Сәрсенбі, 16 сәуiр, 05:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№27, 2140
15.04.2025
PDF мұрағаты

Қаһарлы күндер қаһарманы

15.04.2025

221 0

…Сәрсенбай     ақсақал қатарынан 4 баласын бірінен соң бірін қан майданға аттандырғалы көңілі алаң күй кешіп, іштей ыңылдап жүретінді шығарды. Төрт құлыны соғысқа баруға шақыру қағазын алғанда: – Ееее, балаларым, бұл да бір елге келген нәубәтті сынақ шығар.

«Ел басына күн туса, батыр үйде жатпаған,

Елім деген нағыз ер, жау бетін қайырар қаптаған» деп оларға дем беріп, сол қанды қырғынға бірінен соң бірін, ақ батасын беріп аттандырған еді. Сөйтіп, зайыбы Палайымға басу айта: «Елмен бірге көрген ұлы той ғой, бәйбіше» деп қоюшы еді. Десе де, оларды ойласа алай-дүлей күй кешетін. Кім перзентін өлімге қиған дейсіз? Соғыстың аты, соғыс. Адам өлмейтін соғыс болып көрген емес, ешқашанда. Соғыс атының өзі суық сезілмей ме? Бұны да жақсы біледі.

Ескіше сауаты бар Сәрсенбай ақсақал бір ауылдың молдасы атанып, сөзін елге тыңдатып, ауылдың игі-жақсыларымен қатар жүрген кісі болғандығы бар. Кеудесінде сәулесі болғандықтан шығар, балаларына күш-қайрат беріп, қанды қырғынға аттандырғаны. Сөйтіп жүргенде үш баласының соғыста опат болғаны жайлы «қара қағаз» келгенде де ол кісінің ішкі мұңын білдірмегеніне ауылдастары қайран қалысты. Ішінен қайғы мен күйіктің оты шығып тұрса да өзін ұстады. Өйткені діни сауаты болғаны да әсер еткен болар. «Е, Алла мұның не, маған осынша қайғыны арқалатқаның» деп Құдайға ренжісе, «оданда жаман нәубет берем» дегендікті ұғынғандықтан кім білсін? Қан жылап тұрған жүректі қалған үміті кенже ұлы Әбубәкір арқылы басты. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып соның тілеуін тіледі. Жанын шүберекке түйіп оның аман-есен келуін Жаратқаннан жалбарына сұрады.

Есекке мініп Ақарық пен Құмшығанақ арасындағы қалың бидайықты тобықтан қақтырып, қалың ой кеше жүріп, ағайынның есендігін біліп қайтатын. Сондағы тілеуі майданға кеткен ауыл азаматтарының есен-сау елге оралуына дұға етіп, Қожжан қожа баба мазаратына баратын…

Ағалары – Ысқақ, Әлайдар соғысқа аттанысымен Ысмайыл мен Әбубәкір де көпке ұзамай майданға шақырылды. Ел басына бұдан ауыр қандай күн тусын? Қызылорда вокзалында сапырылысқан қара халық. Майданға аттанып бара жатқандардың көбі өзі сияқты өрімдей жас жігіттер. Солардың ішінде Ысмайыл мен Әбубәкір де кетіп барады. Бір ауылдың өзінен 40-50 шақты жігіттер бар. Жұрттың жүзі жабырқаулы. Жылаған да, сықтаған да осы вокзал басында. Әрине, бұл көрініс олардың жүректерін ауыртқаны шындық. Біреулер жалғызын шығарып салып, жер бауырлай жата қалып жылап, талып құлап жатқандар да кездесуде. Бұл соғыстың осылай талайға қасірет әкелгені шындық еді. Бұлар мінген эшалон ыңырси орнынан қозғала үш рет гудок берді. Сол кезде «Қош бол, туған жер!» деп жанарына жас ірке Әбубәкір де қызыл вагоннан сыртқа қарады. Әне-міне дегенше, состав алға ышқына батысқа қарай бет түзеді.

Жолда келе жатып біреуі ауылдағы ата-анасын ойласа, енді бірі артында қалған жары мен бала-шағасын ойлап күрсінгендей. Ал Әбубәкір болса артында қалған әкесі мен анасын ойлап іштей толғап келеді.

Туған жер, әкем-анам, қош болыңдар,

Қаншама майдан кеткен достарым бар.

