің ферма Ұлыбританияның Или қаласына жақын орналасқан.  Халық саны шамамен 20 мыңнан асатын бұл қалада елдегідей кішігірім азық-түлік дүкені емес, бес-алты үлкен сауда орны бар. Тұрғындар бір апталық азығын толтырып сатып алады. Салыстыру үшін айта кетейін, нан бағасы 800-1000 теңге, ал 1 келі жуа 300-500 теңге, картоптың келісі – 500-700 теңге көлемінде.

Әлеуметтік желіде шетел асқан азаматтарды жерден алып, жерге салып жататынын көреміз. Уәжі сол, «өз еліңде ұлтан болмен» аяқталады. Ал заманында Абайдың «жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел, малың болса, сыйламай тұра алмас ел» деген өлең жолдарына қарасақ та, ер азаматтың несібесі үйде емес түзде, қала берді, елде емес шетте екенін аңғарамыз.

1960 жылдары корейлер Германияға жастарды жұмысқа жіберуге келісіпті. Кәрістің 20 мыңға жуық ұл-қызы шахтада, денсаулық сақтау саласында қызмет істеген. Сол уақытта Германияда жұмыс күшінің тапшылығы сезілген еді. Осы жылдары Оңтүстік Корея экономикасы төмен деңгейде еді. Кейін жұмысқа барған корейдің мигрант жастары өз Отанына қаржылай аударымдар жасап, қазынаны толтыруға үлес қоса бастаған. Жұмысшы жастар шетелдің технологиясы мен мәдениетін үйреніп, елдің индустрияландыру процесіне оң әсерін тигізген. Қазір Оңтүстік Корея әлем елдерін көлік өндірісімен қамтамасыз етіп, дамыған экономикасымен алдыңғы қатарға шықты. Дәл осындай ақпарат айтылғанда ең бірінші көз алдымызға Өзбекстан азаматтары келетіні жасырын емес. Өткен жылы өзбек ағайындардың шетелден кірген ақша аударымдарының көлемі 35 пайызға өсіп, 12 млрд долларға жуықтаған екен.

Қорыта айтқанда, шетелде жұмыс істеу өзің үшін де, ел үшін де пайдалы деуге болатындай. Ақылыңды ауылдан асырып, өзіңнен басқа елдің тұрмыс тіршілігімен танысуға, мәдениет алмасуға, тәжірибе бөлісуге біршама сеп. Ал ел үшін дегеніміз экономикамызға тамшыдай болса да үлес. Түптеп келгенде, көңіл көкжиегін кеңейтеді. «Ауылдан шықпағанның ойы ауласынан аспайды» деген қазақ түсінігі үшін бұл өте үлкен ұғым.

Думан КЕҢШІЛІК    

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: