Ақжаулықты ана, ақ кимешекті әже… Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, қандай жарасымды. Бала күнімде орамалдың қасиеті туралы әжемнен жиі еститінмін. Егер әйел адам орамал тартса, иманының күшейгенін байқатады» деуші еді марқұм әжем. Ол кісінің өзі түнде ұйықтаса да, басынан тастаған емес. Себебі оның да өз құпиясы бар.
Майлықты басына жаба салды…
Бірде танысымыздың үйі құдайы берді. Жан-жақтан ағайын-туысы келді. Дастархан басында отырған қыз-келіншектердің біразы жалаңбас екенін көзіміз шалды. Бір кезде Құран оқылатын болды. Әдетте ондай кезде орамалсыз отыруға болмайтынын жақсы білеміз. Содан жалаңбас келгендерге орамал тарту керектігі сол кезде естеріне түссе керек, жалма-жан орамал сұрата бастады. Одан бірі дастархандағы майлықты, енді бірі сүлгіні басына жаба салды. Құран оқылып болғаннан кейін молда кісі оларға орамалдың қаншалықты қасиетті екенін байыппен жеткізді.
Қазір жасы үлкен әйелдердің көбі жалаңбас жүр. Бұрын үлкендер шашта қасиет бар, ол жуып, күтілмесе, ұзатылған соң көзден жаулық арқылы көлегейленбесе қасиет қайтады деп айтатын.
Әже әңгімесі
Жақында қала тұрғыны, ақжаулықты әжеміз Шырынкүл Аманатқызы орамалдың қасиетіне тоқталған еді.
– Орамал – ана екеніңді, біреудің Құдай қосқан жары екеніңді, ақ-адал ниетпен аттаған шаңырағың бар екенін білдіретін белгі. Басты қасиеті де осында жатса керек. Жалпы қазақта оның қадірін ұқтыратын әдет-ғұрып пен жөн-жоралғы баршылық, – деп ақжаулықты әжеміз әңгімесін жалғастырды. Ырымдардың бірі ретінде араша үшін ортаға орамал тастау ишарасын айтуға болады. Бұл көбіне жесір дауы орын алып, екі рулы елдің арасы бүлінуге шақ қалған кездерде болған. Бұдан бөлек, басқа да келеңсіз жағдайдың кесірінен туындаған ағайын арасындағы тартыс кезінде тіпті бүкіл ел өміріне зардабын тигізетін оқиғалар барысында беделі жоғары, сыйлы аналар бейбіт келісімге, мәмілеге келуге шақыру мақсатында орамалын ортаға лақтырған. Ал ананы сыйлайтын, орамал қасиетін бағалайтын ер азаматтар орамалдан аттап өтуді ар санап, оның киесінен тайсақтап, қара күшке емес, сөзге жүгініп, келісімге келген. Оған қоса қыз баланы келісімсіз алып қашқан кезде де осы ғұрыпты көп аналарымыз пайдаланған. Өзім басымнан орамалымды тастаған емеспін. Қазақ әйелі орамалсыз жүрмесе екен, – деген ойын жеткізді әзиз әже.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!