Жауға аттанып барамыз жеңу үшін,

Жақсылар, шаруаларға бас болыңдар!.. – деп Әбубәкір елге тілегін арнап барады. Бұл ақындық өз нағашысы тарқамас түйінді тілімен шешкен Досбол би жағынан келсе керек. Досбол бидің Балайым атты қарындасынан өрбіген ұрпақ қой. Іштей ауылды ойлап, оның әрбір сары құмының өзі сондай жанға ыстық екендігін тебірене еске алып келеді…

Ақыры бірнеше күн жүріп Қазақстанды артқа тастап Башкирияның Алкино станциясына келіп бір-ақ тоқтайды. Карантинде үш күн болғаннан кейін, сол жерде орналасқан полктерге бөле бастайды. Содан Ысмайыл ағасы екеуі Алкино лагеріндегі №17 атқыштар бригадасына түседі. Осы жерде оны сержанттар дайындайтын батальонға жібереді. Ысмайыл ағасы мұның арқасынан қаға құшақтап, бетінен сүйіп, «қош, амандықта қауышайық» деп көзіне жас ала қала береді. Жүрегі құрғыр бір жамандықты сезгендей Әбубәкірдің тұла бойы шымырлап қоя берді. Бірақ артына қайырылып бұрылатын уақыт жоқ еді. Сөйтіп, ағайынды Сәрсенбаевтардың жолы екіге айырылады. Олар бір-бірін соңғы көруі мен қоштасуы екенін қайдан білсін?!

Содан Әбубәкір сержанттар дайындайтын батальонға кетті. Уфа қаласын орай аққан Белая өзені бойына орналасқан оқу орнына келді. Арада аз ғана уақыт өтісімен, соғыс жағдайы ауырлай түскендіктен сержант атағын беріп, Тоцкий лагеріндегі №11 Одесская бригадасына әкеледі. Онда үш айдай жаңадан әскерге келгендерді ұрыс тактикасына үйретеді. Күн санап соғыс өрті айналаны шарпи түседі. Немістер аяусыз алға жылжып келеді. 1942 жылдың күзінде Дон мен Донец өзендері бойындағы кескілескен ұрысқа түсуге тура келіп, майдан шебіне жетті. Оқтың ысқыра шуылдаған даусын естігенде аза бойы тік тұрады. От пен оқты көргенде бойың еріксіз жинақтала түсетінін байқады. Оқ қандай жылдам болса, одан жылдам қимылдау қажет екенін Әбубәкір сонда білді. Сәл тұрып қалсаң болды, өміріңді оқ қиып түсетінін айтпай-ақ ұғынды. Содан қарамағындағы солдаттарға жауды атпаса, жау оларды ататынын айтып, жігерлендіре түсті. Сержанттық курсты оқып жүргенде көптеген соғысу тәсілін үйреніп шыққанының да пайдасы тигендей.

Өзен бойындағы кескілескен ұрыста талай жауынгерлер қыршыннан қиылып жатты. Ұрысқа түсер алдында бір-бірімен ұлтына қарамай құшақтаса, аман-есен келулеріне сәттілік тілеп шығарып салып жататын. Ең өкініштісі, сол ұрыстан тірі келіп ортаға қосылып жатқандар қатары күн санап азайып барады. Арғы беттегі немістер совет жауынгерлерін өзеннен өткізбеуге барын салуда. Осылай Дон өзені бойындағы ұрыс талайдың өмірін қиды. Әсіресе, бұрын ұрыс шебін көрмеген жастар үшін өте қиынға соқты. Үрей мен қорқыныш олардың бойында барын білген Әбубәкір жауынгерлін өзі алға бастап «Ура, Отан үшін жан пида!» деп айқай салып оқ бойы алда жүрді. Төбеден төнген самолеттер бомбаның астына алғанда тығылар жер қалмайтын. Жердің қара топырағын аспанға көтере түскенде, кімнің қайда қалғанын білмей естен танып қалатын.

