Бейсенбі, 26 желтоқсан, 21:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Олимп шыңындағы тарих

30.07.2024

178 0

Суре: kaz.tengrinews.kz

Парижде өтіп жатқан байрақты бәсеке ел назарында. Олимпиаданың алғашқы күнінен-ақ мерей өсіп, көңіл көтерілді. Алғаш қадамды нысана көздеуден ұлттық құрама қола жүлдемен басталса, кейін ел намысын жықпаған Елдос Сметов алтыннан алқа тақты. Сәті түскенде төрткүл дүние көз тіккен сайыстың алғашқы нәтижесіне шолу жасайық.

Олимпиаданың бірінші жарыс күні түрлі эмоция сыйлағаны сөзсіз. Алдымен сәтсіз нәтиже көрсеткен отандастарымыздан бастасақ. Академиялық ескек есуден ерлер арасындағы іріктеу сайысында отандасымыз Владислав Яковлев мәреге 5-ші болып жетті. Оның уақыт көрсеткіші – 7:21.56 секунд. Велоспорттан жекелей сындағы уақытқа жарыста ұлттық құрама спортшысы Евгений Федоров 21-сатыдан көрінді. Оның уақыт көрсеткіші – 38:33.98 секунд. Ал Қазақстандық теннисші Александр Бублик Париж Олимпиадасында Тейлор Фрицке (АҚШ) есе жіберіп, жекелей сынды аяқтады.

Спорттық гимнастика сайысы бойынша да жағдай мәз емес. Милад Карими мен Нариман Құрбанов іріктеу кезеңінде өнер көрсетті. Ат жаттығуында Нариман Құрбанов – 15.000 ұпай (5-орын), Милад Карими – 13,266 ұпай (30- орын) жинады. Милад Карими еркін жаттығуды 7-орынмен (14.433 ұпай), көпсайысты 15-орынмен (14.433 ұпай) аяқтаса, қос шығыршықта 21-орынға (14.366 ұпай) табан тіреді. Ал шығыршықта 36-орыннан (13.000 ұпай), керме жаттығуында 12.700 ұпаймен 40-орыннан көрінді.

Жасыратыны жоқ, алғашқы медаль ел күтпеген спорт түрінен бұйырды. Ол – пневматикалық тапаншамен 10 метрден нысана көздеу. Жарыс кезінде ерлер арасындағы іріктеуде Никита Чирюкин 15-сатыға тұрақтап, финалға шыға алмаса, әйелдер арасындағы іріктеуде Ирина Юнусметова 574 ұпаймен 11-сатыға табан тіреген болатын. Кенет Алғаш рет олимпия ойындарына қатысып тұрған Ислам Сатпаев пен Александр Ле жұбы Германия құрамасынан басым түсіп, «қоланы» қоржынға салды. Айта кетейік, мергендер ертеректе іріктеуде 630.1 ұпай жинаған. Ислам мен Александра дуэті – былтыр Ханчжоуда өткен жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері. Биылғы додада да нәтижені қайталады десе болатындай.

Бірінші күнде-ақ спортшылардың жеңісті жолы жалғасын тапты. Үкілеп қосқан үмітіміз – Елдос Сметов дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы болып, тарихта қалды. 60 келі салмақта белдескен Қазақстан спортшысы финалда кілем қожайыны франциялық Лука Мхелидзені жеңіп, спорттық мансабындағы үшінші Олимпиадасында алтын жүлдеге қол жеткізді.

– Мүмкін емес нәрсе жоқ. Соған көзім жетті. Егер ниет болса, бәрін де жеңуге болады. Бәрі де қолдан келеді екен. Жақсылық Үшкемпіров атамыздың арманы орындалып, жекпе-жек түрлерінен қазақтан Олимпиада чемпионы шықты. Өте қуаныштымын! Өзімнің үшінші мүмкіндігімде чемпион атандым. Бұған дейін күмісті де, қоланы да алдым. Әлем чемпионы атандым. Халқымды қуантудан артық бақыт жоқ», – деді Елдос Сметов.

Кейін БАҚ пен әлеуметтік желіде Елдосқа ыстық ықылас, ізгі тілек арылған жоқ. Тіпті Мемлекет басшысының ұялы байланыс арқылы құттықтаған сәті желіде кең тарады. Сондай-ақ спортшыға қолдау білдірген Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкиннің ағалық ақылы да елді сүйсінтті.

 «Елдос бұл медальға қол жеткізу үшін үш олимпиадалық циклді артта қалдырып, өзінің нағыз чемпиондық мінезін көрсетті! Бұл алтынды Елдос алмағанда, кім алады?! Ұлттық Олимпиадалық комитет атынан Елдос пен оның бапкері Ғалымжан Жылгелдиевті Париж Олимпиадасындағы алтын медальмен құттықтаймын! Елдостың жеңісті бастамасы ұлттық құрама үшін жалғасын таба берсін! Алға, Қазақстан!» – деді Геннадий Головкин.

 Дзюдо жетістігі мұнымен шектелмеді. Отандасымыз Ғұсман Қырғызбаев жартылай финалда 24 жастағы бразилиялық дзюдошы Виллиан Лимадан ұтылып қалған болатын. Кейін қола медаль үшін белдесуде сербиялық татами шеберінен айласын асырып, қола жүлдегер атанды.

