Метапневмовирус (Human Metapneumovirus, HMPV) – тыныс алу жолдарының ауруларын қоздыратын, қауіпті әрі аз зерттелген вирус. Бұл вирус алғаш рет
2001 жылы анықталғанымен, денсаулық сақтау саласының басты назарында. Әсіресе, бұл вирус балалар, қарт адамдар және иммунитеті әлсіреген азаматтар үшін үлкен қауіп төндіреді.
Соңғы деректерге сүйенсек, Қытайда респираторлық инфекциялардың таралуы күшейіп келеді. «China Daily» сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, Қытайдың солтүстік провинцияларында тыныс алу жолдарының аурулары 2024 жылдың желтоқсан айының соңында белсенді тіркеле бастаған. Алайда Қытайдың «Аурулардың алдын алу және бақылау басқармасы» хабарлауынша, 2025 жылдың қаңтар айының басында маусымдық вирустардың ішінен үш негізгі вирус ерекше назар аударды: тұмау вирусы, риновирус және адамның метапневмовирусы (hMPV). «РБК» сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, Қытайда 14 жасқа дейінгі балалар арасында метапневмовируспен ауыру жағдайлары жиілеп барады. Әсіресе, бұл жағдай солтүстік аймақтарда айқын байқалады. Сарапшылар вирустың тез таралуын, ауыр салдарларын және оны диагностикалаудың қиындығын ерекше атап өтуде.
Ungeneva.org сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, адамның метапневмовирусы (hMPV) респираторлық вирустарының таралуы жаңа немесе аса үлкен қауіпті емес. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) ресми өкілі Маргарет Харрис Женевада журналистермен кездесу барысында мәлімдеді. Маргарет Харристің айтуынша, Қытайда тыныс алу жолдары инфекцияларының көбеюі маусымдық түрге сәйкес келеді. Елдің ауруларды бақылау және алдын алу орталығының деректері бойынша, тұмау әлі де ең жиі таралған ауру болып қала береді. ДДСҰ өкілі сондай-ақ респираторлық инфекциялардың таралуы қысқы маусымға тән қалыпты деңгейде екенін атап өтті.
Метапневмовирус тыныс алу жолдарының ауруларын тудыратын, аз зерттелген вирустардың бірі. Интернетте жарияланған ақпаратқа сүйенсек, метапневмовирус ауа арқылы таралып, дені сау адамдарда жеңіл симптомдар тудырғанымен, кей жағдайларда ауру ауыр асқынулармен өтеді. Вирус белгілері тұмауға ұқсас келеді. Олар: дене қызуының көтерілуі, жөтел, мұрыннан су ағу, әлсіздік және кейде тыныс алудың қиындауы. Кішкентай балалар мен қарттарда ауыр жағдайлар туындауы мүмкін. Бұл вирус маусымдық сипатқа ие және көбінесе қыста және көктемде белсенді болады. Әлем бойынша тыныс алу жолдарының инфекцияларының айтарлықтай бөлігі осы вируспен байланысты.
Елімізде жағдай тұрақты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда алаңдаушылық тудырған метапневмовирусқа қатысты өз ойын айтты.
– Қазір бәрі жаңа инфекция туралы айтып жатыр. Меніңше, одан даңғаза жасаудың қажеті жоқ. Сондықтан Қытаймен ынтымақтастықты одан әрі дамытуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстанда метапневмовирусқа байланысты карантин енгізу қажеттілігі жоқ. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басшысы Айжан Есмағамбетова орталықтың «Facebook» парақшасында жарияланған видеода мәлімдеді.
– Қазіргі эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Біз эпидемиологиялық маусымның қызған шағында тұрмыз. Егер өткен жылдың эпидмаусымын осы жылмен салыстырсақ, аурушаңдық 20%-ға төмен екенін көреміз. Қаңтар айында аурудың өсуі байқалады, алайда бұл әдетте ақпанның ортасына қарай төмендейді. Қазіргі уақытта карантин немесе шектеу шараларын енгізуге ешқандай негіз жоқ, – дейді Есмағамбетова.
Сонымен қатар Ұлттық орталық басшысы азаматтарды аурудың алдын алу шараларын сақтауға шақырды. Қолды жиі жуып, қоғамдық орындарда маска тағу, сондай-ақ денсаулықты бақылап отыру – респираторлық аурулардың таралуын болдырмаудың ең тиімді тәсілдері болып қала бермек.
Айжан Есмағамбетованың айтуынша, қазіргі жағдай алаңдаушылық туғызбайды, алайда санитарлық нормаларды сақтау маусымдық аурулармен күресте маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар еліміздің білім беру саласы метапневмовирусқа қатысты кез келген жағдайға дайын екенін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкіметте өткен брифингте журналистердің сұрақтарына жауап беру барысында мәлімдеді.
– Еліміздің білім беру жүйесі түрлі сын-қатерлерге жоғары дайындық деңгейін көрсетіп отыр. Бұл 2020 жылғы пандемия кезінде жинақталған тәжірибе. Сондықтан барлық колледждер мен мектептер қазіргі жағдайға дайындық үшін қажетті барлық құралдармен толық қамтамасыз етілген. Алайда бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігінің шешімін күту қажет деп ойлаймын, – деп мәлімдеді ол.
Қазіргі таңда вирусқа қарсы арнайы дәрі-дәрмектер мен вакцина жоқ. Дәрігерлер көбінесе симптоматикалық ем тағайындайды: дене қызуын түсіру, тыныс алуды жеңілдететін ингаляциялар және қақырық түсіретін препараттар. Алайда вирустың алдын алуға болады. Ол үшін гигиена ережелерін қатаң сақтау, қолды жиі жуу, адамдар көп жиналатын орындарда маска тағу және ауырған адамдармен байланысуды шектеу ұсынылады.
София Хайруллақызы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!