Бомбамен төпелеген сәт басылғаннан кейін әр тұстан бас көтерген солдаттар жер астынан тұрып, бір-бірін іздеп тауып жатады. Жараланғандар қаншама. Іші ақтарылып қалып, ішегін өзі жинап салып көмекке шақырып жатқан солдаттар да бар. Бұл оқиға соғыстың шынайы көріністері еді. Қолдан, көзден, аяғынан айырылып жатқандар да шексіз болды. Дон мен Донец өзендерінен тірі өткендер арпалысқан жаумен айқасып жатты. Сәл соғыс тына қалса танкінің гүрілі, артиллерияның құлақ тұндырар гүрсілі, автоматтың тырсылы үздік-үздік әр жерден шығып жатады. Осы Донец өзені мен Запорожец қаласынан жауды қуып өрлеп бара жатқан аралықта Әбубәкір Сәрсенбаев бірнеше рет жарақат алады. Әскери санитаркаға бинтпен оратып алып жауды өкшелей қуып кете баратын. Қарап тұратын да, жараланып қалдым деп бұғып қалатын да уақыты жоқ. Бар арманы ұйықтамай жауды өз жеріне тықсыру еді. Жастық жалын мен жігердің бойында ойнап тұрған шағы. Қолы қалт етіп соғыс сәл басылса қолына қаламын алып, көзбен көргендерін жырмен өре бастайтын. Жыр етіп ауылдағы ата-анасына, ағайындарына шынайы көріністі арқау етіп жазып жіберетін. Жанындағы майдандас достарының ерлігін паш ете жырлайтын. Олардың батырлығын, жаумен бетпе-бет келіп қолмен айқасқанда жерге алып ұрып сабағандарын  терең толғайтын.

Тез біте қалатын соғыстың түрі көрінбейді. Әйтеуір, бар білетіні өз бригадаларының сәл де болса алға жылжып, жаудан селоларды тазартып келеді. Запорожец қаласының маңындағы соғыс 1 айға жуықтап қалды. Алла қалап сәтін салса, қала аймағы жаудан тазартылмақ. «Енді жау бұл жерді бермеу үшін нағыз жан алысып, жан беріскен ұрыс жүргізбек» деп бөлімшені аралаған командир генерал-майор Абсалямовтың өзі ескертіп кеткен-ді. Түнімен «бұл қалай болар екен» деген сержант Әбубәкір Сәрсенбаев жауынгерлерін «бір қарыс артқа шегінбейміз» деп қайраумен болды. Міне, ертеңіне аспан қара бұлтқа орана таң атты. Әзірге жау жақ тым-тырыс. Ел көшіп кеткендей. Мұның ақыры ауыр соғыс болатынын сезінгендей қаруластардың бәрі демін ішіне тартып тұр. Айнала толық жарыққа енген шақта аспан гүрілге толып, самолеттер қаптап келеді. Алдындағы истрибительдер барынша жылдамдықпен жүріп жауындата оқ бората өтті. Самолеттер бомбаларын тастаған күйі қайтып соқпады. Лезде жердің астаң-кестеңі шықты. Ол аздай жерде қаптаған танкілер келеді. Артында неміс жауынгерлері. Бұл жерден аман қалу мүмкін еместей. Тек алға ұмтылып жаумен айқаса түсуден басқа жол жоқтай.

Осы кезде көз алдына ауылдағы ата-анасы елестеген Әбубәкір барынша қайраттана «Отан үшін, Сталин үшін, Ел үшін алға!» деп жауынгерлерін көтере арыстанша жауға атылды. Қай тұсқа, қай жерге жеткенін өзі де білмейді, сол аяғын оқ кесіп өтіп, естен тана құлап бара жатқанын бір-ақ білді. «Алға» деп айқайлайын десе, үні шықпайды. Ар жағы есінде жоқ…

Арада қанша күндер өткенін кім білсін, әйтеуір есін жиып айналаға қараса басы таңулы, сөйлейін десе аузы ашылмайды. Дереу денесін сипаласа, сол аяғы жуан саннан жоқ. Ал оң жақ көкірегі таңулы. Қолтық астынан тиген оқ өкпесін қоса тесіп өткенін байқады. Ойлап қараса, сау-тамтығы қалмағандай. Дененің бәріне снярад шашырандылары тиген. Медсестра тамақты аузына түтік арқылы беретінін білді. Сөйтсе, алдыңғы иекті оқ жұлып алыпты. Иекпен қоса тоғыз тісі кеткен. Дәрігер келіп арқасынан қағып, басу айтып, күндер өте келе бәрі жақсы болатынын жеткізді. Сөйтіп, жалын атқан 21 жасында сол аяқтан айырылып, мүгедек болғанына жаны ауырды. Қайғырып жапа шекті. Алайда күн өте келе тірі қалғанына шүкіршілік етті. Елдегі әке-шешесін ойлап, сағына ауыр күрсінді. Туған жері мен ауылын ойлады… Опасыз соғыс болмағанда ел қатарлы білім алып, ел жүгін көтерер еді. Өзі қолынан құрған колхоздың табысын молайтып, ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігін түзер еді. «Енді қолына балдақ ұстаған адам кімге керек дейсің» деп іштей күйінгені де, қапалы күй кешкені де шындық еді. Бірақ ағаларының соғыста опат болғанынан бейхабар болатын.