Есте болса, спортшы алғашқы айналымда испаниялық татами шебері Давид Гарсия Торнемен белдесіп, қарсыласын жарыс жолынан тайдырса, екінші белдесуінде Олимпиада ойындарының екі дүркін жеңімпазы Оңтүстік Корея өкілі Ан Баулдан айласын асырып, ширек финалға шықты.

«Жартылай финалдағы қарсыласымды да жеңуге болатын еді. Оның алдындағы үш белдесуімде кішкене шаршап қалдым. Не де болса еліме жүлде сыйладым. Бұдан артық бақыт бар ма?! Соңғы қарсыласым да оңай болған жоқ, Менен бойы да ұзындау екен. Осыған дейін осы балуандардан ұтылған кезім болған. Бүгін Олимпиада ойындарында есемді қайтардым. Медальға қол жеткіздім. Елімізге Париж Олимпиадасының үшінші жүлдесін сыйлағаныма қуаныштымын. Маған кеше чемпион болған Елдос батырымыз да қолдау көрсетіп отырды. Басқа да жанкүйер болған барлық отандастарыма алғыс айтамын», – деді Ғұсман Қырғызбаев.

Расында, Елдостың «алтыны» елдегі айтулы жаңалыққа айналғалы оның отбасы мен сыйақысы туралы тақырып көп қозғалды. Әсіресе, «Үкімет жеңімпазға не береді?» деген сауал әліден көтерілуде. Содан болар, БАҚ-та заңнамаға сәйкес жүлдегерлерге берілетін қаржы сомасы жарияланды. Онда Олимпиада чемпионы 250 мың доллар (118 миллион теңгеден астам) алса, күміс жүлдегерлер 150 мың доллар (71 миллион теңге), қола жүлдегерлер 75 мың доллар (35 миллион теңгеден астам) алады деп көрсетілген. Сондай-ақ 4, 5 және 6-орынға сәйкесінше 30, 10 және 5 мың доллар көлемінде сыйақы қарастырылыпты.

Жарыс жолында күтпеген жеңілістер де орын алды. Бокстан Қазақстан командасының капитаны Асланбек Шымбергенов алғашқы жекпе-жекте ұтылып қалды. 71 келі салмақта алғашқы жекпе-жегін өткізген Шымбергенов иорданиялық Зеяд Ишаишке жол берді.

 Асланбектің қарсыласы бірінші раундтан бастап бірінші нөмірмен жұдырықтасуға ұмтылды. Отандасымыз қорғана жүріп, қарсыласының қателігін ұтымды пайдаланумен болды. Кәсіби қимылын байқаған төрешілер бірінші раундта Асланбекті басым түсті деп баға берген еді. Екінші раундта да осы есеп сақталды. Ал үшінші раундта қарсылас белсенді қимылдап, жеңіске жетті. Осылайша, бокстан Қазақстан командасының бір мүшесі жарысты аяқтады.

Жұдырықтасудан кейін бас бапкері Мырзағали Айтжанов команда капитаны Асланбек Шымбергеновтің жеңілісіне қатысты пікір білдірген болатын. Ол бәсекенің әділ өткенін меңзеп, сәттілік жетіспегенін білдірді.

«Қарсылас оңай емес. Оның алдында да бір-екі рет кездескен. Қарсыласын тоқтата алмады. Жеңісті 3:2 есебімен бізге де, қарсыласқа да беруге болады. Төрешілер ұпайдан қысты дей алмаймын. Жеңіске деген құштарлығы басым болғасын, иорданиялық спортшыға берді деп ойлаймын. Бұл – Олимпиада, сол үшін бәріне дайын болу керек», – деді М.Айтжанов.

Ел назарын аударған өкінішті сәт – дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Абиба Әбужақынова қола медаль үшін күресте жеңілуі. Әбиба Әбужақынова бірінші белдесуінде Израиль балуаны Сара Ришониді Waza-Ari ұпайымен жеңсе, екінші кезеңде Тайпей спортшысы Чен-Хао Линнің жауырынын 17 секундта жер иіскетті. Өкінішке қарай, ол Олимпиада ойындарының үшінші айналымында қарсыласына жол берген болатын. Ол қола жүлде үшін өткен матчта швециялық Тара Бабулфаттан жеңіліп қалды.

Намысқа тырысқан қазақ қызының әрекеті қалың көпті елжіретіп, әлеуметтік желіде қолдау білдіру күшейді. Спортшының әлеуметтік желіде жариялаған постына жарты тәулікте 10 мыңға жуық пікір жазылған екен.

Спортшының өзі қоладан қапы қалғанына налып, былайша пікір білдірген. «Жарақат болса да шыдайтын едім, сол қателік… Қарсыласым швециялық Тара Бабулфат өте қолайсыз, тиімсіз. Әдіс жасатпайды, лақтыра алмайсың. Қаншама әрекет жасадым, бәрібір өзінікін істеді. Қарсылас біліп тұр, сол үшін аяқтан теуіп тұрды. Өкінішке қарай, жүлдеге қол жеткізе алмадым. Барымды салдым. Бірақ жүлдесіз қалдым, үміттеріңізді ақтай алмадым, кешіріңіздер»», – деді Абиба жылап тұрып.

Ерсін БАЛТАБЕКҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: