«Qyzylorda» телеарнасындағы «Қайырлы күн Қызылорда!» – көрермен көңілінен шыққан бағдарламалардың бірі. Әсіресе жаңа есімдерді танытуымен ерекше. Кәсіби мерекеде бағдарлама тізгінін ұстаған Әйгерім Нажмадинмен сұхбаттастық.
− Қазіргі таңда сіз «Қайырлы күн Қызылорда!» бағдарламасын жүргізіп келесіз, бұл бағдарлама сізге несімен ерекше?
− «Қайырлы күн Қызылорда!» – ақпараттық танымдық сазды бағдарлама. Аптасына 5 рет шығады. Бағдарламада ақпараттық танымдық тақырыпта өзекті мәселелер талқыланып, кейіпкерлермен сұхбаттасамыз. Түрлі салада еңбек етіп жүрген жаңа есімдерді таныстыру, өнер адамдарымен сұхбат құру – бағдарламаның бір ерекшелігі. Соңғы кезде жастардың арасында роботехника, жасанды интелектіні дамытып жүрген оқушылар, студенттер және жас мамандардың қатары көбейіп келеді. Оларды осы бағдарлама арқылы елге насихаттау мақсатында халыққа көрсетіп келеміз. Бағдарлама мен үшін осынысымен ерекше.
− Бұған дейін газет тілшісі болып еңбек еттіңіз. Эфирге шығу қиын болмады ма?
− Осы уақытқа дейін республикалық қоғамдық-саяси «Халық» газетінде жұмыс істедім. 2 курстан бастап газет редакциясында, облыстық радиода жұмыс істедім. Жалпы кез келген журналист алғашқы еңбек жолын газеттен бастағаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені газет – шығармашылықты шыңдайтын мектеп. Нұрлан Көбегенұлы мен Нұржан Нұрмағанбетов – журналистика саласындағы ұстаздарым. Себебі қанатымды қомдауға, шеберлігімді шыңдауға, қоғамда болып жатқан оқиғаларға сын көзбен қарауға үйретті. Егер журналисте қырағы, сыни көзқарас болмаса, оның қоғамда орны болмайды деп ойлаймын. Өйткені кез келген журналист өзекті мәселелер мен түрлі ақпараттардың, оларды жіктеуге өзіндік ойы мен сыни көзқарасы болуы керек.
Газеттен телеарнаға ауысу мен үшін аса қиын болған жоқ. Себебі тележүргізуші болу бала күннен арманым еді. Бала күнімде талай айна алдында диктор болғанымның да көмегі көп болды. Оның үстіне жаңа технология дамыған уақытта әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шығу телевизияға дейінгі дайындық болды десем артық айтқандық емес.
− Алғаш экранға шығатын сәтте қандай сезімде болдыңыз?
− Эфирге шығарда кез-келген адамда толқу, қобалжу болады, екіншіден, камераның мысы басады. Әрине, уақыт өте келе қобалжу басылды. Дегенменде әр эфир үлкен жауапкершілік, ізденіс, дайындықты қажет етеді.
− Жұмыс барысындағы қызықты сәттер…
− Теларнаға келгеніме әлі бір жыл толмаса да, қызықты сәттер аз емес. Мәселен, суырып салма айтыскер ақындармен сұхбаттасқанда тосыннан сөз табу, тығырықтан шығып кету сияқты қасиет, қабілет керек екен. Яғни әр кейіпкермен сұхбаттасу өзінше қызық. Бірде бағдарламаға ешкі бағатын кәсіпкер әйелді шақырдым. Ол студияға кубокпен келді. Содан эфир басталып, әңгімелесіп отырғанда көзім кубокка түсіп кетті. Сосын «кешіріңіз, сөз арасында сұрай кетейін, студиямызға кубок алып келген екенсіз, бұл қандай кубок? Қандай байқаудан алдыңыз?» деп сұрақ қойғанымда, кәсіпкер «бұл менің ешкілерімнің халықаралық конкурстан жеңіп алған кубогы» деген сәтте, тікелей эфирде «Өлә, қандай конкурс?» деп қалып, эмоциямды жасыра алмай күліп жібердім. Тікелей эфирдегі бұл қылығыма өзімнің күлкім келді, алайда өзімді тез жинап алдым. Сөйтсем кәсіпкер халықаралық конкурсқа қатысқан екен. Сол конкурста асыл тұқымды ешкілердің салмағы, күніне қанша литр сүт беретіні сараланып, орын алады екен. Айта берсек, қызықты сәттер көп. Негізі эфир барысында қателік кететін сәттер болады. Эмоцияға беріліп кетеміз. Бірақ кейін сол қателіктерді түзеуге тырысамыз.
− Әлеуметтік желіде де белсендісіз. Бұл заманның талабы ма, әлде мамандықтағы қажеттілік пе?!
− Әлеуметтік желі өмірімнің бір бөлшегіне айналды десем болады. Мен көбінесе Facebook пен Instagram қолданамын. «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшама қысқа-нұсқа пост салып тұрамын. Кейде қоғамдағы өзекті мәселені әзіл арқылы жеткіземін. Жалпы менің жазбамның 90 пайызы – әзіл-шыны аралас. Әлеуметтік желідегі белсенділікті мамандықтағы қажеттілік деп айта алмаймын. Себебі әлеуметтік желіде белсенді болмаса да өз жұмысына бесаспап әріптестерім аз емес. Бірақ өз басым әлеуметтік желісіз жұмысымды елестете алмаймын.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Нәзира МҰҚАТАЕВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!