Оның олай ойлауының басты себебі, бір аяғының жоқтығы еді. «Мүгедек жан кімге керек» деген ой жанын жегідей жеп барады. Дегенмен ақылды азамат қой. Ақыры, бір байламға келіп, ауылға барып ел қатарлы өмір сүруді алдына мақсат етіп қойды. «Қой, сабыр көңілім, сабыр! Қаһарлы жаудан қаймықпаған жүрегім, «енді бір аяқтан айырылдым екен деп» қалай морт сынбақсың» деп ол өзін осылай өмір сүруге қайрады. Сонымен, әскери госпитальда 8 ай жатып емделді. Сол жерде аяғына ағаш протез, иегіне протез орнатып елге қайтты. Сөйтіп, жанына қос балдақты серік еткен ол Қызылорда станциясына жетті.

Бұл 1944 жылдың 27 шілдесі болатын. Туған елге табаны тигеніне шексіз қуанса, екінші жағынан ағаларының майданда опат болғанын естіп іші қан жылады. Өзін қайрай түсіп, әке-шешесіне сүйеу болуды мақсат етті. Елге келген майдангер Әбубәкір Сәрсенбаев өзінің бұрынғы іргесін қаласқан Ақарық колхозының кеңсесіне келіп счетовод қызметіне орналасады. Содан 1945 жылдың мамыр айында партия мүшелігіне кандидаттыққа өтеді. Арада екі жыл өтісімен КПСС қатарына қабылданды. Сөйтіп, облыстық ауылшаруашылық басқармасы жанынан ашылған 6 айлық бухгалтерлік курсты 1948 жылы бітіреді. Ақарық колхозына бас есепші болады. Көп ұзамай Құмшығанақ колхозына бас есепші етіп жібереді. Ол кезде бас есепші ауданның бұйрығымен тағайындалатын. Содан 1950 жылы ұсақ-түйек Қызылту, Ақарық, Айдарлы, Құмшығанақ колхоздары таратылып, Аманкелді колхозына біріктіріп, ірілендіріледі.

Содан Аманкелді колхозының бас есепшісі қызметін атқарады. Ленин колхозы мен Аманкелді колхозы таратылып Аманкелді совхозы  болып қайта құрылып, алтын сұр елтірісін өңдейтін, өндіретін шаруашылыққа айналады. 1974 жылы Айдарлы өз алдына совхоз болып құрып, майдангер Әбубәкір Сәрсенбаев өз туған жеріне барып қызмет жасауды ұйғарады. Сөйтіп, жаңа шаруашылықтың іргесін көтерген жандардың бірі ретінде ел есінде қалды. Шаруашылықтың есеп-қисабын жолға қойып, мұң-мұқтажын түгендеуде Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде жоғарыға сөзін өткізіп, өз мүмкіндігін ел жолына пайдаланып, жоғын түгендеп, жүкті жұмыла көтеруге күш салды. 

1-ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденінің иегері. «Ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен мара­патталған. Ұлы Жеңістің 40, 50, 60 жылдық медальдарын алған. 1952 жылы «Ауылшаруашылық саласының шебері»  төсбелгісінің иегері атанған. Осылай қаһарлы күндердің қаһарманы елге келіп, еңбек етіп, ауылдың өркендеуіне, дамуына өз үлесін қоса білді. Біз бұл кісінің ақындығына тоқтала алмадық. Оны бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес еді. Ол жайлы сәті келгенде жазамыз. Әбубәкір мен Күнімхан ана 5 ұл мен 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Бұлардың барлығыда жоғары білімді, отбасылы. Бәрі де басшылық қызметтер атқарып, алды зейнеткер атанып үлгірді. Немере, шөберелері де егемен елдің даму жолында еңбек етуде. 

Бүгінде Әбубәкір Сәрсенбаевтың шаруашылықтың дамуына жасаған адал қызметі ел арасында әлі күнге дейін айтылып келеді. Қос балдақпен жүрсе де шаруашылық үшін төккен тері мен еңбегі өлшеусіз екендігін ауылдастары жақсы біледі. Сондықтан Айдарлы ауылының тұрғындары алдағы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Сырдария ауданы орталығынан марқұм, майдангер Әбубәкір Сәрсенбаевтың атына  көше беруді ел ағаларынан сұрайды. Осындай елеусіз қалып жатқан майдангерлеріміз қаншама? Біз де бүгінгі ел азаматтары соғыс сарбаздарын ұмытпаса екен дейміз! Олар қандай құрметке болса да лайық жандар десек, артық айтпағанымыз болар.

Кенжалы Ерімбетов,

ҚР Ақпарат саласының үздігі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: