Осы аптада қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХV сессиясы өтті. Оған мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Мұса Әбдіқалықов төрағалық етті. Жиында алдағы міндеттер, бас шаһардың перспективалық даму жоспары талқыланды. Сессияға шаһар әкімі Серік Қожаниязов, қала әкімінің орынбасарлары, қалалық полиция және төтенше жағдайлар басқармасының басшылары, қалалық дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, кент және ауылдық округтердің әкімдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Яғни «2024-2026 жылдарға арналған Қызылорда қаласының бюджетін бекіту туралы», «Қалалық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмысшыларының лауазымдық жалақыларына қалалық бюджет қаражаты есебінен ынталандыру үстемақыларын белгілеу туралы», «Қызылорда қаласы әкімдігінің дербес құрамын келісу туралы», «Қызылорда қалалық жер комиссиясының құрамын бекіту туралы» мәселелері шығарылып, аталған мәселелер бойынша қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова, қала әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Тұрмағамбет, қалалық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Пахуадин Шамұратов баяндама жасады.
Биыл қала қаржысы қаншаға артқаны жөнінде бөлім басшысы Гүлнар Баймаханова баяндады.
– Қала әкімдігінің 2024 жылғы 8 ақпандағы №126 қаулысымен қала бюджетінің кірісі облыстық бюджеттен бөлінген 5875387,9 теңге ағымдағы және даму нысаналы трансферттері есебінен көбейтілгені ескерілді.
Сондай-ақ 2023 жылы республикалық және облыстық бюджеттен бөлініп, 2023 жылдың 1 қаңтарына пайдаланылмаған 492071,4 теңгенің облыстық бюджетке қайтарылғаны және қала кент және ауылдық округтерге қалалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттердің жыл ішінде пайдаланылмаған қаржысын қалалық бюджетке қайтару сомасы ескерілді, – деп атап өтті бөлім басшысы.
Бекітілген бюджет жобасына сәйкес, облыстық және қалалық бюджет көздерінен тұрғын үйлердің балалар ойын алаңдарын күрделі жөндеу, көппәтерлі тұрғын үйлерді абаттандыру, 4 көппәтерлі тұрғын үйдің ауласын күрделі жөндеу, әлеуметтік осал топтар үшін коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй сатып алуға, жаяу жүргіншілер жолдарын салу, Қожа Ахмет Яссауи көшесі бойын көгалдандыру және абаттандыру, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыру, Ауғанстан жерінен Кеңес әскерінің шығарылуына 35 жыл толуына орай әскери қызметшілерге бір реттік әлеуметтік төлем төлеуге бағытталған. Оған қоса «Инватакси» қызметін одан әрі нығайту, қалада салынып жатқан жайлы мектептер аумағының инженерлік-инфрақұрылымын жайғастыру, қала аумағында салынуы жоспарланған күшейткіш сорғы станцияларын жаңғырту және құрылысын салу, «Жасыл Қызылорда» мекемесінің материалдық-техникалық базасын нығайту, Қызылорда қаласында кварталішілік газ құбырларының желісін салу және басқа да маңызды жобаларға қаржы жұмсалады деп жоспарлануда.
Қызылорда жаңа кейіпке енеді
Алдағы күндері облыс орталығының тарихи келбетін жаңашылдыққа бейімдеу, жаңа стильге бағыттау қолға алынады. Бұл жөнінде қала әкімі Серік Қожаниязов қаланы дамыту жоспарларын айтты.
– Мемлекет басшысының қолдауымен алдағы үш жыл ішінде кезең-кезеңімен тұрғын үйге ыстық су берілетін болады. Жалпы қалада 802 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 184-іне орталықтан ыстық су жеткізу мүмкіншілігі жоқ. Бұл мәселені Мемлекет басшысының алдында көтеріп, күрделі жұмыстарды үйлестірудегі облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының еңбегін ерекше атап өтуіміз керек, – деді қала басшысы.
Орталықтандырылған ыстық сумен қамтуды қолға алса, көпқабатты үйлердің өжірелері тазарып, кәріз, ауызсу және жылу жүйелері толығымен жаңартылады. Бұл тұрғындар үшін өте тиімді болмақ.
Жаңадан құрылған «Жасыл Қызылорда» мекемесі қалаға аяқсумен қамтамасыз ету, көгалдандыру жұмыстарына дайындықты бастап кетті. Мекеме қызметкерлері Алматыдан арнайы келген мамандармен тал отырғызу, көшеттеу, дендропарктер, тұқым бақтарын ашу бойынша шараларды нақтылауда.
Қалада апатты деп танылған көпқабатты 51 үй бар. Алдағы меже – жыл сайын берілетін пәтерлер санын көбейту арқылы осы мәселені түбегейлі шешу, тұрғындарды жаңа баспанамен қамту. Биылғы жылдың өзінде Тасбөгет кентінен 130 пәтерлік тұрғын үй салу көзделуде. Жалпы аймақтың бас шаһары қарқынды құрылыс алаңына айналуда. Облыс әкімінің қолдауымен көптеген тұрғын үй, әлеуметтік нысан салынып, көшелер кеңеюде. Бастамалардың барлығы халық игілігіне бағытталуда.
– Қаланың кіре беріс жолдарын реттеу бойынша да ауқымды істер атқарылады. Мысалы, бұрынғы «ЦКЗ» ғимаратының қаңқасы бұзылады. Теміржол вокзалы былтыр жөндеуден өтті. Енді Е.Әуелбеков көшесінен «Тағзым» алаңына дейінгі аралық жаңғыртудан өтеді. Әуежайдан қалаға дейінгі жол да жаңғыртудан өтіп, кеңейтіліп, велосипед жолағы, жаяу жүргіншілер жолы салынады, – деді шаһар басшысы. Одан бөлек, халық көп шоғырланатын базар айналасын ретке келтіру керектігін де сөз етті.
Сессия соңында
Жұмыс жоспарымен бөліскен қала әкімі депутаттарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ қаланы көркейтуге кәсіпкерлерді де тарту қажеттігін айтты. Ал халық қалаулылары халықтың қолайлы ортада өмір сүруіне бағытталған ілкімді істерге қолдау білдіретінін жеткізді.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!