Жұма, 27 желтоқсан, 16:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ойынның табысынан бұрын оның пайдасы мен зиянын ойлау керек

25.10.2024

498 0

Цифрлық технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан кезеңде Сыр өңірі ойын индустриясын дамытуға ден қойып келеді. Өңірде ойын бағдарламасын жасап жүрген талантты мамандар бар. Солардың ішінде «Game Dev» саласының сарапшысы ерекше көзге түседі. 3D модельдеу және ойын әзірлеудегі көп жылдық тәжірибесі бар Бағдат Қадырбеков шытырман оқиғалы ойындар арқылы ұлт болмысын танытып жүр. Сала сарапшысы, «Сыр үміті» жастар сыйлығының иегері, Бағдат Қадырбековпен жақында сұхбаттасудың сәті түсті.
– Жалпы ойын индустриясы елімізде аса қатты дами қоймағаны белгілі. «Game Dev» саласына қалай келдіңіз?
– Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің информатика, жаратылыстану ғылымдарының магистратурасын тәмәмдадым. IT саласында 3D модельдеумен айналысып, зерттеп келемін, кәсіби тілмен айтқанда 3D artist. Ал «Game Dev» бағыты осы саланың бір бөлігі болған соң, оны да зерттеп, осы арқылы балалық шағымдағы армандарымның бірі қазақтың ежелгі қалаларына виртуалды саяхаттауға мүмкіндік жасадым.
– Біраз жоба жасап жүрсіз. Соның ішінде өзіңіз ерекше атап айтатыны бар ма?
– Жобалардың арасында өзім қызығып әзірлеген, маман ретінде өсуіме де жол ашқан, жаныма жақыны – «Ежелгі Жанкент қаласына виртуалды саяхат» жобасы. Бұл – студент кезімде, 3D модельдеу бағытын үйрену жолында жасалған алғашқы жобам. Яғни, Ежелгі Жанкент қаласына виртуалды көзілдірік арқылы шынайы түрде серуендегендей әсерде боласыз. Қазір ресейлік онлайн білім жетілдіру курсын оқып жатырмын. Курсқа қатысушылармен бірге ежелгі қалалардың модельдерін жасаудамыз. Ал біткен істің бірі – Анаға тағзым орталығында «Қазақ елінің Ұлы аналары» картинасының (AR) мобильді қосымшасы. Бұл мобильді қосымша картина бетіндегі тұлғаларды қозғалту арқылы толық ақпарат береді.
– Ойындардың дизайны мен механикасын жасауда қандай талаптарға сүйенесіз?
– Жалпы ойын дизайны стильге байланысты, яғни шынайы өмірдегідей ойындар, стилистикалық – әртүрлі фантастикалық, мультфильмдік ойындар. Ал ойын механикасы экшн, симулятор, стратегия т.б жанрдың таңдалуына байланысты.
– Сіздің ойыңызша, қазіргі уақытта қандай ойындар трендте? Ойынның жастар тәрбиесіне әсері қандай?
– Трендтен түспейтін ойын түрлері бар, олар: FIFA, DOTA, CS. Бұл біздің бала кезден, мүмкін, оданда бұрын келе жатқан ойын түрлері, мұны ойнамаған адам жоқ шығар. Ал ғұмыры қысқа ойын көп, өкінішке қарай, оның арасында жасөспірімдерді теріс жолға тәрбиелейтін ойындар да баршылық. Өзім білім саласында жұмыс істегендіктен ойынның мазмұнына мән беремін. Ал шәкірттермізді ұлттық дәстүрімізді дамытуға, таныстыруға арналған ойындар жасауға немесе элементтер қосуға бағыттаймын.
– Ойын жасауда қандай қиындықтар бар?
– Білікті мамандар аз. IT мамандардың басқа қалаға, тіпті басқа елге кетуі қынжылтады. Жұмыс сапалы болу үшін сапалы маман, сапалы жұмыс жүйесі, жақсы жалақы болуы керек. Бұл – IT саласындағы өзекті мәселе.
– Ойын жасаудың қандай кезеңі ең маңызды деп санайсыз?
– Ойын жасауда әр кезең маңызды, тіпті қарапайым дыбыс, мәтін жазу, оның құжатын жасау да өзекті. Ал аса маңыздысы, әрине, жұмыс барысында топтық қызығушылық пен мотивацияны жоғалтып алмау, себебі қандай да жұмыс болмасын әртүрлі факторлар пайда болады, барлық жоба нәтижелі бола бермейді, кейде адами да, техникалық та сынақтар болады.
– Қазіргі таңда барлық салаға дерлік жасанды интеллект белсенді түрде енуде. Жасанды интеллекттің «Game Dev» саласына әсер етеді ме?
– Әрине, жақсы жағына әсерін тигізуде. ЖИ-ді мақсатты түрде қолданса, көп жұмысты жеңілдетіп, уақыт үнемдеп, кей мәселелерді шешуде мол мүмкіндіктер бере алатын жақсы құрал. Қазіргі таңда Game Dev бағытында ЖИ өте керемет өзгерістер жасауда, кез келген ойынды шынайы бейнелеуге, графикалық сапаны күшейтуге де өз септігін тигізуде.
– Сіз үшін ең маңыздысы қайсы: ойынның сапасы, әлде табысы?
– Ойынның табысынан бұрын оның пайдасы мен зиянын ойлау керек. Жастардың тәрбиесіне кері әсерін тигізетін ойыннан түскен табыстың еш қайыры болмайды. Адал және жақсы пайдаға көзделген жұмыстан түскен табыстың аз да болса берекесі болады деп ойлаймын. Асыл дінімізде «Жұмысшының ақысын маңдай тері кеппей тұрып беру керек» деген бар, сапа мен табыс деңгейі бірдей болуы тиіс, себебі жұмыс сапасы болуы үшін оның еңбекақысы да уақытылы болуы керек. Әлемде көптеген ірі әрі табысты компаниялардың қызметкерлеріне деген қарым-қатынасы жоғары болғандықтан жұмыс сапасы да жақсы нәтиже береді.
– IT саласын таңдаған жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Уақытты тиімді пайдалану керек. Білім алу қиын, түсініксіз, қызықсыз болуы мүмкін, бірақ соның бәрін жеңе біліп, бос уақытты тиімді пайдаланса, болашақта сол еңбегінің нәтижесі де жақсы болады. Жан қинауға жаны қас, жатып ішуге әуес жалқаулардың қатарын толықтырмай, еңбектену керек, еңбек бәрін жеңбек.
– Сұхбатыңызға рақмет!


Әңгімелескен
София Хайруллақызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: